Меню сайта
Форма входа
Поиск

КИІЗ ҮЙ АТАУЛАРЫ

1.   Абылайша – керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй.
2.   Ақ шаңқан үй – сүттей ақ, аппақ киіз үй.
3.   Ақтағыр – екі қанатты, екі үзікпен жабылатын шағын киіз үй.
4.   Жаппа – керегесіз, киізбен жабылған баспана.
5.   Жолым үй – уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ үй.
6.   Қара құрым үй – киізінің тозығы жеткен, ескі үй.
7.   Қара үй – киіз үйді кейбір жерде қара үй деп атайды.
8.   Қараша үй – қоңыр түсті, жыртық, тесік, ескі үй.
9.   Орда – еңселі, салтанатты киіз үй.
10. Отау – ұлға енші беріп, бөлек шығарған киіз үй.
11. Төңқайма – бірнеше уықпен ғана көтерген киіз үй.
12. Ұраңқай – уық тәрізді сидам ағаштардан басын түйістіріп тігілген киіз үй.


Орда – салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар басын қосатын, елдік мәселе шешетін немесе аса құрметті хан, би, сұлтандар отыратын үй.

1.  Алтын орда – 30 қанаттан (керегеден) тұратын хамәжіліс ордасы.
2.  Алтын үзік – 24 қанаттан тұратын аса лауазымды хан отбасы тұратын үй.

3.  Ақ шаңырақ – 18 қанат ақ орда, 12 қанат – ел басылар, бай, билер тұратын киіз үйлер.
4.  Ақ ала орда – 8 қанатты дәулетті бай үйі.
5.  Ақ үй – 6 қанатты дәулетті адамдар үйі.
6.  Боз үй, қоңыр үй – 4-5 қанатты орташа үй.
7.  Қараша үй – кедей үйі.
8.  Отау – жас жұбайлар үйі.
9.  Жолым үй, абылайша, жаппа – уақытша ғана отыратын шағын немесе жартылай тігілетін үйлер.
10. Күрке, қос – ауылдас ас сақтайтын, далада малшылар тұратын немесе кедейлер үйі.

Киіз үй, негізінен, кереге, уық, шаңырақ, есіктен тұрады.
Кереге – киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Кереге қанаттардан тұрады. Қанат сағанақтан тұрады. Керегенің екі түрі болады: желкөз, торкөз. Желкөз қатты желге төзімді, торкөз жаңбырлы күндері су жібермейді. Желкөздің торы үлкен, ағаштары жеңіл, ал торкөздің торы кішкене, ағаштарының сүйектері ауырлау болады. Керегенің сағанақтары қиғаш орналасады. Бір қанатта 20 сағанақ болады. Сағанақтарды бір-біріне қиғаштап қайыспен байлайды. Қайыс түйе, жылқы терісінен жасалады.
Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны уықтың діні дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау деп атайды.
Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Шаңырақтың шеңбері 3-5 метр шамасында болады. Оны көбіне тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиюластырады, қоспаларын жылтырауық металдан құрсаулайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді, оған уық сұғатын төрт қырлы көз теседі. Тоғынның үстінен түндікті көтеріп тұру үшін айқастыра бекітілген ағаштарды қояды, оны күлдіреуіш деп атайды. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түседі.
Есік (сықырлауық) – кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп-шығатын есік сықырлауық деп аталады. Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттен тұрады. Есіктің жарма беті нәзік өрнекпен безендірілген.
Керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жер туырлық деп аталады.

Шаңырақты жауып тұратын киізді түндік дейді.
Киіз есік – есіктің сырты киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады. Есікті киіз жауып тұрады. Шиыршықтап түріп қоюға ыңғайлы.
Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұстарту, сыртқы әбзелдерін бастырып тұру мақсатында бау-құралдары қолданады.
Таңғыш – екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр деп атайды.
Белдеу – туырлықтың керегеге тығыз жатуы және оны жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан.
Шалма – уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр.
Басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін әрі туырлықтың кереге басына үйкелмеуі үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып таңатын өрнекті жалпақ құр.
Туырлық бау – туырлықты ұстап тұратын әрі әсемдік үшін түр салынған жалпақ құр.
Үзік бау – үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден тағылған, уықтың үстінен айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау.
Бақан – бір ұшын (жоғары) екі аша етіп жасаған ұзын сырық. Бақанды майыспайтын, мықты, түзу ағаштан жасайды. Ол киіз үйді тіккен кезде шаңырақты көтеріп тұруға арналған.
Ши – кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылады. Шилер туырлықты кереге көгінің жыртуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі.
Шиді алуан түске боялған қой жүнін шиге орау арқылы жасайды.


Киіз үйдің маңызды көрсеткіштерінің бірі ішкі көрінісі. Ішкі жиһаздары киіз үй күмбезінің иінішіне киіз астынан берілетін, иірілген жіптен тоқылатын кілем, басқұрдан, кереге мен уықтың қиысатын тұсында тұтылатын терме басқұрдан , сәндікке ілетін шаңырақ бау, уықбау, желбау салпыншақтарынан, шаңырақ қоршау, туырлық, үздік жолақтарынан, тіптен керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шеден және т.б. тұрады. 

Киіз үйдің ішінде, ағаштан жасалған бұйымдар: тесағаш , ыдыс жинайтын - асадал , азық-түлік сақтауға арналған - кебеже , киім кешекке арналған - сандық , сондай-ақ ет жейтін астау, табақ, тостаған, шара, ожау және т.б. болды. Ал, теріден жасалған ыдыстар қатарында, түскиіз, торсық, саба, жағлан және т.б. кездесті.

Темір ұсталары киіз үйге қажет бұйымдардан, атап айтқанда қазанға арналған мосы, шәйнек пен шәугімді мыстан дайындады. Ал қолөнер шеберлері түскиіз, көрпе-төсек жапқыш, шымылдық, жастық дайындаса, тоқымашылар түрлі төсеніштер тоқыды.

Бір көзбен қарағанда киіз үйдің іші ешқандай бөлікке бөлінбейтін көрінгенмен, ондағы барлық заттардың өз орны бар. Ғасырлар бойы қалыптасқан киіз үйдің ішкі көрінісі бүгінгі күнге дейін еш өзгеріссіз жетті. Біздің ата-бабаларымыздың киіз үйдегі тұрмысы жайлы этнографиялық материалдар мен өткен замандағы авторлар мәліметтерінен білуге болады.
Киіз үйдің ортасында қазақтар үшін қасиетті орын-ошақ орналасады. Киіз үйдің еденіне киіз немесе кілем төселеді. Жетісу қазақтарында ошақтың айналасына төселетін киіз - "откиіз" - деп аталады екен.

Кіре беріске қарама-қарсы орын "төр" - деп аталады. Төрге ең сыйлы қонақ немесе жасы үлкен адам отырады. Төрдің артын алып үстіне көрпе-төсек жиналған жүкаяқ орналасады. үйге қонақ келгенде төрге ең жақсы көрпелер мен жастықтар төселеді. Кіре беріс босағаның екі жағының екі түрлі шаруашылық маңызы бар. Оң жақта азық-түлік (ет салынған - кебеже, қымыз құйылған - саба), ас үйлік ыдыс-аяқтар орналасса, сол жақта аттың әбзелдері мен ер-тұрман орналасты. Оң жақ босағадан жоғарырақ үй иелері демалатын арнайы шымылдық ұсталған төсек ағаш қойылатын. Ал сол жақ босағадан жоғарырақ жерде отбасының жас мүшелері орналасты. Бұдан көретініміз киіз үйге қойылатын жиһаздар керегенің бойын ала орналасатын болған.

Қазақ жерінде болған жат жерлік авторлардың пайымдауынша қазақтар ою-өрнек әлемінде өмір сүрген. Кез-келген зат, оның көлеміне қарамастан, шәйнек қаптан текемет, кілемге дейін ою-өрнекпен әрленетін.     Бояуларының қанықтылығы, заттың жасалу техникасы - қазақтың қолданбалы қолөнерінің негізгі ерекшеліктері болып табылады. Сондай-ақ, ою өрнекпен аяқ қап, жастық, төсек қап, абдыра жапқыш, кесе қаптар да әрленді. Өрнекті салуда түрлі технологиялар: сыру, құрау, кестелеу, бастыру қолданылды. Текеметтер мен сырмақтар киіз үйдің еденіне төселсе, қоржындар керегеге ілінді.

Киіз үйдің ішкі жасауында тоқыма бұйымдар ерекше орын алады. Кереге мен уықтың қиысатын тұсына ені 30-50 см-лік термебасқұр тартылады. Одан бөлек, қанаттардың аралығын байланыстыратын таңғыш, уыққа байланатын жүннен тоқылған уықбау, сәндікке ілінетін шаңырақбау, желбау салпыншақтары, туырлық, үзік жолақтары - қолдан тоқылған бұйымдар болып табылады.

Алайда тоқыма бұйымдары арасында тықыр және түкті кілемдер, алаша, қоржындар ерекше орын алады. Әсіресе көшпелі тұрмыста қоржындардың орны ерекше болды. Олар азық-түлік, түрлі бұйымдар салуға ыңғайлы болды. Орта ғасырларда бабаларымыз қыпшақтар Кавказға, атап айтқанда Грузияға қоржынды алып барды. Бүгінде грузиндердің ұлттық тұрмысында "хуржун" деген атпен белгілі. Алаша киіз үйдің еденінде, киіздің үстіне төселсе, кілемдер киіз үйдің төріне жайылды. Алаша мен кілемді керегелерге айналдыра да ілетін болған. Ал, ұсталынбайтын кілемдер арнайы жасалған түктерде сақталынған.

Қазақтың дәстүрлі өнерінің көне нұсқаларының бірі - түскиіз, төсек жапқыш .Түскиіз екі түрлі барқыттан, мәуіті немесе шұғадан ойылған өрнектерді шеті әдіптелген, биіктігімен салыстырғанда ені созылыңқы етіп пішілетін ақ киіздің шаршысына жапсырып, айналасын сетінемейтін етіп көктейтін төсем. Түскиіз де әдемілік үшін киіз үйдің керегесін айналдыра ілінеді.

Киіз үйдің ішіне қойылатын ағаштан жасалған жиһаздардың қатарында сандықты ерекше атап өтуге болады. Қазақстанның әр түрлі өңірлерінде оны кейде "кебеже" немесе "әбдіре" деп те атайды. Сандықтар арнайы жүк аяқтың үстіне орналасатын болған. Сандықта түрлі заттар сақталынды. Сол себепті, олар көбіне төрдің артын ала орналасатын. Ал, киіз үйдің шаруашылық бөлігінде ыдыс-аяқ қоятын-асадалжатаған орындық, айран пісетін күбі, ет жейтін ағаш астау, қымыз ішуге қажетті тостағандар қойылды. Ағаш жиһаздардың қатарында төсек ағаш (төс ағаш), сондай-ақ қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраны ерекше атап өткен жөн. Ағаштан жасалған ерлер мен аттың әбзелдерін дайындау да аса жоғары шеберлікті қажет етті. Керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шиге түсірілген ою-өрнек киіз үйге ерекше әр беріп тұрды. Мұндай ши орамалар есіктің сыртынан ұсталынатын киізге де қосымша ілінетін.

 

Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Архив записей
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0