Меню сайта
Форма входа
Поиск

Ақеділ Тойшанұлы. Тәңір

 

Тәңір- түрік-моңғол халықтарының аспандағы құдайының аты. Бұл ұғым хунну дәуірінде әлдеқашан орнығып (шамамен б.з.б ІІІ ғасырдан ертерек), содан кейінгі көшпелі империялардың рухани идеологиясына өзек болып, сан ғасырлар бойы үзілмей жалғастық тапқаны байқалады. Хуннулар билеушісін «Тәңір текті Шаньюй» (Мао-тун), «Аспан мен жерден жаралған, ай мен күннен нәр алған ұлы Шаньюй» (Лаошан) деп ұлықтайтыны қытай деректерінде белгіленген. Сонымен бірге олар елбасшысы Түменді «танг-ли кү-тү» (cheng-li kutu), яғни Тәңірқұты деген мәртебелі атақпен құрметтегені туралы жазба дерек бар.

Тәңір деген атауды туысқан алтайлықтар тенгри, тенгери, шорлар тегри, хакастар тигир, тер, тувалар дээр, чуваштар тура, сахалар тангара, моңғолдар тэнгэр, буряттар тэнгэри, тэнгри, қалмақтар тэнгер деп ұқсас қалыпта атаған.

Тәңірге қытайдың тянь (аспан), шумердің дингир ұғымдары параллель сипатта. Алайда ғалымдар тянь ұғымы қытайдың чжоу тайпасына солтүстік, солтүстік- батыстағы көршісі хуннулардың рухани ықпалының нәтижесінде алғаш рет орнығып, бұл әулет қытай билігіне келгенде шамамен б.з.б ІІ ғасырдан бастап Шань-Инь ұлысында Тәңірге табыну рәсімі бұрынғы Шань-ди культімен қосарланып тарала бастағанын дәлелді деректермен анықтаған.

Ежелгі түркi-моңғолдар аспанды көк деп атаған, ал қазақтағы аспан деген атау парсының асман деген сөзінен шыққан. Қазақтар күні бүгінге дейін ешқандай шүбәсіз Тәңір деген сөзді аспандағы құдай деп санайды, көкті оның мекен-тұрағы деп елестетеді. Қазіргі моңғолдар, сонымен бірге алтай, хакас, тувалықтар аспанды да, көктегі Құдайды да тәңір (тэнгэр, көк тенгр, тегир, тигир, тээр) деп ортақ сөзбен атаған. Осыдан болар  шетелдік көптеген ғалымдар ежелгі түркi-моңғолдың Тәңір деген құдайының атын ғылыми әдебиетте кейде «Аспан», кейде «Тәңір-аспан» (Бог-небо) деп жаңсақ аударып келді, содан болар көшпелі халықтар аспанға табынушылар (Небо поклонник) деген қате тұжырым жасалды. Шын мәнісінде түрік-моңғолдар Тәңірді құдай (deus, god) деп ұққан, ал оның мекен-тұрағы жоғары әлем болғандықтан көкке табыну рәсімі қабат синкретті қалыптасқан. Жалпы, әлемдегі көптеген халықтар көк аспанды Тәңір-әке, төмендегі кеңістікті Жер-ана деп қадірлейтіні универсал түсінік деуге болады. «Үсте көк Тәңір жаралғанда, астыда  қара жер жаралған. Екеуінің арасында кісі ұғылы жаралған» деп басталатын көне түрік жазуында көшпелілердің космогониялық түсінігі таңбаланған. Демек, жоғарғы жаратушы Тәңір, ол басқаларға әмірші, ал адамның асыл нәсілі Тәңір мен Жер-ананың ұрпағы болғандықтан киелі мәнге ие. Сонымен бірге Тәңірдің ғажайып көрінісі - аспан денелері Ай мен Күн де ардақталады.

Түркі-моңғолдардың байырғы ұғымында адам баласын жаратушы, оның ғұмыр жасын белгілеуші, күнаһарларды жазалаушы, әділеттіні қолдаушы, бүкіл ғаламға тәртіп орнатушы, мемлекет пен оның ханын заңдастырушы Тәңірдің өзі болып табылады. Көшпелі империялардың идеологиялық негізіне «Көкте - Тәңір, жерде - хан ие» деген пәлсапалық түсінік тірек болғаны белгілі. Яғни қаған Тәңірден жаралған, ал оның билігі Жаратқанның үкімі деп мемлекетке қасиетті мағына беріледі. Мысалы, «Тәңірі текті Тәңірі жаратқан Біліге қаған сөзім...» , «анам қатынды көтерген Тәңірі, ел берген Тәңірі, Түркi  халқының атақ-даңқы өшпесін деп мені сол Тәңірі қаған отырғызды» деген сөздер Біліге қаған бітігінде бар.

1240 жылы Моңғол императоры Күйіктің ордасында арнайы сапармен болған Христос діндары Плано Карпини көшпенділердің діни наным-сенімі туралы «Олар тек қана бір құдайға (латынша deus), яғни Тәңірге ғана сыйынады, оны көзге көрінетін және көрінбейтін дүниенің барлығын жаратушы, бақыт пен бейнеттің себепшісі, түпкі иесі деп ұғады» деп жазады. Сол кезеңде өз дінін насихаттап жүрген тағы бір Христос тақуасы жиһанкез Вильям Рубрукке сұхбаттасқан Мөңке хан Тәңірі туралы «Біз оның (Тәңір) арқасында тірі жүреміз һәм оның бұйрығымен өлеміз, оған ғана шын жүрек-ниетімізді арнаймыз», - деп жауап берген. Түрік жұртына будда дінін таратқысы келген билеушілерге Тоныкөк «...ескі салтта қала берген дұрыс, храм салсақ бағзы дәстүрден жұрдай боламыз, будда, дао ілімінің әсерінен мейірбан, момақан күйге түсіп, жауынгерлік мінезінен айырылған түркілерді Таң империясы оңай-ақ жаулап алады» деп уәж айтып, тойтарыс береді. Демек, көшпелі елдің билеушілер қуатты әлемдік діндердің миссионерлеріне тап келген жағдайда оларға Тәңір сенімінің құндылықтарын қарсы қойып, рухани жеңістерге жетіп отырғаны тарихи жазбаларда нақтылы көрініс тапқан.

Тәңір сенімін ғалымдардың бір тобы дін десе (Л.П.Потапов, М.Мюллер, О.Пүрэв), келесі бір топ зерттеушілер діни наным (Э. Мирча, В.Диосеги) деп тұжырым жасаған. Тіпті Тәңір діни нанымын Тұран халықтарының ортақ діні деп пікір білдірушілер де бар. Осы ерекше құбылыстың түркі-моңғол империяларының рухани идеологиясының тұғырына берік негіз болғанын зерттеген ғалымдар (Жан-Поль Ру, Ш.Бира) оны тэнгэризм деп атауды лайық санайды. Тәңір сенімінің төл бітігі (руна жазуы) болғанымен әлемдік жазуы бар діндердегідей қағазға түскен қатаң каноны мен догмасы болған жоқ. Бас кітабы мен пайғамбары бар әлемдік діндер (будда, иудей, христиан, ислам) географиялық тұрғыдан аса ыстық өлкелерде пайда болған, оларда қасиетті ғибадатханалары мен бұлжытпай орындайтын қатаң қағида, шарттары бар. Ал дала жауынгерлері түрік-моңғолдардың Тәңір сенімі ауа райы қатал, қысы қаһарлы суық өңірде негізі қаланғандықтан көшпелілердің зайырлылық пен еркіндікті қалайтын әскери-демократиялық өмір-тіршілігінің талаптарына жауап беруге тиісті болды. Аңшы-малшы көшпелілер ауа райының қолайсыз қатал сәттеріне үнемі тап болатындықтан олар жаратқанға қол жайып сұранып отырмай, табиғаттың күштеріне қарсы ұжымдасып күресу, әрекет жасап қорғану рухында жан бағады. Сол себептен де Тәңір сенімі адамды жаратушыға формалық тұрғыдан сырттай (белгілі бір мерзімде, белгілі бір мекенде, белгілі бір қағидамен) табыну емес, ішкі мәніне үнемі бойлау жүйесінде тәрбиелеуге шақырады. Әмбесінде Тәңір сенімінде осы нанымды ұйыстыратын жетекші жеке адам - пайғамбар жоқ, оны қалыптастырған көшпелілердің сан ғасырлық руханияты мен тәжірибесі, ал қаған мен бақсы дәнекерші тип қана.

Белгілі дінтанушы ғалым Э.Мирча көшпелі империялар ыдырағаннан кейін олардың зор Тәңірі де бөлшектеніп, өңірлік сипаттағы табиғат күштерін белгілейтін тәңір-иелерге (божество - рух-иелерге) айналып кеткен деген мағынада пікір білдіреді. Фольклортанушы С.Қасқабасов түркі империясы тұсында Тәңір бейнесі мейлінше дәріптеліп, одан кейін мемлекет әлсіреген жағдайда бұл ұғымның солғын тартқанын атап өтеді. Демек, түркі-моңғол салтында Тәңір мен қаған (мемлекет) қос қанаттай үндес құндылық екенін байқауға болады. Тәңір сенімінің негізгі қағидаларын былайша тұжырымдауға болады:

Тәңір - бір, ол бас жаратушы, жарылқаушы, тағдырды белгілеуші, табиғат пен адамның аман-саулығына кепілдік етуші, күнәһарларды жазалаушы.

Қаған - Тәңірдің баласы, Тәңір жарлығын орындаушы, халықтың имани Һәм ар-намыс бостандығын қорғаушы. Қаған -Тәңір жарылқаған алтын әулеттен, ол - ел-жұрттың құты, киесі.

Ата-бабалар аруағы мәңгілік қасиетке ие, олар ұрпаққа қалдырған аманаты мен өсиетін кез келген уақытта қадағалай алады, аруақ пен адамды ұластырып тұрған - ел мен жердің шежіресі.

Бақсы - Тәңір мен басқадай рух-иелерді адам қауымымен байланыстыратын дәнекерші, ұлық бақсы (ақ қам, бэхи) - орданың сәуегей көріпкелі, жұлдызнамашысы, күнтізбелік салтты атқарушысы, алайда ол шынтуайтында Тәңірге қағандай жақын тұлға емес.

Түрік-моңғолдар Тәңірге табыну рәсімін «Тәңір тайы» деп атаған. Түріктер бұл салтты көктем келгенде, нақтырақ айтқанда маусым айының 5-10 күндері киелі асқар таудың басына шығып немесе Тамыр өзенінің бойына жиналып қой, жылқы сойып ерекше салтанатпен өткізетіні қытай деректерінде жазылған. Тәңір тайы рәсімін қаған басқарған, кейіннен ұлыстың ұлық бақсысы бэхи (ақ қам) өткізетін бұқаралық сипаттағы мейрамға айналған. Бір ескертетін жайт, ақ қам қаған үкімімен тағайындалып, ақ киім киіп, ақ боз атқа мініп, ел аралап, ғұрыптар орындап, бұқаралық Тәңір тайы салтын басқаратын. Ақ қамның киімін қаған белгілеп, ол халықтық мейрамдарды өткізетіндіктен қызметі де азаматтық сипатта еді. Ал, қара қам Тәңір  тайы салтына қатыса бермейтін, ол арнайы бақсылық костюм - «манjакты» киінетін, қатерлі қара магия жасаумен айналысып, қара жердің астындағы әлеммен тілдесіп, үш кеңістікті аралап, күрделі шаманизм салттарын орындайтын. Сол себептенде қара қамды «манжыкты қам» деп те атайтын. Демек, кеңірек мағынада қарағанда, ақ қам -мемлекеттік ресми қызметте, бір сөзбен айтқанда далалық малшы тайпалардың ортасында пайда болған Тәңір сенімінің арнайы өкілі, ал қара қам - негізінен орманды мекендеген аңшы рулардың арасында қалыптасып, дамудың классикалық деңгейіне жеткен делінетін байырғы шаманистік салттың маманы деуге болады.

Тәңірге табыну екі түрде атқарылған: жеке адам тарапынан немесе ұжымдық. Абақандық хакастар 1930 жылдарға дейін «Тигир таг» деген тауға шығып, қасиетті қайыңның қасына жиналып, бұл ырымды қауымдасып өткізгенін белгілі этнограф Л.П.Потапов жазады.

Ел басына күн туғанда қаған, кейде тіпті өз басына медет тілегенде жеке адам Тәңірге табыну рәсімін орындайтын. Мысалы, Шыңғыс хан Бурхан Халдун тауының басына шығып, мойнына кісе белдігін асып, алақанын көкке жайып, мұрағын шешіп, нұрлы күнге қарап, тоғыз рет еңкейіп тағзым етіп, шашу шашып, Тәңірден тілек тілегені «Моңғолдың құпия шежіресінде» белгіленген. Шыңғыс хан тағы бірде «Тәңір ием, құдірет-күшіңмен әлемнің үстінде менен басқа күштіні жоқ еткен өзіңсің, мені үстімнен басып тұрған тымағымнан басқа ештеңе жоқ», - деп мұрағын шешіп, төрге қойып, Тәңірге ықыласпен жалбарынғаны «Алтын шежіре» кітабында таңбаланған. Қазақтың мойнына көген, кісе белдік асып жаратқанға жалбарынып, тілек тілейтіні бұл рәсімге ұқсас.

Орта Азиядағы түркі  халықтары бірқұдайлық ислам дінін қабылдағаннан кейін Тәңір ұғымы синкретті сипатқа ие болып, ислам мәдениетіне бейімделіп, сіңісіп кетті. Халық Тәңірді бір деп ұғатындықтан монотеистік ислам дінін жатсынбады, әрі тез қабылдады дейтін пікір де бар. Бұл жайында ғалым Ш.Уәлиханов «...қазақтарда шамандық салт-сана мұсылмандық наныммен мидай араласып, ортақ - ислам атты дінді құрайды. Қазақтар, әуелде, Мұхаммедті білмей тұрғанда да Алла мен аруаққа бірдей табынып, мұсылман әулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдіретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары - қожаларды да құрмет тұтты. Халық отқа табынып, ал бақсылар болса, жын-перілермен қоса мұсылмандардың періштелерін де шақырып, Алланы да мадақтады. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпағандықтан қазақтар екі сенімді де қосып ұстаған. Екі дінге бірдей табыну - осы күнге дейін келіп жалғасты» деп қорытынды жасайды.

Моңғол мен буряттарға, Алтай-Саянды мекендейтін түріктерге көпқұдайлы будда діні орасан ықпал етуіне байланысты Тәңірдің сан алуан түрлері мен үнді-тибет түсінігімен будандасқан атаулар пайда болады. Мәселен, алдымен буряттар, содан кейін моңғолдар «барлығы 99 Тәңір бар, оның 55-і оңтүстікте, 44-і солтүстікте болады» деген түзім жасады. Шынтуайтында бұл 99 Тәңір емес, тәңір-иелер, яғни бұлардың әрбіреуі белгілі бір табиғат құбылыстары мен жергілікті мекен-өңірдің рух-иелері екені байқалады.

Сонымен, түркі  халықтарының дүниетанымында ежелгі заманда шешуші қызмет атқарған Тәңір, Ұмай, Өтүкен ұғымдары бүгіндері ұрпақтарды бабалар дәуірімен тоғыстыратын мифологиялық сырлы символдарға айналды. Бұл рәміздер мәдениет пен өнерде жаңғырып, көркемдік тәсіл ретінде қолданылып, қайнар бұлақ міндетін атқарып отыр. Мысалы, А.Құнанбайұлы ежелгі Тәңір-әке, Жер-ана жұптық ұғымын әсемдікпен әрлеп, өлеңінде былайша көрікті теңеулерге айналдырады:

Безендірген жер жүзін Тәңірім шебер,

Мейірбандық, дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Ақын Ш.Құдайбердіұлы «Күн - атам, анық Жер - анам» деген өлеңінде байырғы түсініктегі аспан мен жердің некелік қатынасын былайша жаңғыртады:

Жан беріп жарық, жылы нұрдан,

Күн атам жерді буаз қылған...

Жанымыз Күннен келген нұрдан,

Тәніміз топырақ пенен судан.

Күн - атам, анық Жер - анам.

Бірі нұр беріп, бірі - тамақ,

Өсірген күтіп, әлпештеп-ақ.

Ақеділ Тойшанұлы,

филология ғылымдарының кандидаты,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

Фольклортану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

«Дала мен қала» газеті 2011 жылы6 (386);7(387);8 (389)





 

Календарь
«  Март 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
Архив записей
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0