Қазақ халқы адамның өміріне байланысты бірінші мүшелді ананың құрсағындағы мерзімді есептеп 13 деп алған да, қалған өміріне 12 жылды қосып, 25,37,49,61,73,85 т.б жастарды адамның өміріндегі маңызды жылдар деп есептеген.
Адам баласы туғаннан бастап, өсіп-жетілу кезеңінде қатерлі жылдар болатындығын айтып келеді. Оны мүшел жас деп атайды. Алғашқы мүшел 13 жас – бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі. Ол кезде ер балалардың дауыстары өзгеріп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды.
Он үш – кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі. Осындай мүшел есік қаққанда: «О, Құдірет, мені осы мүшелден қатерсіз өткізе гөр!» - деп Аллаға жалбарынатын.
Жиырма бес жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұратын кез. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.
Отыз жеті жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын кез.
Қырық тоғыз жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, «маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы» дейтін кезі.
Алпыс бір жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.
Жетпіс үш жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, «айхай, жас кезім-ай» деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.
Сексен бес жас – бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында «күлсең кәріге күл», бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.
Адамның өмірінде әрқилы жағдайлар болады. Ол: үйлену, балалы болу, отбасының қуанышы және мүшел тойлары. Мұсылман халқы тойдан қашпаған халық. Дегенмен шілдехана мен мүшел жас тойлары – ол адамзаттың ең басты тойлары. Әр адам баласы мүшел жастан өткен сайын садақа беріп, жеті нан үлестіріп келеді.