Меню сайта
Форма входа
Поиск

Әбутәліп О.М.
Қазақстан-Британ университеті
Астана қ., Қазақстан

В работе анализируется этнокультурная семантика наименований явлений природы, рассматриваемая в соответствии с народными представлениями.

The ethnocultural semantics  of nature phenomenon names in correspondence with  the folk conception is considered in the article.

Жазба күнтізбесі болмаса да, жыл он екі айды өзінше зерттеп, зердесіне түйген қазақ он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды атадан балаға мирас қып, сабақтай білген. Жыл басы Наурызды ел асыға күткен. Қиыншылығы көп қыстан малды аман алып, шығамын ба деп, қардың тез кетерін, не кетпесін болжаған. Осы күнгі күнтізбе бойынша 14-наурыз күні қыс бойы аттылы кісіні көтеріп кететін қар бетінде жатқан құмалақ өз салмағымен батса, жаз тез шығады дескен. «Қардың басын қар алар» деген сөз өліраға, яғни 26-28 наурызға келетін сияқты. Ол күндері жапалақтап қар жауып, іле еріп, не жаңбыр сіркірейді. Бұл қарды ел «құсқанаты» деп атаған. Наурызда (14 наурызда) «жаз жұлдызы» туған. 

Ал Отамалыдағы ызғырық қара суық өте жайсыз. Сондықтан «сәуір болмай, тәуір болмайсың» деген сөз қалған. Сәуір туғанда алғаш күн күркірейді, бөлек-бөлек «жаз бұлты» шығады. Онан соң бір-екі күнгі жылымық 17-19 сәуірде болатын жаңбырмен, суықпен ауысады. Отамалының 25-27 күндері «Тобылғы жарғанның» қара суығы өтеді, тобылғы бүршіктейді. Көкек айының 17-25 шамасында өтетін «Құралайды» да қазақ ырым еткен. Құралайдың жаңбырлы болуы егін-шөптің молдығының көрінісі деп те есептеген.

Шілденің аптап ыстығынан кейін саршада туатын Үркер бір-екі күндік жүріп өткен жаңбырмен ауаны шайып өтіп отырған, мұны ел «Үркер толғағы» деп атайды. Ал тамыз айында Сүмбіленің суы жүреді. Сондықтан қазақ «сүмбіленің суы жүріп пе екен» деп сұрасқан. Сүмбіле жаңбыры жүріп өткен жердің кәдесінің түбі көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге тебіндеткен. Сол айдың 17-19 арасында болатын салқын да есепке алынып отырған. Сүмбіле туа су суыса, келесі қазан айында Таразы туып таң суыған. Қазан айының 20-21 шамасында Күн райы салқындай бастайды. Қыркүйектің 3-5 шамасындағы суық «боз қырау» немесе «боқырау самалы» деп те аталған. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25 шамасындағы қардың көрінуін «ұшқын» деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5 шамасында қар түсіп жатып қалады. Осы айдың 17-19 шамасында қай жылы болмасын, жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын, есепшілер күні бұрын ел құлағына салып отырған. «Ақпан ақырып» келеді дейді ел. Осы айдың 5-7 шамасында аяз көтеріліп, 30 градусқа дейін жетеді. Айдың 15-20 шамасында атақты «Текебұрқыл» бораны соғып өтеді. Қаңтар айының 3-5 шамасында кейде қатты аязды не жапалақтап жауған қарлы, жұт жылдары жаңбырлы болып келеді. Жалпы қаңтар – қыстың ең қиын айы. «Күн көзі қыраулы қыс күнінде мәлім жоқ» деген қазақ. Үт айының 3-5 шамасында ең суық күшті аяз болып өтеді. Онан кейін аяздың күші бәсеңдей береді. Үт айының 15-17 шамасында жылымық болып кейде жаңбыр жауып кетеді. Осының ақырып, 20-25 шамасында болып өтетін «Бөрі сырғақ» атты борасынға ұласады. Бұл боранда ит-құс жұпталып, қаншығы жерік болады. Жыл он екі айдың амалдарын мал шаруашылығының тұрмысымен байланыстырған ел келер күннің жауын-шашыны мен бұрқасын боранын көңілге түйіп, есептеп, жұлдызға қарап шамалап отырған.  

Жазы-қысы далалық өмірде тіршілік еткен қазақ халқы өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең меңгергендігі сондай, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, жыл мезгілін ерте болжап, өзінше қам жасаған. Жылдың әр айлары мен тоқсанында болатын ауа райындағы өзгерістер мен құбылыстарды дала халқы әр кез назарына ұстап, оған ат қойып, айдар тағып, баға беріп отырған. Мұндай жайларды үнемі қадағалап болжап және оны күн ілгері хабарлап отыратын жұлдызшылар да болған. Әр жылдың он екі айындағы табиғат құбылыстары халықтық қағидаларға орай қалыптасқан болжамдар мен атаулары әдеттегідей наурыз айынан басталады. Олар төмендегідей аталады: 
Өліара. Екі айдың арасын «өліара» дейді. Осы арқылы айдағы айға болжам жасалады. Өліарада жауын-шашын болса, жаңа келесі айда солай болады дейді халық. Және болжам қатесіз келіп отырған. Е.Жанпейісовтің еңбегінде: «Өлі ара – ескі ай бітіп, жаңа ай басталар аралықта екі-үш күндей ай тумайды, көрінбейді. Осы кезді, міне, өлі ара дейді», – деп түсіндірілген.
Амал. Жыл он екі айда айналып соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен «амал» деп атаған. Яғни жылдың әр мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарының өткінші тосын аз уақытта болып өтетін өзгерістерінің көрінісін және оның бірнеше түрлерін атаған. Ұлттық сандық ұғымда «жеті амал» бар. Олар: 
1. Күннің тоқырауы. 
2. қарашаның қайтуы. 
3. Үркердің батуы. 
4. Мұздың қатуы. 
5. Киіктің матауы. 
6. Қыс тоқсан. 
7. Ай тоғамы. 
Құс қанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары ұшып келе бастайды. Олардың келуімен қар аралас жаңбырмен суық жел тұрады. Мұны ел «құс қанаты» деп атап, амалға жатқызған. 
Аласапыран. Көктемде наурыз айында кейде сәуірде қар күрт еріп, жер лайсаң болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз қолайсыз мерзімді «аласапыран» дейді. 
Бес қонақ. Ескіше Наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауын-шашынды күндер. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған.
Кей жерде сәуір (көкек) айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды. 
Самарқанның көк тасы жібитін күн. Наурыз айының 22-і күні шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Бұл күні шығыста күн жылып, жер жібіп, ашық шуақты мезгілдер басталады. Самарқандағы Ұлықбек обсерваториясына байланысты қағидаға айналған бұл сөз «көктем, жаңа жыл басталады» деген ұғымды білдіреді. 
ОтамалыІшкі бөкейліктер: «Ертеде ақсақалдар «Отамалы – ойылған қыс, сәуір – санды қыс, зауза-саратан, сенен де қорқам», – деп мал баққан қазақты сақтандырған» деп айтатын-ды.  
Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, ескіше он бесінші наурыз Қызыр Ілиястың қамшы сілтер күні деп аталады.
Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл «тобылғы бүршік жарған» яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала құстары балапанын шығара бстайды. Халық тілінде «қызыл жұмыртқа» деп аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
Құралайдың салқыны. Мамыр айының аяғында соғатын суық желді «Құралайдың салқыны» деп атайды. Өйткені осы желге қарсы киік өз құралайларын аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады. (Киіктің тағы бір айта кететін ерекше қасиеті – енелері кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан). 
Құралай – жаңаша санат тізбегі (григориан) бойынша 15-18 заузада (мамырда) кіріп, 25-28-інде яғни он күнде аяқталатын амал. Қатты ұшырма жел салқындық болады. Мезгіл-мезгіл нөсерлетіп, кей жылдары қар аралас жаңбыр жауады. Бұл он күнде киік лағын өргізіп, жаңбырға сауырын тосып, тазарады.
Құралайда Шуан жайылып өліпті деген аңыз бар: «ертеде осы бөкейлікте өмір сүрген Шуан деген бай осы құралай амалы кезінде малын бағып жүріп, боранға ұшып өліпті, ыссылағандай сезініп, үстіндегі киімін бір-бірлеп шешіп тастай беретін көрінеді. Шуан байды да солай шашылған киімінің ізімен тапса керек. Ол жақтағы Шуанша жайылған деген мәтел содан қалған екен...». 
Үркердің батуы. Кейде мұны «үркердің жерге түсуі» дейді. Маусым айының басында үркер мүлде көрінбей кетеді. «Үркердің батуы» деп осыны айтады. Содан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» деген сөз осыдан қалған. Шілденің аптап ыстығынан кейін саршада туатын Үркер бір-екі күндік жүріп өткен жаңбырымен тынысты бір кеңітіп тастап отырған, мұны елҮркер толғағы деп атайды.
Қырық күн шілде. Маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Осы аптапты күндерге орай халық арасында «қырық күн шілде» деп аталатын халықтық күнтізбелік атау пайда болған.
Үркердің толғағы. Осылай аталатын мал-жанға жайлы кезең шілде айының орта кезінде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды. 
Таразының тууы. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болады. Алғашқы күз нысаны біліне бастайды. «Таразы туса – таң суыр» деген мәтел осындайдан шыққан. 
Мизам шуақ. Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады. Жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Осы кездерде күндізгі шуақты күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді мизам шуақ деп атайды. 
Сүмбіленің тууы. «Сүмбіле туса – су суыр» деген халық қағидасы бар. Яғни қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді. Жауын басталады.
Сүмбіленің суы жүрдіТамыз айында Сүмбіленің суы жүрмек, сондықтан да Сүмбіленің суы жүріп пе екен? – деп сұраған қазақ. Сүмбіле  жаңбыры  болып өткен жердің көдесінің түбі көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге тебіндеткен.
Қазанның қара дауылы. Қазан айының ішінде күн суытып, қар аралас жаңбыр болады. Қазанның желі қаққан ащы шөптерді осы амалдан кейін қой, түйе малдары жеп ащылайды. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, «Ескіше үшінші қазанда құмырсқа жер астына кетеді».
Қазанның қағуы. Қазан айында кіші қазан, үлкен қазан аталатын амалдар бар. Бұл екі амалдың да ұзақтығы он күннен арасына екі апта салып, кезектесіп келеді. Қарттарымыз бұл амалдардың кіруі мен шығуын ескі санат (юлиан) күнтізбегі бойынша есептейтін. Кіші қазанда жел тұрып, күн аздап суытып, жаңбыр жауады. Тұщы шөптердің бояуы оңып қурайды. Ал ащылы шөптер: шағыр, сораң, қара жусан, алабота, т.б. піседі, тұшиды. Қазақ бұл құбылысты «шөпті қазанның қағуы» дейді. Жоғарыда аталған ащылы шөптерді «қазан қақпай мал жемейді. Сондықтан да мал өсіретін ел бұл шөптерді «қазан қақпай» шаппайды. Себебі, қазан қақпай шабылған ащылы шөп малдың ішіне тиеді, ас болмайды. Ал үлкен қазанда қар аралас жаңбыр жауады, қатты ұшырма жел болады. Өсімдік атаулы түгелге дерлік қурайды, яғни көктемде бой алып өскен өсімдік атаулы қараотқа, бойында нәрі жоқ өлі шөпке айналады. Байырғы кезді қазақтар үлкен қазан амалы жақындағанда-ақ кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарды өріске жібермей, ауыл маңына ұстайды және олардың ішінен қазан асын соя да бастайды. 
Қарашаның қайтуы. Қараша айында құс оңтүстікке қайта бастайды. Бұл кезде алғашқы қар түседі. Күн суиды. Ноябрьдің жиырма бесі – қыс тоқсанының басы, Үркердің батқан күні болады. Қарақұйрық ұйығады: адал аңның алды (Мәшһүр Жүсіп).
Бозқыраудың амалыҚазан айының 20-21-лері шамасында күн райы салқындай бастайды. Бұл құбылыс «бозқырау» деп те аталған. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25-і шамасындағы қардың көрінуін «ұшқын» деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5-інде қар түсіп, жатып қалады. Осы айдың 17-19-ы шамасында қай жылы болмасын жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын есепшілер күні бұрын ел құлағына салып отырған. 
Қырбастың қызылы. Қазақстанның солтүстігінде қыс ерте басталады. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «қырбастың қызылы» деп атайды. Бұл кездерде қатты аязды суықтар болады. 
Текебұрқылдақ. Желтоқсанның соңғы онкүндігінде қазақ даласында қатты боран соғады. Дәл осы кезде киік текесі маталады, яғни ұрғашы киіктерді қашырады. Және бұл екі-үш күн ішінде аяқталады. Мамыр айының аяғында киіктердің лақтауы 2-3 күннен әріге созылмауы да осыдан. 
Күннің таласуы. Халықтың айтуында «күн бойы көтерді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде ауа райы өзгереді. Қар жауады немесе сырғыма жүреді. 
Қыс шілдесі. Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. «Тіпу десе түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяздар» басталады. Мұны қазақтар қыс шілдесі деп атайды. 
Бөрі сырғақ. Ақпан айының қысы да ақырып келеді. «Ат құлағы көрінбейтін борандар» осы айларда күш салады. Ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көпті көрген көнекөздер бұл амалдың «бөрі сырғақ» деп аталуы да осыдан шыққанын айтып отыратын. 
Ақпан-дақпан. Ақпан-дақпан амалы өткеннен кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз деп те атайды. Яғни күннің көзі шуақталып, ашық күндері түс қайта жіпсіленденіп тұратын жайын суреттегені. 
Бұған қоса табиғат құбылыстары мен ауа райын бақылауда халықтың өзіндік тәжірибелері мен болжамдарынан терминдері мен орнымен айтылған қағидалары да – назар аударарлық іс. Мысалы, жаз айларында айтылатын сөздер мен сөз тіркестері: жаймашуақ, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық. Көктем айларында айтылатын сөздер мен сөз тіркестері: шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз. 
Қыс айларында үскірік, бет қаратпас аяз, «тіпу» десе түкірік жерге түспес суық сөздері айтылады. Қыстың боранды күндері ақ түтек, ат құлағы көрінбейтін боран, сырғыма, жаяу борасын, ақ байтал ала қаншық деп атап, бұрқасын дауылды сәттерді танытады. Күздегі суық «қара суық» жазғытұрғы желді «самал жел», көктемгі жылы желді «алтын күрек», күн шығып тұрған кездегі сіркіреген жауынды «соқыр жаңбыр», жаумайтын бұлтты «қысыр бұлт», наурыз айындағы ұзарған күнді «ұзынсары» деп айтатын халықтың әдемі теңеулері де бар. 
Қазақ есепшісі ақиқат дүниеден, табиғи ортадан әртүрлі ақпарат алады, оны өңдейді, өзінің іс-әрекетінде, қызметінде оны қолданады, дамытады. Байырғы заман есепшісі жер бетіндегі табиғат құбылыстарының алдымен қайталанып отыратын ерекшеліктеріне (циклдік сипатына) ерекше назар аударған: күн суытады, жер бетін қар басады, күн жылиды, қар ериді, көк шығады, жердің оты піседі, шөп басы толады, шөп сарғаяды, жердің оты кетеді, күн суытады, қар түседі. Бұл құбылыс қайталанып отырады. Әр құбылыстың өз мезгілі болады. Кейбір халықтардың байырғы мәдени өмірінде бұл табиғи құбылыстар аспан әлеміндегі «қозғалыстармен байланыстыра қарастырылмады», тек жер бетіндегі өзгерістермен ғана шектелді. Ал байырғы қазақ есепшілері осы қайталама құбылыстарды мезгілге бөліп, оның қайталамалық сипатын аспан денелерінің қозғалысымен байланыстырып отырады. Оларды қатаң табиғаттың өзі осыған итермеледі. Табиғаттағы стандартты емес, тосын жағдайдан шығудың жолын жер бетіндегі циклден (көктем – жаз – күз – қыс) емес, айдың өзгерісі мен жұлдыздардың қозғалысынан іздеді. Сөйтіп, күнтізбе жүйесінің алғышарттарын жасады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жанпейісов Е.М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тілі. – Алматы, 1976. 
2. Мәшһүр Жүсіп. Шығармалары. II том. – Палодар, 2007.
3. Исқақов М. Халық календары. – Алматы, 1980. 
4. Әбішев Х. Аспан сыры. – Алматы, 1980.
5. Уәлиев Н. Халқымыздың байырғы күн қайыруы // Ана тілі. – Алматы, 1992. –№ 11-17. 
6. Аян. Қазақтың күнтізбесі // Ана тілі. – Алматы, 1991. – 3 наурыз.
7. Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі – Алматы, 2006. 
8. Исаева Ж. Қазақ мифологиясындағы тілдік көріністер // Ақиқат. – Алматы, 2006. – №11-12.

 

Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Архив записей
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0