Меню сайта
Форма входа
Поиск

Адамзаттың тіршілігі өмір сүрген ортаға, табиғат болмысы мен құбылысына, төңіректегі жан-жануарлар, жәндік-мақұлықтар мен өсімдік әлеміне тығыз байланысты. Ертеде, ғылым мен техника дамымаған заманда, Құдайдан өзге сенері жоқ халық қарапайым күнкөрісі мен шаруашылығын қоршаған ортаның қилы-қилы жағдайына сәйкестіре қалыптастырып жүргізу мақсатында көп ізденіп, тиісті қаракет жасаған. Шаруа адамына егін егіп, өнімін молайту және төкпей-шашпай мезгілінде жинап алу, малды шығынсыз, жатқа ұшыратпай бағып өсіру, қауіп-қатерсіз сапар шегу, тағы басқа да тіршілік проблемалары жергілікті жердегі ауа райы құбылыстарын алдын-ала болжап білуді қажет етті. Ол үшін, бір жағынан, ауы райының өзгермелігі қалай, не себепті, қандай ізділікте жүретіні зерттелсе, екінші жағынан, ондай өзгеріс болар алдында үй және түз хайуандары, жәндік-мақұлықтар қандай әрекет — құлық танытатынын байқау керек еді. Ғасырлар бойы осы бағытта жүргізілген оңды, кейде сәтсіз бақылау, зерттеу ауа райы құбылыстарын болжаудың халықтық жүйесін жасақтатуға мүмкіндік берді.

Ауа райын алдын ала болжаудың тәжірибеде ақталған халықтық нұсқалары баршылық. Олар әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Әрине, нақтылы тұста кейбір ауытқулар болуы мүмкін. Өйткені, соңғы жылдары республиканың барлық аймақтарында қалыпты экология өзгерді. Әуе кеңістігі ластанды, өзен-көл сулары тартылды, жер асты сулары кермектенуде. Ондаған өсімдік тұқымын жойды. Топырақ эрозиясы біраз жер көлемін шарпыды. Мұның бәрі қай аймақта болса да, ауа райының қалыптасқан табиғи сипатына қолайсыз өзгерістер енгізді. Әйткенмен, талай жылғы өмір дәлелдеген халықтық тәжірибе нұсқалары негізін сақтап қала бермек.

 

Хайуанаттардың қарекет-құлықтарына қарай ауа

райы құбылыстарын болжау

 

ҚОЙ

—     күзде, қыста өріске шығар алдында ойнақшып секіріп, бірін-бірі қуалап сүзіссе, аяз тұрар, мұндай әрекеттері жылы маусымда байқалса, ауа райы бұзылар;

—      қысты күні қорадан ерте өргізерде шықпсай шегіншектеп, маңырап, шулай берсе, ауа райы бұзылады;

—      қысқы жайылымда үйіріліп топтасса немессе сапырылысып ілгері-кейін жүре берсе, үрит-соқ сүзіссе, қорадағы көңді тұяғымен тепкілесе, тістерін жиі-жиі қайраса, кешікпей боран соғады;

—     қыс басында қора қабырғасын жиектеп шашырай жатса, қыс қаһарсыз жұмсақ болар;

—     тұяғымен төсін жиі қасыса, сойғанда қарын түгі қалың болса, қыста қар қалың болар;

—     қыста қораға топырламай, еркін кірсе, таңертең желге қарсы қарап күйсеп жатса, ауа райы тұрақтанып, жақсарады;

—     күзде тау беткейіндегі отар үнемі өрді беттеп жайылса, қозылар енелерінен қалғыштап, отардан бөліне берсе, күздің соңы, қыстың басында сақа қойлар аузына бір-бір тал шөп тістеп өрістен қайтса қыс қатты болар;

—    қозылар қоралы қойдың алдын орап жайылса — қыс қолайлы;

—    жүні қобырап, дымқыл тартса, жиі-жиі пысқырынса, лақ, қозы секендеп ойнақтаса, сақа қойлар құлағын қаққыласа, жаңбыр жауар;

—     сілкініп сүйкеніссе, маңырап шуласа, жауын басылып, күн көзі ашылар.

 

ЖЫЛҚЫ, ТҮЙЕ, СИЫР

—     мизан туған күні түйе бір жағын ықтап, жайсыз жатса — келер қыс қатты; басып құбылаға беріп, төрт аяғын керіп жатса — жайлы;

—      қыста түйе ернін жиі жыбырлатып, жылқы оқыранып, құр жұтынса, көктем ерте туады;

—     жылқы жиі пысқырынса, ауа райы бұзылады;

—     суатқа айдаған Қара мал пысқырынып тебінсе, жанбыр жауады;

—     сиыр танауын тартып, мойнын жиі-жиі былғақтатып мазаланса, дауыл не боран соғады.

 

АЮ

—      үңгірін таудың биігірек жеріне салса, келер көктемде су көп тасиды.

 

ЖАЛПЫ ҚҰСТАР

—     көңілдене сайраса — келер күн ашық;

—     үндері тынса, күн күркірейді;

—      жыл құстары топтанып қайтса — келер қыс қатты;

—     жыл құстары топ-тобымен бір мезгілде оралса, көктем тез кіреді;

—     жер бауырлап ұшса, ауа райы бұзылады;

—      күзде ұясын күн түсетін жаққа салса - қыс суық, көлеңке бетке салса, жылы болмақ;

—     қыста үй төңіректей жиналып қиқуласа, қарды қазса, күн суытады.

 

ЖАҢБЫР ЖАУАДЫ

—    темендеп ұшса, топтанса, ұяларына қонып ықтаса, өзендегі, арықтағы суға түссе, үрейленіп шуласа, жем іздеуге ерте шықса;

—     қиқуын тез тыйса, найзағай ойнайды.

 

ҚАЗ БЕН ҮЙРЕК

—      үстеріне қар шашып шомылса - күннің жылуына не бұрқасынға көрінеді;

—      қыстап қалса — қыс; қолайлы, көктем ерте кірмек;

—      қаз бір аяғын кетеріп ұзақ тұрса не қанатын жиі қаққыласа, аяз тұрмақ;

—      қызыл қаз былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа — жаз құрғақ, жөндеп биіктетсе — жаз жаңбырлы;

—    қаз бен үйрек суға шомылып қиқулап, қанаттарын қомдап мазасызданса, ауа райы бұзылады;

—     үйрек ұясын су жағасына таяу салса — жаз қуаң, судан қашық салса — жаз жауын-шашынды;

—     қыста қаз қаңқылдаса, күн жылынады;

—    аязды күні үйрек қанатымен жиі желпіпсе, аяз сынады,

 

ҚАРЛЫҒАШ

—     келгенде терек бұтақтары жапырақ жаяды;

—    бірде төмендеп, бірде биіктеп ұшса, дауыл соғады;

—     жер бауырлай ұшса, жаңбыр жауады не жел тұрады;

—     биіктей ұшса, ауа райы жақсарады, төмен қалықтаса, бұзылмақ.

 

ТЫРНА

—    қыстаған жақтаң оралуы — күннің жылынғаны;

—     тырауласа, қиқулап тљмен әрі шапшаң ұшса, жауын-шашынды болмақ;

—     дыбыс шығармай тым жоғары ұшса немесе билесе, күн жылынады;

—    үнемі биіктен ұшып төмендесе, ауа райы өзгереді;

—    арқаға беттей ұшса, жылылықты кұт, кері бағытта ұшса, кұн салқындайды;

—    жылы жаққа қайтқаннан кейін үш апта өткенде түнде аяз тұрады;

—     қазан айының басында көрінбесе, қыс бір ай кеш түседі.

 

ШАҒАЛА

—    төмен ұшса, теңіз бұрқанады;

—    су бетінде ұзақ, көбіне қалқып ұшса, ауа райы тынышталады;

—    жағалауда қалықтап, жартастар арасында, құм, таяз, қайраң жерлерде қиқулап ұшса, теңіз дауылы көтеріледі.

 

БАЛШЫҚШЫ

—    балшықтан шығып, далада ұшып жүруі — ауа райының жақсару белгісі.

 

САНДУҒАШ

—    түн бойы тынбай сайраса, бұзылған ауа райы жайлы қалпына түседі, ауа райы бұзылар болса, үнсіз қалады.

 

 

ҚЫЗҒЫШҚҰС

—     кешкілік ән салса — ертеңгі күн ашық.

 

КӨКЕК

—     таңертең ерте көкектесе, су бетін тұман жауын, шық мол түседі;

—     ку-кулеген дауысы жиі естілсе — алдағы күн ашық.

 

КЕПТЕР

—    гүрілдеп шуласа — жылылықтың нышаны; дем алып отырып бір аяғын қанатының астына тықса, күн салқындайды.

—    пана іздеп, жасырына бастаса, ауа райы бұзылады.

 

ҚАРАТОРҒАЙ

—     көрінгені — көктем туғаны;

—     мезгілінен ерте келсе — көктем шуақты;

—    кеш қайтуы — қоңыр күздің қолайлылығы және келер қыстың жұмсақтығы;

—    жүнін үрпитіп мазасызданса, ауа райы бұзылмақ;

—    бір жерден екінші жерге топтанып ұшып қоныс аударса, кешікпей жел тұрады, топтанып шырылдаса, күн көзі ашылады;

—    топтанып ұшып аспанда неше түрлі қимыл жасаса, күз ұзаққа созылады.

 

БОЗ ТОРҒАЙ

—    келгені — орман алаңының қардан ашылғаны;

—     ұя салғаны — көктемнің кіргені;

—    ұзақ шырылдаса, аспанға шырқап шығып әндетсе, күн кезі жарқырап, ауа райы жақсарады;

—     күзде топтасып, ұзақ шиқылдасса, қар ауады;

—     үнсіз жүрсе, жаңбыр жауады.

 

ШЫМШЫҚ

—    таңертең шиқылдай бастаса, түнде аяз тұрады;

—     қосылып жиі-жиі шиқылдаса, күн жылынады.

 

САУЫСҚАН

—     үй жағалай үшып, шатыр ішіне қонақтаса, боран болмақ.

ҚАРҒА

—    ерте көктемде қарға шомылса, күн жылынады;

—    жазда аузын ашып қарқылдай берсе, найзағай ойнайды;

—     ағаш бұтақтарына жайғасып немесе шуылдасып топтанып ұшса, күн суытып, боран соғады;

—     қыста терек басына қонақтап қарқылдаса, аяз тұрады;

—     жиналып шуласып, төңіректі басына көтерсе, қар жауады;

—     бастарын әр жаққа қаратып отырса - күн ашық желсіз;

—     ағаш діңгегіне жақын қонақтаса - күн желді.

 

ҰЗАҚ

—     келгені - көктемнің кіргені;

—    әдеттегіден ерте оралса, көктем қолайлы болмақ;

—    жазда көкке жайылса, кешікпей жаңбыр жауады;

—    қыста тұмсығын қанатының астына тықса, аяз тұрады;

—     теректің ұшар басына қонса, күн жылынады, орта тұсына қонып, бұтақтардың арасына тығылса, аяз кушейеді.

 

ТАУЫҚ

—    жүнін үрпитіп қытқылдаса, ауа райы бұзылады;

—     құмға аунап, қанаттарын қаққылап сілкініссе, қауырсынын тарағыштаса, жаңбыр жауады;

—    қораз кешке шақырса, ауа райы өзгереді, күндіз жиі-жиі шақырса, күн жылынады;

—    үстіне, төңірегіне топырақ шашса, күн шуақты болмақ;

—     мезгілінен бұрын күзде түлесе - қыс жылы;

—   ұясына ерте қонақтаса, қыста аяз тұрмақ, жазда жаңбыр жаумақ;

—    бір аяғын бауырына алып, екінші аяғымен қаздиып ұзақ тұрса, күн суытады;

—     құйрығын бұландата берсе, бұрқасын соғады;

—    жаңбыр сіркіреп тұрғанда далаға шығып жем іздесе, ақ жаңбыр ұзаққа созылады;

—    жаңбырлы күндері қораз таң ата шақырса, күн ашылады.

 

БАЛЫҚ

—     өзенде күні-түні шоршып ойнаса, судан шоршып шығып, шыбын-шіркейді қақса, жаңбыр жауады;

—      шортан ауға ілінбей, қармақ қақпаса, мамыр айының соңында күн желді болады;

—     бұлтсыз ашық күні қармақ қақпаса, кешікпей ауа райы бұзылады.

 

ҚОЯН

– жазды күні өте көп тараса – алдағы қыс қатты;

– қыста үйді төңіректесе, аяз тұрады.

 

АҚТИІН

– күзде ұясын теректің төменгі діңіне салса - келер қыс аязды, жоғары діңіне салса - жылы;

– жаңғақты көп жинаса - алдағы қыс ұзақ әрі суық.

 

 

ДОҢЫЗ

– әлсін-әлсін қатты шыңғыра берсе, жауын-шашын болмақ.

 

ИТ

– қарға жатса, не керіліп њзақ жатса, таяуда књн жылынбақ;

– ұзақ ұйықтаса, ауа райы бұзылмақ;

– жерге аунай берсе, жазда жаңбыр жауады, қыста бұрқасын соғады;

– итаяққа құйған асты аз ішіп, бұйығып жата берсе, жаңбыр жауады, мезгілсіз қайта-қайта ұлуы - жаманшылық белгісі не табиғат апатының хабары.

МЫСЫҚ

– бұйығып ұзақ ұйықтаса, күн жылынады;

– жуынса - күн шуақ;

– суды әдеттегіден кебірек жалап ішсе, ауа райы жылынады;

– пеш үстіне шығып бұйығуы - салқындық нышаны;

– жерді осқылап тырналаса - қыста бұрқасын, жазда жел тұрып, жаңбыр жауады;

– тұмсығын ашып ұйықтаса-күн ашық, бауырына тығып ұйықтаса жаңбыр жауады;

– тұмсығын бауырына тықса - қыста аяз, құйрығын ширатпай, жазып жүрсе, бұрқасын соғады;

– артқы екі аяғымен тұрып, алдыңғы аяқтарымен жер тырналаса, боран соғады.

АРА

—     шырын жинаудан ерте оралса, ауа райынын қолайлылығы сақталады;

—    ұясына кеш қайтса, ұясына топталып жиналса, таласса және қатты гуілдесе, жаңбыр жауады;

—    таңертең ойнаса, шырын жинауға ұясынан ерте ұшса, көк жапырақ жайған мойыл мен шетен ағашына тобымен жиналып гуілдессе, ауа райы ашылады;

—    жауын-шашында ұясынан ұшып, қайта қонып гуілдессе, ауа райы жақсарады;

—     ашулы және қызғанышты құлық танытса — жаз құрғақ, қуаң;

—     жаңбыр бұлты төніп келгенде жұмысын тоқтатпаса, жаңбыр жаумайды;

—     ұясынан ұзап шықпаса, ауа райы бұзылады;

—     омарта тесігін ашық қалдырса — жылы, балауызып бітесе — келер қыс суық;

—    ұя қабырғаларына топтанып отырса, аптап түседі.

 

ӨРМЕКШІ

—    кешкісін жаңадан өрмек тоқыса, өзі жұрт көзіне көбірек керінсе, ертеңіне ауа райы жақсарады;

—    өрмекті шеңберлеп тоқыса, ауа райы ашылады;

—     өрмек торы көп болса, күн ысиды;

—     өрмегін жерге жақын тоқыса, күн жылынады;

—    өрмектің арқау (бас) жібін ұзын өрсе, қолайлы ауа райы тұрақтанады;

—     өрмегін тездетіп ере бастаса, өзіне ұя салуға кіріссе, күн суытады;

—     өрмектің ұзын желі аралықтарын көлденен қысқа жіптермен бекітіп, жаңа торын жиілетсе, жел көтеріледі немесе жаңбыр жауады;

—    қазан айының алғашқы күндері ұзын ақ ермегі ұшса — күз жылы, қар кеш түседі.

КӨБЕЛЕК

—     гүлге қонбаса, ауа райы жақсарады;

—    сіркіреген жауында ықтасыннан шығып ұшса күн көзі ашылады;

—     бұтақтар арасын, қуысын немесе басқа ықтасындарды паналаса, найзағай ойнайды.

ШЕГІРТКЕ

—    кешкісін топтанып секіріп немесе шөп басына қонып ұзақ шырылдаса, ауа райы жақсарады;

—    даладағы шырылы әдеттегіден қатты шықса — ауа райы құрғақ;

—     шетен ағашы гүлдегенде топтанып жүрсе — жаз ыссы, қуаң.

 

ТЫШҚАН

—     жазда ініне бидай сабаны мен құрғақ шөпті көп тасыса — келер қыс қарлы, суық әрі ұзақ;

—    мезгілсіз інінен шықса, жаңбыр жауады.

 

ШАЯН

—    судан жағаға шығып ұзақ жатса, жаңбыр жауады.

 

ҚҰНДЫЗ

—    күні бойы тынбай еңбектенсе, жаңбыр жауады.

 

ҰЛУ

—     шөптің сабағын бойлап жоғары көтерілсе, аптап түседі.

 

ЖАУЫН ҚҰРТЫ

—    жер бетіне шығып жыбырлап жүрсе, кешікпей жаңбыр жауады.

 

СУ ЖЫЛАН (САРЫБАС ЖЫЛАН)

—     жолға шығып ұзақ жатып жылынса, жаңбыр жауады;

—     мезгілді маусымда ұйықтамаса, күз ұзақ әрі жылы болады.

 

ШЫБЫН

—    қысты күні ұйде ұшса, боран соғады;

—    ертеңгісін қатты ызыңдап ұшса, ауа райы жақсарады.

 

МАСА

- кешке қарай және түнде топтанса, ауа райы жақсарады;

- топ-тобымен шелектегі суға үймелеп ызыңдаса немесе кешке таман қатты ызыңдап ұшса, ертеңіне жаңбыр жауады.

 

ҚҰМЫРСҚА

—     ертеңгісін илеуінің аузын ашып, ерсілі-қарсылы шұбыра бастаса, тыным таппай жұмыстанса, ауа райы жақсарады;

—     күзде көріңсе — келер қыс жылы;

—    күзде үйіндісі биіктей түссе — келер қыс қатты;

—     сапарынан асыға оралса, илеуіне тығыла бастаса, жауын жаумақ.

 

ҚОҢЫЗ

—     жазды күні әдеттегіден көп өрсе — жаз қуаң;

—     ызыңдап ұшса — күн ашық;

—     кешкісін төмен ұшса, алақанға отырғызғанда тұрақтамай, тез ұшып кетсе, түнде жарқырай түссе (жарық қоңыз), ауа райы жақсарады;

—     бұлыңғыр ауа райында түстіктен жел соғып тұрғанда ұшса, күн көзі ашылады.

 

ҚҰРБАКА

—     суда отырса, жаңбыр жаумайды, жағаға шығып тырбандап секіріп жұрсе, жауын жауады;

—     сыртқы қабығы көкшіл тартып, кеште ұзақ және қатты бақылдаса, ауа райы жақсарады.

 

КИІК

—    топ-топ болып басқа жаққа бет алса, ауа райы қатты бұзылып, суық түседі.

 

АУА РАЙЫН ТАБИҒАТ КӨРІНІСТЕРІ МЕН 

ҚҰБЫЛЫСТАРЫ АРҚЫЛЫ БОЛЖАУ

 

ЖЕР СІЛКІНУ НЫШАНДАРЫ 

—     құстар қым-қиғаш ұшып-қонып, улап-шулап дәйексізденеді;

—     құмырсқалар илеуінен безеді;

—     иттер қыңсылап, кейде мезгілсіз ұлып мазасызданады;

—    мысықтар жер тырналап, мияулап үйден қашып шығуға тырысады;

—    жыландар топтанып өзге жаққа көшеді;

—    кесірткелер өз мекенінен жедел қоныс аударады;

—    атжалмандар мен тышқандар індерін тастап, топ-топ жиналып әбігерге түседі, ерсілі-қарсылы жүгіріп, кейде өзара таласады;

— жылқы оқыранып, сиыр мөңіреп, қой маңырап, шошқа мен үй қояндары безек қағып, тыным таппайды.

 

АУА РАЙЫНЫҢ ЖАҚСАРУ НЫШАНДАРЫ 

Күн батарда аспанның батыс бөлігі бұлттан тазарады.

Күн батарда көкжиек ашық өң алады.

Күн «суға» батады.

Күн шығарда жел күшейіп, кешке тынады.

Күн шапағы кеште қызарып, сарғылт-қызыл сәуле шашады.

Таңертең ұсақ жаңбыр жауады.

Таңертең тырнақша гүлдері ашылады.

Таңертең аспанды көшпелі бұлт торлап, кешкісін тарайды.

Кешке қарай жаңбыр толастайды.

Кешкі орман іші далаға қарағанда жылырақ болады.

Жазғы түнгі аспанда жұлдыздар жиі көрінеді.

Түнде шөп басына қалың шық түседі.

Ай батқан соң аспан шайдай ашылады.

Баяу жел тұрғанда аспан көгілдір түрге енеді.

Аспанды торлаған бұлт ыдырайды.

Тұман жер бауырлай түсіп, ұзақ қонақтайды.

Тұман түнде жер бауырлай қонып, күн шыққанда тарайды.

Шарбы және түйдек бұлттар кешке қарай кешіп, аспан тазарады.

Ақ қараған гүлдеріне құрт-құмырсқалар жоламайды.

Дала шырмауығының гүлдері ашылып, жапырағы жайылады.

Күзгі күн қыраулы болады.

Жел бәсендеп бағытын өзгертеді.

Даладағы дауыс сыңғырлап естіледі.

Ошақта не пеште жағылған көмір тез күлге айналады.

Үй пешінің мұржасынан шыққан түтін тік көтеріледі.

Ауа күндіз ысып, түнде салқындайды.

Түс қайта не кеште кемпірқосақ көрінеді.

Тымық түннен кейін ертеңгісін тұрған жел түсте күшейіп, кешке тынады.

Күндіз (қыста) ауа райы ашылып, желсіз кеште аспанды қабат-қабат қалың бұлт торлайды.

Атмосфералық қысым бірте-бірте өседі.

Ауа температурасы төменден, өткінші жауын жауады.

Жел бағыты солтүстіктен солтүстік-батысқа ауысады.

Ауа температурасы күндіз жоғарылап, түнде төмендейді.

Түнде тынық, әлсіз жел еседі.

 

НАЙЗАҒАЙ ОЙНАЙДЫ

—    тұманды күні ауа қапырық болса;

—    күн сәулесі бұлдыр тартса;

—    орман шуылы басылса;

—    ашық шуақты күні көбелек кенеттен үйге ұшып кіріп, түн түспей-ақ төбенің ең қараңғы бөлігіне қонақтаса;

—     әр түсті қою бұлттар шоғырланып, бірін-бірі басып тез көшсе.

 

ЖАҢБЫР ЖАУАДЫ

—    күн бұлтқа не қызарып батса;

—    күн көзінің айналасы торланса;

—    күн батарда аспан сұрланса;

—    ертеңгісін шөп басы өте құрғақ болса;

—     таңертең шық тамшысы жапырақтың ұшында не шөп басында мөлтілдеп тұрса;

—    таңертең кемпірқосақ көрінсе;

—    кешкісін жел күшейсе;

—    өзен суы жылынса;

—    күндізгіден кеш жылырақ болса;

—    тұманда жұлдыздар көрінсе;

—    өзен суының деңгейі төмендесе;

—     бұлт аспанды түгел торласа;

—     жаңбыр бұлты жөңки көшсе;

—     батыс жақтан найзағай ойнаса;

—     жоңышқа жапырақтары бір-біріне жабысып бүріссе;

—     қоғажай сабағы иіліп, басыи томен салса;

—    үйеңкінің жапырақты шыбығы түбінде шырын тамшысы пайда болса;

—     гүлдің хош иісі әдеттегіден мол тараса;

—    желсіз күні орман шуылдап тұрса;

—     аққайынның шырыны көк түске енсе;

—     күн кенет қатты ысып кетсе.

 

***

—     Ымыртта басталған жауын түні бойы жауады.

—     Жаңбыр жауғанда қақ суы көбіктенсе, соңы нөсерге ұласады.

—    Күн тұншыға күркіресе — жай сылбыр жауын, қатты күркіресе, нөсер болады.

—    Тұз ылғалданса, ауа райы да ылғалданады.

—     Айды күңгірт тұман басса, сулы-сылпық ауа ұзаққа созылады.

—     Күн қонаға жауса, қонаға ашылады.

—    Таң алдында басталған жаңбыр ұзақ жаумайды.

—     Шарбы бұлт шашырай қонса, жел ескенмен, жаңбыр жаумайды.

—    Жауын жұма күні басталса, келесі жұмаға дейін созылады.

 

Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Архив записей
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0