Меню сайта
Форма входа
Поиск

Автор: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
 

 

Қасиетті де қастерлі қазынамыз.

 

 

  <p align=
Қасиетті де қастерлі қазынамыз.

 

                                 "Қазақтың қара қамшысы"

Әрбір қазақ шаңырағы қамшыны әрі қару, әрі құрал, әрі қастерлі мұра санаған. Қазір де көп үйдің төрінде ілулі тұрған қамшыны көреміз. Мұның бәрі біздің ата-бабаларымыздың қамшыны жанына серік етіп, киелі әмбебап дүние деп түсінуінен, «Қолымда бір қамшым бар алты таспа, Сұлудың керегі жоқ сенен басқа», - деп махаббат жырларында да ой-сезімін қамшы атауымен бастауынан болса керек.

Қамшы туралы таным-түсінік

Қамшы – қазақ халқының шаруашылық, мәдени өмірінде кеңінен қолданған ежелгі құралдарының бірі. Ол ер-тұрман құрамына кіреді. Жалпылама айтқанда, көлік айдауға арналған құрал. Ал, Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, қамшы – әрі қару. Біздің ойымызша, қамшы – әрі құрал, әрі қару, әрі рухани күш-қуат, сый-сияпат, жігіт пен қыздың сәні мен салтанаты, азамат айбыны, қолөнер туындысы, шаңырақтың киесі, атадан балаға мирас болып қалатын асыл мұра.

Киелі де қастерлі қазақ қамшысы қайыс таспалардан өріледі, ағаш немесе сүйек сапқа бекітіледі, ерекше сән беріп тұруы үшін сабы безендіріледі. Жасалынуына, қолданылуына, қамшы сабының материалына, қайысының иленіп өрілуіне байланысты бірнеше топқа бөлініп, сан алуан атауға да ие. Қамшының негізгі бөлшектерінің де өзіндік атауы бар. Қамшының лексикалық және лингвомәдени бірліктері жөнінде де пікір, тұжырым, болжамдар көп.

Қамшы сөзінің мағынасы

Біздің қазақ халқында қамшыға байланысты мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері аз емес. Бұл қамшының қазақ этносында бағзы заманнан бері маңызды орын алып келе жатқандығын байқатады. Ата-бабаларымыз қамшысы арқылы өз көзқарасын, ниетін, қарым-қатынасын білдірген, біз мұны қамшыға байланысты ой орамдарымен тарқатып, түсіндірсек:

1. Қамшысының ұшын да бермеді. Бұл «болыспады», «жәрдемдеспеді», «қарайласпады», «жамандық, опасыздық істеді», - деген мағынаны білдіреді.

2. Басына (төбесіне) қамшы үйірді (ойнатты). Мағынасы: Қорқытты, сабауға ыңғайланды, үрейлендірді, жан алқымға алды, қауіп төндірді, қорлық, зорлық көрсетті, басынды.

3. Дау төрт бұрышты, қамшы екі ұшты. Бұл сөз «даудың себебі әрқилы, бірақта шешімі не «ақ», не «қара» болады» деген ойды меңзейді. Яғни, айыпсыз болса, шешім оның ақтығын айғақтайды, айыпты болса, шешім оның қаралығын дәлелдейді.

4. Қамшысын білемдеді. Қамшысының сабы мен өрімін қосып, екі бүктеп ұстауды бейнелейді. Мағынасы: қыр көрсетті, жұдырық көрсетті, қоқаңдады, кіжінді.

5. Қамшы түтеді. «Қамшы жауып кетті», «Таяқ жауып кетті», «Соққылаған қамшы жауды» деген мағынаны білдіреді.

Негізінен, «қамшы» сөзі түбір мен қосымшадан тұрады. Диахрондық тұрғыда бұл сөздің түбірі – «қам». «Шы» - малшы, қойшы, егінші деген тәрізді сөздерде кездесетін қосымша. Орта ғасырдағы түркі тектес халықтардың тілінде, қазіргі туыстас – тува, тофалар, алтай, сары ұйғыр, хакас тағы да басқалардың тілдерінде «қам» сөзі «бақсы» деген мағынаны білдіріп, қарайым тілінде де «қамшы» сөзі «шаман» деген мағынада қолданылады. Сөйтіп, ертеде бақсыны бірде қам, бірде қамшы деп атаған тәрізді. Осыны зерделеген этнограф ғалымдар «Әуелде қамшы сөзі қазақтарда да «бақсы, шаман» мағынасында айтылып келіп, екінші бір заттың атауына көшкен» деген тұжырым жасайды. Мүмкін бұл ертеде бақсылардың қолдарына қамшы алып, жын-шайтан қуып, зікір салғанынан да шығар. Әйтеуір, бұрындары тілімізде «Қамның шыбыртқысы» - «Қамшының шыбытқысы» деген сөз болған. Жасыратыны жоқ, кейбір қаламгерлер «қамшы» сөзі «қам жасаушы» дегеннен шыққан болуы керек» дейді. Олардың пайымдауынша, «Бұл құрал ежелден емдік мақсатқа қолданылған. Келе-келе «қам жасаушы» сөзі дыбыстық өзгеріске ұшырап, құрылымдық мазмұны да «қамшы» сөзіне ауысып кеткен». Қалай болғанда да, қамшының әубаста түрлі жамандық, ауру-сырқауды қуушы рөл атқарғаны ешбір талас туғызбайды.

«Ғасырлардан – ғасырларға жеткен бұл –

Қамшы еді қайтаратын жаудан құн.

Соңғы ғасыр аяғынды жоғалып,

Қазақтардың сесі кетіп, болған құл.

Қамшы арқылы талай сырды беретін,

Қамшы тастап, не ой барын білетін.

Қазақ бабам мінгенінде кәріне,

Жерді дағы жон арқадан тілетін».

Кейбір тіл мамандарының айтуынша, қамшыдағы бүлдіргі әуелде «білек+ілдіргі» түрінде айтылуы мүмкін. Содан дыбыстық жақтан ықшамдалып, танымастай болып өзгерген. Өйткені, «білек + жүзік» тіркесінің ықшамдалуынан білезік атауы пайда болған ғой. Бұл қамшының бауырдақ, кекілдік тәрізді бөліктеріне де тән. Әйтеуір, қазақтың «Жылқының сұлу болар сүртектісі, Сұлудың қасқаяды күрек тісі. Қамшыны буырдақтан екі бүктеп, Жігіттің үйге кірер жүректісі» деп сыр толғаған жырында сұлулық пен сән-салтанат, сәулелі ойлар тұнып тұр-ау!

Қамшының негізгі бөлігі

Ол үлкен екі бөліктен тұрды: өрімі және сабы. Қамшы сабы көбінесе 4-7 тұтам тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, таутекенің мүйізінен жасалып, барынша әсемделеді. Оның терімен қапталған қолға ұстайтын бөлігі – тұтамы (тұтқасы), оған тесіліп өткізілген қайыс таспа – бүлдіргісі деп аталады. Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөліп, оны жез бауырлап, мойнақтап, металмен, былғарымен, қайыспен орап тастайды. Қамшы өрімі алақанынан саптық мойнағына бүркеншік арқылы жез, мыс шегелермен тойтарылып бекітіледі немесе таспа арқылы мойнаққа бүркемелеу арқылы жалғайды. Мұны бунақтау дейді. Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырып, оны сапқа ұзына бойы «бауырлақ» етіп, сыртынан таспаны орайды. Тіпті, осы бауырлақ орнына жұқа мысты да қолданады. Өрім мен алақанның қосылған жері – шежемей. Оның үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағып қояды. Елік, киік сирағынан металл, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте сәнді де бағалы. Сондықтан да бұрындары мұндай қамшының иелері:

-Қамшымның сабы еліктің сирағынан,

Жиын, той іздегенім, жиғаным ән.

Атымды сәнмен сипай қамшыланып,

Қалқаның келе жатам үй жағынан, -

деп әндетіп, шалқып-шалқып та алатын. Ал ол осындай сәнді де бағалы қамшысы бар сал, сері, бозбалаға бұлайша шаттану жарасымды болатын. Жалпы, қамшы өрімінің сапқа жалғасқан бөлігінің атауы – бауырлақ (бауырдақ, бауырдауық), оны көмкерген жез, мыс күміс бөлігі – мойнақ, біріктірген шегесі – бүркеншік, қамшы сабына бауырдақты ораған бұрама металл – шырмауық, ол таспалап бекітілсе – бунақ, өрімнің бауырдақ жағындағы сыртқа қараған бетінде, өрім басталар тұсындағы ирек бедерлі «сызық» тәрізді көрінетін бөлігі – таңдай, өрімнің ұшындағы ұшығы – түйіні, алақанның бауырдаққа қарама қарсы жағына жұқалап қабаттап салған кішкене бөлігі – қамшының тілі (тілшесін шегелікті жасыру үшін салады), үстіңгі жағында жіңішкелеп, шашақ тәрізді етіп тігілген, ұзындығы екі еліден бір жарым тұтамдай ұзын таспа шашағы – қамшының кекілдігі, қамшы өрімінің басталар тұсы мен сапқа бекітілетін бауырдақ аралағындағы бөлігі – алақан. Сонымен қамшы бөліктерінің атауы мынандай:

1.Өрімі. 2.Сабы. 3.Тұтамы. 4.Бүлдіргі. 5.Шежемей (шажамай). 6.Бауырлақ (бауырдақ, бауырдауық). 7.Мойнақ. 8.Бүркеншік. 9.Шырмауық. 10.Бунақ. 11.Таңдай. 12.Түйін. 13.Қамшының тілі. 14.Тілме. 15.Қамшының кекілдігі. 16.Алақан. 17.Шашағы (шашақтың түрлері: сайтан айдар шашақ – саптың орта тұсындағысы, мал айдар шашақ – өрімнің жоғарғы тұсынан шығарылғаны, қолдың шашағы – саптың терімен оралған тұтамының астыңғы тұсына салынғаны, М.С.), т.б.

ХҮ ғасырда өмір сүрген Доспанбет жыраудың соңында қалған асыл мұраларының ішінде қамшысы туралы ой толғаған бір жыры бар. Осы өлеңнің өзінен-ақ қасиетті қамшының өрім, сап, шырмауық (бүркеншік), бүлдіргі тәрізді бөліктерден тұратындығы байқалады. Атақты жырау негізінен, қамшысы жөнінде былайша толғанады:

Қарағайлы кәдік бойында,

Қамшым қалды ойында:

Бүлдіргесі – бұлан терісі,

Өрімі – құнан білдің қайысы,

Шырмауығы – алтын,

Сабы – жез.

Қамшы өрімі

Шеберлер қамшыны мықты қайыстан өреді. Оларды өрімшілер деп атайды. Бұрындары әрбір ауылда айтулы өрімшілер болатын. Бұлар қамшыны әбден иленген сиыр терісінен өретін еді. Осы өрімшілдердің теріден қамшы, божы, ноқта, шідер, тұсамыс, шыбыртқы (бишік) өргендерін бала кезімізде талай рет көріп, шеберліктерін тамашаладық та. Сонда байқағанымыз, олардың әлгі заттарды, әсіресе, қамшыны жәй өріп қана қоймай, оны жоғары талап-талғаммен қырлап, жұмарлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелейтін. Сөйтіп, шеберлер қамшыны 3 таспадан 40 таспаға дейін өріп шығатын-ды. Және де таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере беретін де ажарланып, күрделеніп кететін.

Қолымда бір қамшым бар алты таспа,

Сөзімді ұнамаған алып таста.

Сонда да әр сөзімді салмақтарсың,

Кісіге сыр ашпап ем сенен басқа, -

деп жырланғанындай, қамшы әртүрлі таспада өрілгенімен, өрімшілердің ортақ өлшемі – «сегіз тұтам» болған. Ал қайсыбір өрімшілер әдетте өрімнің ұзындығын қамшы иесінің тұтамына лайықты өріп шығаратын-ды. Алайда қамшының өрімі сабынан бір жарым еседей ұзын болуға тиісті. Өрімге қойылатын талап: ол домалақ, жұмыр, төртқырлы болады. Осы өрімдеріне байланысты қамшының «Қырғыз өрім, қырық сегіз таспа», «Бес таспа» - «Бес қасқа» деген де түрлері бар. Тері иленіп, иі қандырылып, өзінен қайыс өңдеп шығарылғаннан кейін оны бояу, боямау әр шеңбердің өз еркінде. Бірақта олар осы қайысты тарам-тарам етіп тіледі де қамшы өруге кіріседі. Өрім саны неғұрлым көбейген сайын сапасы да артады. Тек мұны өру оңай емес, өрім саны көбейген сайын қайыс тармағын да соншалықты жіңішкерту қажет.

Аталарымыздың айтуынша, қамшының ең қолайлысы 12 өрімдігі. 6 өрім қамшының қарапайым түрі болып саналады. Ал бишікті өргенде ол алғашқы басында жуан болады да, ұшына қарай жіңішкере береді. Бишіктің өрімі негізінен, сабынан үш-төрт есе, кейде одан да ұзын болады.

Өрім түрлері

1. Үш не төрт бұрым өрімі. Ол қайыстан өрілген, бәйге қамшыға қолайлысы. Қамшы өрімі әр түрлі құралдар арқылы өңделеді. Көп тараған түрі: өрімді екі тақтайдың арасына салып әрлі-берлі итермелеп домалату. Осындай тәсілмен домалақтап, төрт өрім, сегіз өрім қамшыларды төрт қырлы етіп жасап шығарады.

2. Алты өрім. Осы орайда «Әй, алты өрім бұзау тіс, көп былжырамай аттан түс!» деп сөзді өрімшілер көп айтатын.

3. Сегіз өрім, төрт қырлы. Бұл – мал айдауға қолайлы қамшы. Осы өрімді соп, үйір, ноғай қамшыларға да қолданған.

4. Он екі өрім. Сәндікке лайықты қамшыда пайдаланылады. Сәндік қамшылар өріміне сәйкес төрт, алты, сегіз, он екі қырлы болып жасалынады. Мұндай, өрімді қырлау үшін сүйектен, мүйізден қалақша жасалады, ортасынан әртүрлі қырлы тесіктер ойылады, өрімнің түріне орай оны тиісті тесіктерден өткізіп, өрімнің қырын шығарады.

5. Қырық өрім. Оған тарамыс қолданылады. Өрімшілер арасында қайыс таспадан қырық екі өрімді де жасап шығарғандар бар. Оның кейбірі «Қырғыз өрме» деп те аталып кеткен көрінеді.

Өрім технологиясы. Иленген теріні үш елі етіп кеседі, ұзындығын оның саласына қарай сыдырғыдан өткізеді, жалпақтығын, енін, қалыңдығын реттейді. Осындағы сыдырғыны үш тұтам тобылғыдан жасап алады. Сыдырғы жасау үшін тобылғының үш жағына кертпе салынады, сол арқылы өткізілетін таспаның, терінің ені, қалыңдығы мөлшерленеді, әдейілеп қондырылған өткір пышақтың жүзімен тілінеді. Негізінен, шикі теріден жасалынған қайысты таспа деп атайды. Тарамысты қырық екі өрім қылып тарқатады да, содан өрім дайындайды, ол үш тұтам болады. Өрім әбден дайын болғанда оған алақан жасайды, ол тобылғы сапты, қамшыға бауырымен өрілуге тиісті. Бауырын тобылғыға орап ұстатқан қамшының атауы – «Қазақтың ала қамшысы». Онда алақанның екі-үш түрі болады, және түзу де жыланбас етіп жасалады.

Қамшының түрлері

Өрімші шеберлер Жағда Бабалықов пен Ақселеу Сейдімбековтің, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының жазбаларына арқа сүйесек, қамшының мынандай түрлері бар:

1. Ат қамшы. 2.Дыр қамшы. 3.Дырау қамшы. 4.Дойыр қамшы. 5.Дүре қамшы. 6.Ұзын қамшы. 7.Шолақ қамшы. 8.Сары ала қамшы. 9.Білеу қамшы. 10.Орама санды қамшы. 11.Мүйіз сапты қамшы. 12.Киелі қамшы. 13.Қасиетті қамшы. 14.Тобылғы санды қамшы. 15.Шашақты қамшы. 16.Бала қамшы. 17.Құрау қамшы. 18.Шыбыртқы қамшы. 19.Күміс мойнақ қамшы. 20.Жез мойнақ қамшы. 21.Сары ала мойнақ қамшы. 22.Ақ мойнақ қамшы және тағы да басқалары.

Қамшылар жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Оның әрқайсының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы бар. Біз енді соның басты-бастыларын талдап түсіндірсек:

1.Сүндет қамшы. Ата-бабамыздан ұрпақтарына мирас болып келе жатқан салт-дәстүр бойынша баланы сүндетке отырғызғанда оған туған-туыстары сыйға тартатын тобылғы сабты төрт тұтам қамшы.

2. Бәйге қамшы. Ат бәйгесіне шабатын шабандоздың қамшысы. Ол тобылғы сапты, ұзындығы төрт тұтам, негізінен оның ұзындығын шынтақтан шынашаққа дейінгі аралықпен де өлшей береді. Сабының жуандығы шынашақтай. Бұрындары бәйгеге түсерде шабандоз: «Шаба алмасам – маған серт, шаба алмаса – астымдағы атыма серт, шаптыра алмаса – қолымдағы қамшыға өрт!», - деп серт беретін болған.

3. Көкпар қамшы. Ұлттық ойын көкпар тартуда қолданылады. Оның тобылғы сабының ұзындығы үш-ақ тұтам және жуан болып жасалады. Көкпар қамшының сабына, жылан басты алақанына қолды жыртып, зақым келтірмеуі үшін ешқандай әшекей салынбайды, бұл қамшыға бірде-бір темір затын қолданбайды. Көкпар додасына түсерде әркім: «Атыма – айбат, тақымыма – қуат, қамшыма – жігер бер!», - деп серт айтқан.

4. Дойыр қамшы. Тобылғы сабының ұзындығы бес тұтам. Сабы мен өрімі өте жуан. Оны қолға алғанда да былай деп серт айтылған: «Дойыр қамшым доңыздай (жуандығы) болсын, ауырлығы қорғасындай, мықтылығы емендей болсын. Білек күшіме қуат қосып, жауым әрдайым құлап жатсын, халқым жеңіске жете берсін!».

5. Неке қамшысы. Жас бозбала үйленер кезде құрбы-құрдастарын жанына шақырып алып, отау құрғалы жатқанын айтады. Өзіне жігіт жолдасы керек екендігін білдіреді. Құрбы-құрдастары өздерінің қамшыларын бір жерге құпия жинап қойып, әлгі досын шақырып көрсетеді. Ол өзіне ұнаған қамшыны таңдап алады да иесі жігіт жолдасы (күйеу жолдас) болады. Бұл құрбы-құрдастар арасында өкпе, реніш болмауы үшін жасалатын әдет-ғұрып.

6. Соп қамшы. Өгіз айдауға арналған қамшыны осылай деп атайды. Тобылғы сабы төрт тұтам, өрімі ұзын, жиырма бес тұтам болады, ұшына қайыстан төрт қарыс жалқы бау тағылады, ол арбаның ұзындығына қарай жегулі атқа немесе өгізге жетуге тиіс. Яғни, оның ұзындығы екі жарым құлаштай.

7. Үйір қамшы. Оны жылқышыларға арнап жасайды. Өрімнің араларына үш шығыршық біріктіріліп, ұзын етіп жасалады. Түйе айдайтын үйір қамшының атауы – шыбыт қамшы.

8. Ноғай қамшы. Аралары жақын орналастырылған екі өрімнен тұрады. Салмақты болуы үшін өріміне үлкен шашақтарды орналастырады (нагайка).

9. Баптау қамшы. Асауды үйрету үшін жасалады. Жылқыны үркітіп, қорқытып алмау мақсатында өрімі тобылғы сабының басынан аяғына дейін түгелдей шикі теріден өріледі, ішіне қайыстан қатты өзек салады. Осы өзек өрімді тік тұрғызады, ол қылышқа ұқсайды, мамандар «сол себепті оны орыстар «хлыст» деп атап кеткен», - дейді.

10. Аңшы қамшы. Сабының ұзындығы – бес тұтам, ұшында қорғасын өрілген өрімі он екі тұтам болады. Аңшы атына қонғанында қамшысына: «Алдымдағы қасқырға – айбат, ердегі қанжығама байлат!», - деп тілек айтқан. Ал аңшы қасқырды атымен қуып жеткенде: «Түзу тигізу – маған міндет, ұшындағы қорғасын – саған серт!» дейтін. Дойыр, аңшы, барымта қамшыларды дырау қамшы деп те атай береді.

11. Барымта қамшы. Тобылғы сапты, оның ұзындығы алты тұтам, жуан өрімі он тұтам, түйіні де жуан, әрі ұзын. Екі аттылы қақтығысқанда қамшыларын бірінің-бірі сыртынан асыра сілтегенде оның ұшы тіпті үшінші қарсыласының тізесіне, тобығына тиіп, аттан аударып та түсірген.

(Жалғасы бар).

 

Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Архив записей
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0