Меню сайта
Форма входа
Поиск

Екі жастың бас қосып, отау тіккеннен кейінгі тілейтіні – балалы‑шағалы болу, артына ұрпақ қалдыру. Егер жанған оты сөніп, артында түтінін түтететін ұяқ қалмаса кімге де болса үлкен қайғы‑қасырет. Сондықтан да «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» делінген.

Халық ішінде «Күздің күннің көзіне қызыңды қой, көктемнің күніне келініңді қой» деген бір сөз бар. Бұл ұлағатты сөз күзді күннің сәулесі бойжеткеннің бетіне қан жүгіртіп, ажарландыра түседі, ал көктемгі күннің сиқырлы нұры келіннің сезімін тербеп, күйеуіне деген ерекше ықылас‑назарын оятып, тезірек алғысты (жүкті) болуын әсер етеді деген мәнді білдіреді.

Қамқор ене әдетте келі түскен кезде‑ақ ұл немерелі болу үшін оған ырымдап алғаш сойылған малды ұлтабарын жегізеді. Ал әйел жүкті болса, біреудің үйіне өз дастарқанынан апарған дәмді «қыз тауып қоям» деп жемейді. Ауылдағы тәжірибелі әйелдер келін бойындағы сол өзгерістен‑ақ оның жүкті болғанын сезе қояды. Олар «келіннің құрсағы» ақ айранға тойыпты, ақ алғысты болыпты» деп енесіне тұспалдап жеткізеді. Осы емеуріннен‑ақ енесі келіннің бойына бала біткенін біліп, қуанышты хабарды жеткізген әйелдерге ризашылығын білдіреді, «Келінді атамыздың аруағы біліп, қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің керегесін ақ орамал таңады, осы «кереге орамал таңу» ырымынан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл біледі.

Егер жас келіншектің асқа тәбеті шаппай, жиі‑жиі лоқсып, құсып жүргенін байқаса, оны қазақтар «жерік болу» деп атайды. Осы кезде оның әлде бір асқа ықыласы, тәбеті ерекше ауады да тұрады. Енесі ауыл әйелдерін шақырып, қонақ етеді. Осы кіші‑гірім той «құрсақ шашу» делінеді. Бұл томалаққа жиналған тәжірибел аналар өз үйлерінен бір‑бір дәм пісіріп әкеледі. Оның себебі – келіннің жерік болып жүрген асын тауып беру. Егер осы асы таптырмаса, яғни «жерігі қанбаса», ол босанғанша ішкен асын құса береді, тамағына бойына сіңбейді. Мұны халық «ит жерік болу» дейді. Ит жерік болып дүниеге келген сәбидің ес жиғанша аузынан сілекейі аққыш болады. Жолбарыстың жүрегіне, аюдың етіне, бүркіттің миына жерік болған әйелдерден болашақ алып тұлғалалр, ерен ойшылдар туатыны туралы көптеген аңыздар ел ішінде әлі күнге дейін сақталған.

Енесі жүкті әйелдің мезгілімен тамақтануына баса көңіл бөледі, оған көбінесе ақтан жасалған тамақтарын береді. Жаздыкүні келіннің тәбетін ашу үшін жуа әкеліп жегізеді. Далада өсетін жабайы жуа мен ит жуаның көбінесе ит жуасы таңдалады. «Іштегі бала шымыр болсын» деген ниетпен келінге сағыз шайнатады. Жерімізде жиі кездесетін құм сағыз, жер сағыз, қарағай сағыздардың ішінен құм сағыз ғана таңдалып алынады. Мүмкіндіктері болса, тауда өсетін рауғаш, қымыздық теріп әкеліп береді. Рауғашты және сәбидің көзі көреген, құлағы естігіш болады, ал қымыздық баланың тәбетін ашады.

Болашақ сәби еңбектей бастаған кезде жар жағалап, бор жалап, кесек жейтіні белгілі.бұл сәби организмінде белгілі бір мөлшерде минералдардың же тіспеуінен болатындығы бүгінгі таңда ғылыми тұрғыдан да дәлелденген. Мұны аңғарған халқымыз ежелден сәби құрсақта жатқанда‑ақ алдын ала қам жасаған. Сондықтан судың бұрын иірім болған орнын тауып, осы жерден саздың иісі шығатын қайырым топырағын үйге әкеліп қояда да, «баланың сүйегіне қалыптасуына керек, кейін бөпең бор іздемейді» деп мөлшерлеп жегізіп отырады. Құрсақты әйелге көбіне жас сорпа ішкізіп, қызыл ірімшік жегізеді. Халық түсінігі бойынша, ақ ірімшік жеген әйелдің бадасының сүйегі бос, ал қызыл ірімшік жеген ананың сәбиінің сүйегі берік болады.

Келіннің тазалығына да айрықша көңіл бөледі: жиі шомылдырады, жұпар иісті көкемарал (марал оты) шөбін пайдаланады, оның иісі іштегі баланың тыныс мүшелерінің жақсы жетілуіне ықпал етеді. Шомылдырар алдында арша әкеліп түтетеді. Жүкті әйелдің беті жарылып, дақ түспес үшін бие сүтінің көбігін бетіне жағады. Ана тісінің таза болуын да әсте естен шығармайды. Түрлі тамақ қалдықтарынан бөлінетін жағымсыз дәм мен иістер іштегі балаға әсер етіп, оның жүрегін айнытпас үшін күніне екі рет – таңертен және жатар алдында қара жусанның қайнатылған суымен, болмаса қаратікен тұзбен аузын шайғызады.

Парасатты ене келінінің әрқашан көтеріңкі көңіл­‑күйде жүруін қадағалайды, әзіл әңгімелермен күлдіріп отырады. Арагідік «келін көңілі» деп аталатын жастардың бас қосуын ұйымдастырып, келініне жиі‑жиі ән‑күй таңдатқызады. Халықта «екіқабат келін жыласа, оның баласы жасық болып туады» деген түсінік бар. Соны ескеріп, шошынбас үшін қайғылы хабар болса, қашан аман‑есен босанғанша, ескертпеуге тырысады. Мезгілімен ұйқтатып, таза ауада мейлінше жиі болып, сергек жүруін қадағалайды.

Әйелдің жүкті кезінде ескерілетін түсінікке, негізделген мынадай ырымдар бар: итке «кет» деуге болмайды, бұл толғақты ауырлатуы мүмкін, әйкл босанар үстінде бала кіндікке оратылып қалуы мүмкін; тең буып, қаптың аузын жабуға рұқсат етілмейді, керісінше жабулы тұрған заттарды ашуға, буулы нәрселерді шешуге болады; түйе етін жеуге болмайды, бұлай етсе келіншек баласын тоғыз ай емес, он екі ай көтеруі мүмкін. Бұл ырымдардың түп‑төркіні көне наным‑түсінікке сенген дәуірге барып тіреледі.

Тәжірибелі енелер алдын ала түсікті болдырмас үшін келіннің етегін бүріп қояды, шошынбас үшін далаға түнде ешқашан жалғыз шығармайды. Келіннің мезгілі жақындаған кезде мейірбан анасы оған қара жерді басқызып, «кеудесі түкті Жер‑Ана, күш бер, қуат бер!» ‑ жалаң аяқ жүргізеді. Осы ырым келіннің күш‑қуатын шыңдайды.

Босануына үш ай қалғанда «ұзын толғақ» басталады. Бұл кезде көргені көп аналар «бөпен айдай сұлу болсын» деп айлы түнде келінін көлге шомылдырады. Ай сұлу болғанымен қызуы жоқ, сондықтан шомылған көлдің жағасына шөп жұлып әкеліп, үйіндегі жанған ошаққа тастайды. Тіліміздегі «Айдай сұлу, оттай жылы болсын!» деген тілеу осы ырымға байланысты қалыптасса керек.

Босануына екі ай қалғанда «ортақ толғақ» басталады. «Босану уақыты мезгілінен бұрын болып қалмасын» деп келіннің қолына кескіш, тескіш құралдарды «пышақ,біз,ара т.б.) ұстатпайды.

Жүкті әйелдің босануына бір ай қалғанда оның «ай толғағы» басталады. Бұл кезде «іштегі баланың еті қызылданып кетеді» деп келінге жас ет ұстатпайды, «кіндігіне оранып қалмасын» деп ине‑жіппен іс тіккізбейді, «түсік тастайды»  деп жүресінен отырғызбайды.

Сонымен бірге ел ішінде жас келінді ата‑анасы жетелеп апарып, жеті бұлақтың көзін аштыру, бұлаққа май құйып, теңге тастау, бастаудың басындағы әулие ағашқа ақ шүберек байлату секілді сенімдер де бар. Қариялар осындай іс‑әрекеттер арқылы «сенің ата‑бабаң осы жерден су ішкен, толғатқан кезінде сені демеп, жебеп отырады» деп, келіннің күпті көңілін орнына түсіреді.

Әрбір ескі қазақ ауылында екіқабат әйелдерді босандыруды машық қылған қолы жеңіл кемпірлер болған. Оларды ел ішінде «аққол ана» (қазіргі акушер) деп атайды. Аққол аналар кез келген келіншектің қай күні босанатынын тап басып біліп отырған.

Бір айда отыз күн бар. Оның алғашқы үш күні «аспанда ай көрінбейтін үш күн, өлі күн» деп атайды да, бұл күндері екі жастың ақ төсекте кездесулеріне тыйым салынады. Бұл – халық есепшілерінің болжауына сүйенген дәстүр. Аққол аналардың өзіндік есебі бойынша аяғы ауырлаған әйелдердің әрбір айы жиырма жеті күннен тұрады. Әрбір айдың, яғни осы жиырма жеті күннің басы оның етеккірі келген күннен басталады. Бұл алғашқы айдың өзі үш тоғызға бөлінеді. Бірінші тоғызы – «етеккір тоғызы», екінші тоғызы – «арылу тоғызы», үшінші тоғызы – «кездесу тоғызы». Халықтық тәртіп бойынша «бірінші және екінші кезеңде кезлессеңдер екеуің де ауруға ұшырайсыңдар» деп, олардың кездесуіне тыйым салынады. Үшінші тоғыздың әр тақ күні некеге төсекте тән қосылса, олардан ұл туады, ал жұп күндері – қыз туады.

Алғысты ана тал бойына біткен баласын тоғыз ай тоғыз күн көтереді. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, әрқайсысы жиырма жеті күннен болатын тоғыз айда 243 күн бар. Аққол аналар бұған үшінші «кездесу тоғызын» қосып есептейді. Осыдан келіп тілімізде «тоғыз ай, тоғыз күн» тіркесі орныққан. Тәжірибелі ана жаңылмас үшін сол сәтті күннен бастап дорбаға 243 құмалақ салып алады да, осы құмалақтың күніне біреуін лақтырып отырады, осылайша жүкті әйелдің күні жақындаған сайын құмалақ саны да азая береді.

Босануға үш ай қалғанда «ұзын толғағы басталады» деп келіннің аман‑есен босануына дайындық жүргізеді. Толғақ үстінде құйымшақ сүйегі ашылмай қалмауы үшін күнде кешқұрым келіннің құйымшағынан бастап жауырынана дейін бес саусақты батырып, құйрық майын сылап‑сипайды.

Аналар «орта толғақта іштегі бала жарық дүниеге шығуға дайындала бастайды» деп есептейді. Анасының құрсағының сыртқы порымына қарап оның ұл мен қыз бала екенін де болжай алады: егер ұл болса, іші кішкене, шошақ үшкір болып келеді, ал қыз болса, домалақ, дөнес бітеді; сондай‑ақ ұл жоғары, ал қыз болса төмен орналасады. Әдетте қимылдағанда қыз бала сол жақтан, ұл бала оң жақтан қозғалады. Ай толғақ мерзімі болғанда іштегі бала жиі қимылдап, анасының екі бүйіріне көп салмақ түсіреді.

Толғақ қықанда әйелдің бір мүшесін ерекше ауырта келеді. Мәселен, оның тісі ауруы мүмкін. Тіліміздегі «әрбір бала анасының бір тісін алады» деген мақал осыдан туған. Бұл – «тіс толғақ» деп аталады. Осылайша анасының тізесі ауырып белгі берсе, «тізе толғақ», желкесі ауырса, «желке толғақ», т.с.с. ұшырасады.

Анасының ай‑күні толып, ай толғақ аяқталар тұсата оған арнайы жеке үй дайындалады. От жағылып, су жылытылады. Егер күн суық болса, киіз үйдің ішіне құрғақ қи төселіп, үстіне қалың текемет жайылады. Үйдің іші‑сырты, дүние‑мүлік мұнтаздай тазаланады. Осы істердің басы‑қасында аққол анамен қоса қабат кіндік шеше ұйытқы болып жүреді. Оларға көмекке көрші‑қолаң, абысын‑ажындар келеді. Бір кереге мен екінші керегенің арасында әйел толғатқан кезде асылып тұратын арқан керіледі, босағасына қамшы, қылыш, қанжар әкеліп қойылады, өйткені бұрын «бұлар толғаққа кедергі келтіретін албасты, марту, жын‑перілерді үйге кіргізбей тұрады» деген сенім болған. Немесе қоңыр аю, жолбарыс, қасқыр терісін әкелін қойған. Бұл дәстүр «киеміз» қолдап, қостасын деген наным‑сенімнен туған.

Аққол аналар бала түсер жолдың аузының ашылуын саусағымен өлшеп көреді. Егер бес еліден асып, жеті еліге жетсе, «бес елі ашылса – белге түседі, жеті елі ашылса – жерге түседі» деп, мезгілі жеттіге санайды.

Осы сәтте «оң ба – оң» ырымы жасалады. Келіншекті көрпеге орап алып, бір жағындағылар «оң ба?» деп аунатады, «оң» деп қарсы алған жақ «оң ба?» деп қайтадан кері аунатады. Осылайша үш рет аунатып алған келіншекті көтеріп әкеліп, ергенекке (есіктің маңдайшасына) «оң, оң, оң!» деп үш рет тигізеді. Осылай істесе ғана бала оң келіп, келіншек жайлы босанады деген түсінік бар.

Қуанышы қойнына сыймай жүрген күпті енесі дереу ала қыстай сақтаған жылы‑жұмсағын қазанға сылып, «жарыс қазан» асу қамына кіріседі. Самаурын қойылып, табаққа сүт пісіріледі, үй ішіндегі әбдірелер ашылып, теңдер шешіледі, әдейі арнап түйрелген қарыннан май, құрт алынады. Ұзын арқанды өткермелеп байлап шығады да, екінші ұшынан оп‑оңай тарқатып жібереді. Арша тұтатылып толғатқан әйелдің басынан айналдырып аластайды, етек жағынан еүеірт түтетеді. Мұның бәрі толғағы оп‑оңай – «әбдіре ашылғандай, тең шншілгендей, түйін тарқатылғандай, шай қайнатымда, сүт пісірімде, ет піскенше, жарыс қазанмен бірге жарыса тез босансын» деген ниетпен туған ырым.

Жүкті әйелді толғақ үстінде аққол ана, кіндік шеше демеп тұрады және олай‑бұлай жүруіне де рұқсат етіледі. Толғақ қатты қысқанда, «Айғайла, күшенгенде бар салмақы бетке түсір» дегендей кеңестер береді.

Қазақ даласын төңкеріске дейін аралаған саяхатшы, этногрофтар қазақ әйелдерінің босануын европалықтармен салыстырғанда анағұрлым сәтті болатынын жазып қалдырған.

Егер әйел босана алмай, қатты қиналса, «бел тарту» әдісі қолданылады. Арнайы шақырылған қарулы ер адам толғатқан әйелдің белін қапсыра құшақтай, ішін төмен басып, босануына көмектеседі. Ал бала көлденең келсе, жаңа сойылған малдың ішегін қолына теріс айналдырып киген аққол ана қол салып, түзетіп жіберетін болған. Кейде баланың теріс келуі де мүмкін. Мұндай жағдайда толғатқан әйелді арқанға екі аяғын жоғары, басын төмен қаратып асып, әйелдің ішін қолмен сылау арқылы баланы оңдап, оп‑оңай босандырып алатын.

Бала дүниеге келісімен дауысы шығуы үшін құйрығынан шарт еткізіп ұрады да, кіндігін кеседі. Сәбидің кіндігін кескен әйел «кіндік шеше» деп аталады. Ол нәрестеге қырқынан шыққанда ит көйлек тігіп алып келеді, бала ер жетіп, қатарына қосылғанша, өз назарынан тыс қалдырмай әрдайым қамқор болып жүреді.

Кіндікті ақ балтамен кесіп, таза жіппен байлайды, түбіне күл себеді, кіндік кескен балтаны өзге нәрестеге пайдаланбай, сақтап қояды. Байланған кіндік үш‑төрт күнде түседі. Ер баланың кіндігін ырымдап, «үй күшік болмасын» деп қырдан асып лақтырып жібереді, ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген оймен от басы, ошақ түбіне көмеді.

Жарық дүниеге келген сәбиді емізбестен бұрын, қайнатылған таза суға малынған қасқырдың немесе сырттанның жүнімен ауыздандырады.

Жаңа туған нәрестені бірінші рет сабындап шомылдырады. Шомылдырар алдында тілін жұтып қоймас үшін баланың тілін тартады. Алдымен баланы төбесінен бастап жуады, содан соң судан шошынып қалмас үшін біртіндеп екі аяғын батырып денесін үйретеді. Алғаш суға түсірілгенде су тимеген жері қалмай, таза жуылуы қатты ескеріледі. Шомылдырған соң кіндік түбіне қойдың майын жағып, байлап, қндақтап анасының жанына жатқызады.

Жас босанған келіншекті енесі үнемі қадағалап, жылы киіндіреді, «шілде қағып кетпесін» деп салқыннан қатты сақтандырады. Келіннің бұтына тізе қап, аяғына кебіс кигізеді, қолын суға салғызбайды. «Қырық күнге дейін дене судан шошиды» деп шомылдырмайды. Туған әйелдің созылған іші қалпына келуі үшін белін буғызады, «тісі түсіп қалмасын» деп, орамалмен аузын буады, суық су ішкізбейді, «шашы түспесін» деп тас қылып өріп тастайды.

Егер бала күні жетпей туса, оны «шала туған» деп, тымаққа салып, адам көзі түсе бермейтін елеусіз бұрышқа, керегеге іліп, орнын жиі‑жиі ауыстырып тұрады. Ал егер келіншек айы‑күні асып, босанбай жүріп алса, оған түрлі дене қимылдарын жасатады, жүрісі жайсыз атқа мінгізеді.

 

Календарь
«  Сентябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 7
    Гостей: 7
    Пользователей: 0