Меню сайта
Форма входа
Поиск

Ай (қазақ дәстүрінде)

Ай - қазақы ортада тіршілік цикліне байланысты атқарылған салттар, ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесінде ерекше орны мен мәні бар аспан денелерінің бірі. Ал халықтық астрономия мен метеорологиялық тәжірибенің ең іргелі саласы айға қатысты қалыптасты.

 

Айға байланысты наным-сенімдер мен ырымдар

Ай - ең алдымен, қазақтардың исламға дейінгі байырғы дүниетанымындағы киелі рух иесі ретінде мінәжат еткен аспан денесі.

«Ай көрдім, аман көрдім», - деген тұрақты сөз тіркесінде көрініс тапқан айға тәу ету ғұрпы осы аспан денесіне байланысты ежелгі наным-сенімдер және осыған байланысты атқарылатын ғұрыптардың кіріспесі іспеттес. Айға сәлем беру ғұрпы туралы Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған Айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды», - деп жазды. Ғұрыптың мәні - әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-қазадан аман болайық дегенді білдіреді. Сондай-ақ, айға қарап тілек тілеп, бет сипайды: Ай көрдім, аман көрдім, Бұрынғыдай заман көрдім, Жаңа Айда жарылқа, Ескі Айда есірке! Тірілерге жиған бер, Өлілерге иман бер, Аллаһу акбар! немесе: Аман көрдім, Ай көрдім, Жұлдызым жоғары болсын, - деп Айға қарап, арман-аңсарының орындалуын тілейді. Жаңа ай туғанда: Туған айдай қылып жарылқа, Шыққан күндей қылып жарылқа. Басты аман, бауырды бүтін қыл, Отыңа оралтпа, суыңа сүрінтпе, - немесе: Жаңа Айдан жақсылық, Ауырлығым жерде, Жеңілдігім менде! - деген сияқты жыр жолдары Айға байланысты атқарылатын сан алуан ғұрыптар мен ырымдардың интерактивтілігін қамтамасыз ететін аса қажетті функционалдық атрибуттары болды. Жалпы адамзатқа ортақ әмбебап түсініктер жүйесі сияқты, қазақтар да жер жаһанға жылылықты, жаңбыр мен қарды, ыстық пен суықты беретін құдірет аспан денелерінің ішіндегі ең киелісі де, құдіреттісі Ай (және Күн) деп есептеп, оған табынды. Ежелгі түсінік бойынша, ай фазаларының өзгерісі тіршілік дүниесіне әсер еткен. Айталық, толған Айдың сәулесі басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға әсер етеді деп сенген. Ай толған кезде адамға қауіпті әсері болады деген наным-сенімге байланысты көптеген ырымдар қалыптасты: жалаңбас далаға шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне Ай сәулесін түсіруге болмайды деген сияқты. Өйткені, Ай бетінде кірпік санайтын кемпір бар- мыс. Аталмыш тыйымдар сақталмаған жағдайда, әлгі кемпір кесір-кесапат әкеледі. Сондай-ақ, Айға қарап дәрет сындыруға тыйым салынды. Себебі, бұл рухты шамдандырады, сөйтіп, тыйымды бұзған адам ұшынады немесе ауру мен кесірге тап болады-мыс. Байырғы мифологиялық түсінік бойынша, Ай тек адамға ғана емес, төрт түлік малға да әсер етеді деп есептелінді. Өзінің жақсы көретін немесе киелі деген малдарының мүйізі мен тұяғын қазақтардың Айға теңеуінің эстетикалық мәні ерекше: Ай тұяқты тұлпарым, Ай мүйізді сиырым, Ай мүйізді қошқарым, Ай мүйізді ақ серкем деген сияқты. Сондай- ақ, тіршіліктің түпқазығы төрт түлік малдың тұяғы мен мүйізін табиғатының өзге құбылыстарына емес, тек Айға ғана теңеуі халықтың айды ерекше құрмет тұтып, оны мал басының амандығының кепілі деп есептеген наным- сеніммен тығыз байланысты. Ай жаңарғанда кейбір ауру түрлері, айталық, теміреткі, жара, қышыма тәрізді тері аурулары да қозатындығын халық аңғарған[1]

Халық тіліндегі Айға байланысты қолданылатын фразеологизмдер мен тұрақты тіркестері мифологиялық наным-сенімге, мифтік аңыздар негізінде қалыптасты: Ай қорғалау, Ай желіну, Ай тұтылу, Ай қарақшысы, Ай арасы, толас болу, туар Ай, туар Айдың жаңасы және т.б[2].

 

Ай есебі

Жаңа туған Ай мен толған Айды құрметтеу нышаны оған қатысты қалыптасқан ұғымдарда көрініс береді. Әсіресе, толған Ай мен жаңа туған Айға байланысты ерекше ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесі қалыптасты. Сондай-ақ, Ай сұлулықтың эталон-символы да болды. Фольклорлық дәстүрде нәрестенің немесе сұлу қыздың жүздерін жаңа туған Айға немесе толған Айға балап айту ең көп ұшырайтын дәстүрлі теңеу болып табылады (туған Айдай, туған Айдай иілу, туған Айдай балқу, туған Айдай толқу, он бестегі Айдай, толған Айдай толықсу, Ай дидарлы және т.б.) [3].

Қазақтың Айды «мылқау» деп келетін теңеу - түнде адам баласының көп іс-әрекеті қараңғы түскеннен соң жасалынады, ал, оны көктен көретін айғақ жоқ деген ойнақы түсініктің метафоралық образы. Ал, Күнді «осекшіге» теңеуі - күндіз жарықта барлық құпия әрекет ашық көрінеді дегенді аллегориялық бейнелеу. Айға байланысты түрлі ырымдар қазірге дейін халық ішінде едәуір сақталған. Мысалы, ескі наным бойынша, Күн батқаннан кейін, әсіресе, Айлы түнде үйден сыртқа сүт алып шығуға болмайды. Егер бұл тыйымды амалсыз бұзуға тура келсе, онда сүт құйылған ыдыстың бетін Ай сәулесі түспейтіндей етіп, көлегейлеп жабу керек. Бұл шарт орындалмай, сүтке Ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп кетеді. Сөйтіп, мал желін ауруына шалдығып, «ақ болып кетеді» деп сенген. Қазақта Айға байланысты қолданылатын Айды қолыңмен көрсетпе, Ай сәулесін бетіңе түсіртпе, Ай толғанда желі тартпа, жаңа Ай туғанда қойға қошқар жіберме, Ай толғанда кошпе, Ай толғанда қыз ұзатпа, Ай толғанда үй тікпе деген тыйымдар осы аспан денесіне қатысты наным-сенімдер мен ғұрыптардың өте күрделі болмысын айғақтайды[4] .

Әр Айдың қараңғысында, яғни соңғы фазасында Айдың тіліктей сұлбасына, яғни «кемігеніне» байланы¬сты қазақы ортада ерекше наным-сенімдер қалыптасты. Мысалы, Айдың қорғалануы - Айдың көмігенің немесе кеш туғанын білдіретін ұғым. Осы тұрақты тіркесті түсіндіретін прецедентті мәтін бар. Аңыз бойынша, ерте кезде Күн менАй егіз туған сұлу қыздар екен. Күнге қарағанда Ай сұлуырақ болыпты. Күндердің күнінде Ай сұлулығын айтып, Күннің алдында маңтаныпты. Бұл күннің қызғанын туғызады да, ол Айдың бетін тырнап, бетіне даң түсіреді. Содан бері күнге жақындап барғанда Ай қорғалап, бетін жасырады. Ал, қашықтағанда Ай толып, Күннің қызғанынын қоздыру үшін бетін түгел көрсетіп, мақтанады-мыс[5] .

 

Айға қарап ауа райын болжау

Ай және Айға бай¬ланысты сан алуан құбылыстарды зерделеу арқылы ауа райын болжау қазақтың халықтық астрономиясы мен метеорологиялық тәжірибесінің ең іргелі бағыттарының бірі болып табылады. Аймен байланысты құбылыстарға, әсіресе, олардың басқа аспан денелерімен байланыстарына ерекше мән берілді. Осы арқылы бір жылдағы, бір айдағы немесе алдағы күннің ауа райына болжамдар жасалды. Ай есебі бойынша Айдың көк жүзінде көріну фазаларына байланысты айдың бірінші жартысын айдың жаңасы, ал соңғы жартысын айдың қараңғысы деп жіктейді. Халық арасында жаңа туған Айдың көзге көрінбейтін алғашқы екі күні мен батар Айдың соңғы көзге көрінбейтін екі күні өліара деп аталады. Ай жүзінің көзге көрінетін алғашқы 4-6-күндері (яғни өліарадан кейін) «туған ай» деп атала¬ды. Бітер айдың көзге көрінетін соңғы 4-6-күндері (яғни өліараға дейін) «батар ай» деп аталады. Туған ай мен батар айдың арасындағы фазасы - шамамен 12-15 күн «ай арасы» деп аталады. Халықтық түсінік бойынша, Айдың 15-күні, яғни Айдың толық көрінетін кезі «толық ай» немесе «толған ай» деп аталады. Анығында, аталмыш толық Ай мерзімі 3-4 тәулікті қамтиды. Ал, халықтық календарьда толған ай мерзімінің тек басталуы уақытының (яғни айдың 15-і) ғана көрсетілуі нақтылыққа емес, айтулы оқиғаның немесе құбылыстың басталуына ерекше мән беретін мифопоэтикалық ой жүйесінің принципімен түсіндіруге болады[6] .

Айдың Үркерді басып өтуі тоғыс деп аталған (толығырақ қ. Тоғыс). Тоғыс кезінде Үркер мен Ай бір-бірінен алыс болса, халық тәжірибесінде «бұл екеуі бір-бірінен қырбай болған екен, қырсығы мал мен жанға немесе игі еді» деп қауіп ететін болған. Егер олай болмай Үркер мен Ай жақын орналасса, «екеуі жараса қалған екен, мал мен жанның жағдайы жаман бола қоймас» деп жақсылыққа жорыған. Жаңа туған Ай орағы қылдырықтай болып, батыс көкжиектен кеш қараңғысында көрінетіні белгілі. Егер Ай шалқалап туса, күн райы мал баққан шаруаға, шаруашылыққа қолайсыз болады. Ал қыста шалқасынан туған Ай аяздың қатты болатындығын білдіреді. Сондықтан, шаруа баққан адам шалқалап туған Айды жақтырмай, үйелеп қалған малға ұқсатады. Ондайда «жарықтың, жатысың өзіңе жайлы болса да, елге жайсыз» деп кейіс білдірген. Ай тігінен туса, «Ай жайлы туыпты, күн райы шаруаға қолайлы болады», «Ай қырынан туса күн жылы болады» деп жақсылыққа жорып, қуанатын болған. Сондай-ақ, Ай қораланса ауа райы бұзылып жайсыз болады деп болжаған. Осындай түсінікпен байланысты байырғы мәдени-тілдік ұжымда Ай оңынан туды деген тұрақты сөз орамы және «Айың оңынан тусын!» деген оң мағынадағы әрі тілек, әрі бата сөз тіркестері қалыптасты. Күнделікті тіршілікте айтылатын байырғы бата-тілек мәтіндерінде әлгі бата-тілектің тағы бір нұсқасы Айың тусын оңыңнан, Жұлдызың тусын соңынан деген жолдар жиі кездеседі[7].

 

Ай санау

Дәстүрлі ортада таралған күн қайырудағы, уақыт санаудағы халықтық астрономияға негізделген бірлік атауы. Қазақ есепшілерінің үш түрлі төлтума күнқайыруы болған: оның екеуі - ай есебіне негізделген күнқайыру - Қамбар тоғысы мен Үркер тоғысы. Ал, үшіншісін жұлдыз есебіне негізделген күнқайыру немесе Үркер есебі деп аталады[8]. Үркер есебіне негізделген күнқайыру күллі қазақ жұртшылығына ортақ ай есебі қалыптастырды. «Ай-айдың оты басқа» деген қазақ әр айдағы табиғат құбылыстары мен шаруашылық қарекетіне қарай туындайтын сипатына байланысты және уақыт өлшеудегі басты объект. Ай мен Күннің шығуы, батуы, Күн аясындағы уақыттың (жарықтың) ұзынды-қысқалы болуына қарай атаулар қалыптасты. Бір жылдағы ай есебі отамалы, сарша, тамыз, қыркүйек, желді (қазан), қараша, тоқсан (желтоқсан), қаңтар, ақпан, тоқпан (екі ағайынды), көкек, мамыр (құралай) деп аталды.

Жылдың бас айы - отамалы болып саналған. Мерзімі жағынан қазіргі май айына сәйкес келеді. Бұл атаудың төркіні түркі тілдерінің барлығында дерлік кездесетін «от», яғни шөп деген мағынаны білдіреді. Әдетте, отамалы айында көк қаулай шығып, әжептәуір көтеріліп қалады. Ал, одан кейінгі ай - саршада көкорай шалғын өсіп, толады да, айдың аяғына қарай шөп басы сарғыш тартып пice бастайды. Ал, тамыз сөзі «күйдіру» деген мағынаны аңғартады. Б.А.Куфтиннің тамыз сөзін «жағу», «тұтату» мағынасындағы етістік, одан тамызық сөзі туындаған дейді. Бұл айда күн аптап болып, шөптің басы қурай ба¬стайды. Тамыздан кейінгі ай қыркүйек, әуелде қошқарға, текеге күйек байлана бастайтын кез дегенді білдірген. Желді немесе қазан — алғаш өсік жүріп, күннің суыта бастайтын шағы (қазан парсы тілінде күз дегенді білдіреді). Қарашада жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды, атауы да соны меңзейді. Желтоқсан, кейде тоқсан деп те аталады. О баста күз айлары желдіден басталып, тоқсанмен аяқталған. Кейінірек осы екі сөз біріге келіп, күздің соңғы айының атауы болып қалыптасты.

Қаңтар«Күннің қақтарылып байланатын, одан әрі тұқырып, қысқара алмайтын айы» болғандықтан айдың аты да осылай аталған. Татар тілінде күзе кантар («күзгі қаңтар») октябрь-ноябрь, язгы кантар («жазғы қаңтар») март-апрель, башқұрт тілінде буре кантары (бөрі қаңтары) «март айының басқы кезі», ал қырғыз тілінде аю кан¬тары «қыстың бір мезгілі» дегенді білдіреді. Осындай салыстыруға қарағанда, аңшылық күнқайыруда қаңтар сөзі «аңшылықтың тоқтайтын шағы, яғни аңдардың көй ойнаққа төсетін кезі» дегенді білдірсе керек. Мұндағы отамалы, сарша, тамыз, қазан, қараша және т.б. деген мерзімдеу – ай есебінің мән-мағынасы да көк атаулының өсіп, өнгенінен бастап, солып қурағанға дейінгі мерзімді білдіреді. Халқымыздың ұғымында көкек жағымсыз құс емес, керісінше, «Көкек - киелі құс. Май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қояды», - деп жазады Ш.Уәлиханов. Кей өлкеде көкек март айына сәйкес келеді. Бұл кезде көкектің жылы жақтан келе қоймайтыны белгілі. Сондықтан болу керек, Б.А. Куфтин өзінің мақаласында бұл айдың атын көк-көк («едва зеленый») деген сөзбен ұштастыра қараған. Олай болса, көкек сөзі «көк әлі көк», «өсіп жетілмеген» деген мағынаны білдіретін сөз тіркесі болып шығады. Мұндай жорамалдың да негізі бар (Мәселен, алтайлықтар апрельді көк ай, шұлым татарлары майды көк ай деп атайды. Бұл тілдерде ай есебі көктің қаулай шығатын мезгіліне орай айтылғаны айқын байқалып тұр.) Көкектен кейінгі айдың аты - мамыр. Бұл жыл құстарының мамығын төгіп, көл жағасына ұя сала бастайтын кезі. «Көл ет, көп ет, көлді мамыр ет; не тілегенін әзір ет» делінеді байырғы баталарда. Б.А. Куфтин: «Апрельдің 20-на дейінгі (қазіргіше майдың 3-і) 27-28 күнді мамыр деп атайды, мал оңала бастайды, шүкіржапырақ жеп, қыстайғы жеген жемінің қалдығынан іші-қарнын тазартады», - десе, Л.Будагов: мамыр ат «аяғы ауру ат», мамыр «семіздіктен немесе күзгі шыққан қауырсыны әлі қатаймағандықтан ұша алмайтын құс, сондықтан, айдың да аты осылай аталған», - дейді. Ай аттарын саралай келе қазақтардың дәстүрлі күнқайыруында ай аттары басқа халықтардағыдай бір қиялдағы бейнелердің немесе патшалардың есімімен аталмағаны байқалады.

Үркердің белгілі бір жылдағы батуынан келесі жылғы батуына дейін 365 астрономиялық күн бір астрономиялық жылды құрайды. Ал, шындығында, Үркердің батуынан келесі жылдағы батуына дейінгі уақыт 365 күнге және 6 сағатқа, яғни соңғы уақыт тәуліктің төрттен біріне тең келеді. Сөйтіп, осы алты сағат немесе тәуліктің төрттен бірі жинала келіп, төрт жылда 1 күн, қырық жылда 10 күн, сексен жылда 20 күн, жүз жиырма жылда 30 күн болады. Әуелде отамалы май айына сәйкес болған, бірақ, әр жылдағы алты сағат айырма жинала келіп, жүз жиыр¬ма жыл өткен соң, отамалы апрельге, екі жүз қырық жыл өткен соң мартқа, төрт жүз сексен жылдан соң ақпан айына ауысып отырған. Сонымен, отамалының кейбір деректерде «май», қайсыбір мағлұматтарда «февраль» болып жүруінің осындай себебі бар. Көкек айының да бірде «май», бірде «апрель», бірде «мартқа» сәйкес болуы да осы тәрізді. Міне, ай есебінің осындай «қыдырысына» қарағанда есепшілердің Үркер күнқайыруын қолдана бастағанына бес-алты ғасыр шамасындай уақыт өткен деп жорамалдауға болады[9].

Наурыз күнқайыруын кезінде қазақ есепшілері де қолданып, айлардың өз «тұғырынан» жылжып кетуі тәрізді кемшілікті ендігі жерде кібісе жыл әдісімен ретке келтіре бастады. Наурыз күнқайыруы бойынша кібісе жыл есебін негізге ала отырып, есепшілер өз стилін жасауға тырысты. Мұндай әрекет, әлбетте, күнқайыруды халықтың тұрмыс-тіршілігіне, бұрыннан келе жатқан салт-дәстүріне бейімдеу ниетінен туса керек. Кейбір есепшілер, біздің байқауымызша, шілденің шығуы мен кіруін астрономиялық жылдың межесі етіп алған. Шіллә, шілде парсы тілінде қырық деген мағынаны білдіреді. Алайда, наурыз күнқайыруының парсы стилі бойынша шілде жазғы және қысқы шілде болып екіге бөлінеді. Ал, жазғы шілденің өзі кіші шілде (5 июнь - 25 июнь) және үлкен шілде (25 июнь - 5 август) болып тағы екіге жіктеледі. Қысқы шілде де тап осы тәрізді: кіші шілде (5 декабрь - 25 декабрь), үлкен шілде (25 декабрь - 5 февраль) деп аталады. Ал қазақ есепшілерінің шығарған шілдесінің парсы күнқайыруындағы шілдеден едәуір айырмасы бар[10] .

«Қысқы шілде де қу сақта, жазғы шілдеде су сақта» дейді халық мәтелі. Жаз тоқсандағы шілде кіші шілде және ұлы шілде деп екіге бөлінеді. Кіші шілде майдың 24-25- інде кіріп, июльдің 7-8-інде шығады. Ал, ұлы шілде немесе кәдімгі шілде июльдің 8-9-ында кіріп, августың 17-18-інде шығады. Қыс тоқсанындағы шілде де осы тәрізді: кіші шілде 24-25-інде кіріп, январьдың 6-7-інде шығады, ал, ұлы шілде январьдың 7-8-інде кіріп, февральдың 17-18-інде шығады. Бұл кезді шілде тоқсан айы деп атайды. Шілде тоқсан айы деген тұрақты сөз орамы байырғы мұралар тілінде де кездеседі: Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар, Шудасы шөгіп жатса, шаңға батар. Қауыста қарашамен қаймақшиды, Шілде тоқсан айында дария қатар. («Ұлбике мен Күдері қожаның айтысы»), Қысқы ұлы шілденің шығуымен қыстың соңғы зәрі кетеді де, табиғат көктемгі тіршілікке қарай бет бұрады. Осы кезде, февральдың 17-18-інде, Жетісу өлкесінде наурыздама өткізіледі. Сөйтіп, есепшілер уақыт жағынан бұл мейрамның байырғы кездегі Қызыр Ата немесе Қарт Наурыз мейрамына сәйкес болуына ерекше көңіл бөлген тәрізді. Кейбір деректерде Наурыздың февраль айына тура келуі күнқайырудың осы аталған шілде стиліне байланысты екенін байқатады. Мұндай өзгерістердің себебінен отамалы тәрізді дәстүрлі ай атының орнына наурыз сөзі қолданылды. Сөз мағынасындағы іргелестік пен қызметіндегі ұқсастық деп аталатын заңдылық бой¬ынша наурыз, шілде сөздері өздерінің негізгі мағынасына қосымша ай есебі болып та жұмсалды. Сөйтіп, кейбір дәстүрлі ай есебі санаттан шығып қалса, қайсыбірі өз «тұғырынан» ығысып, басқа айдың атауына айналды. Шындығында, наурыз — айдың аты емес, жыл басы мейрамының атауы. Әдетте, жазғы шілде сарша мен тамыз айларында өтеді. Бұл екі айдың атын қосарлап, саршатамыз деп те атаған. Бертін келе, кей жерлерде шілде сөзі июнь айының атына көшті де, июль айын тамыз немесе саршатамыз деп те атады. Бір есептен, шілде атауын ай санатына қосудан гөрі «жазғы және қысқы қырық күндік мезгіл» мағынасында қалдырған жөн тәрізді.

Дәл осы сияқты ақпан-тоқпан атауының да қосарлана айтылуы тегін емес: әуелде ақпан «январь», тоқпан «февраль» деген жеке-жеке айлардың аты болған. Де¬мек, бұл екі сөз де қосарлана келіп, қысқы шілденің баламасы болып жұмсалған. Ай есебінің өз «тұғырынан» ығысуы мен күнқайыру жүйесінің жаңғыруына бай¬ланысты тоқпанның орнына ай аты болып наурыз сөзі қолданылды. Бірақ ай санатынан шығып қалған мұндай атаулар мүлде ұмыт болып кеткен жоқ, басқаша мағына алып, амал атауына ойысты. Осымен байланысты тіліміздің күнқайыру лексикасына едәуір өзгерістер енді. Наурыз, шілде, шілде тоқсан тәрізді арнайы атаулар күнқайыру жүйесінде тұрақты қолданыла бастады. Осылайша ай есебінің көпнұсқалығы пайда болды. Сонымен, есепшілер кібісе жыл әдісін қолдана отырып наурыз күнқайыруының бірнеше стилін жасаған: мыса¬лы, жыл басы февральдың 18-19-дарында басталатын шілде стилі, жыл басы марттың 9-10-дарында баста¬латын есетші Байбақты Қазыбек стилі т.б. Көптеген аймақта бұл аталған стилдер жүйелі қолданылған. Алайда есепшілердің басым көпшілігі дерлік жылдың шығуы мен кіруін парсы стилі, яғни Жас Наурыз бойынша марттың 22-24-і етіп алды. Жас Наурыз ел ішінде Көктастың Haурызы деп те аталады [11].

Түркі халықтарының арасына VIII-X ғ.-да тарай бастаған ислам діні қазақ қоғамының салт-санасына, мәдени өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Ислам діні өзімен бірге жаңа тұрпаттағы жазу-сызуды ғана емес, күнқайырудың жаңа бір жүйесін де ала келді. Ай есебіне негізделген араб күнқайыруын кейбір түркі халықтары бұрынғы орта ғ.-дың өзінде-ақ қолдана бастады. М.Қашғаридың сөздігінде орта ғ.-дағы ресми құжаттарда мысалы, Тоқтамыс ханның жарлықтарында, Қадырғали Жалайыри бидің шежіресінде жұмада әлаууел, рабби әл-аууел, ражаб, рамазан, сафар, зұлқыжа т.б. ай есебі бар. Қадырғали бидің айтуынша, түркілер екі түрлі күнқайыру жүйесін қолданған. Біріншісі - арабша ай есебі, екіншісі - жұлдыз есебі. Ел ішінде марқұм болған адамның жасын шығару салтында осы күнге дейін араб жүйелі күнқайыру қолданылады. Сондай-ақ, ел арасында сапар айында ұзақ жолға шықпайды деген де ырым бар. Байырғы кезде сапар айында сапар қашты ырымы да жасалатын болған. Ораза айт, Құрбан айт мейрамдары, марқұм болған адамның жасын шығару, т.б. діни салт-дәстүрлер арабша ай есебі бойынша өткізілді. Ережеп, Рамазан, Жұмаділ, Шабал, Барат, Әшір тәрізді есімдер сол айда немесе осы айдағы айтулы мезетте (датада) туған балаларға қойылған. Міне, мұндай мысалдар арабша ай есебінен қазақ қоғамында кең түрде әрі жүйелі қолданылғанын көрсетеді[12].

Арабша ай есебімен қатар ел іші, әсіресе ескіше оқыған сауатты адамдар күнделікті тұрмыс-тіршілікте жұлдыз есебін де қолданған. Он екі шоқжұлдыз атауы Грекиядан араб елдеріне, одан түркі халықтарына кең тараған. Он екі шоқжұлдыздың түркіше атауы Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастанында (XI ғ.) осы дастаннан шағын үзінді берілген және шоқжұлдыздың түркіше атауы арабша, қазақша арабша аймен салыстырылған. Геоцентристік ілім бойынша Күн Жерді 365 тәулікте айналып шығады. Күннің Жерді айналып шығатын жолында ара қашықтықтары бірдей он екі шоқжұлдыз орналасқан. Күн өзінің жылдық жолында осы он екі шоқжұлдызды басып өтеді. Әр шоқжұлдыздың арасы - бір ай. Олардың арабша атауын қазақ есепшілері жақсы білген. Хамал жұлдызының 16-сы Ақырап жұлдызының 27-сі деп уақытты жұлдыз бойынша да есептеген. Кей аймақтарда қыркүйек-мизан, қараша-қауыс, жедді-тоқсан, қаңтар- дәлу деп дәстүрлі ай аттары мен сол айға сәйкес жұлдыз атаулары қосарлана айтылады. Жұлдыз бен дәстүрлі ай аттарын бұлайша қосарлау уақыттың қай күнқайыруы бойынша айтылғанын дәлдеп көрсету үшін қажет болған. Сөйтіп, қазақ даласына тараған әртүрлі мазмұндағы кітаптар арқылы араб тілінен төл сөздік құрамға бір алуан сөз енді. Олардың ішінде ай аттары, он екі шоқжұлдыздың атаулары да болды. Тек кейбір деректерде мәулет, әшір, арапа, арай (ара ай) тәрізді атаулар азаматтық ай аттарының қатарында айтылғаны болмаса, қазақ қоғамында араб жүйелі күнқайыру мен арабша ай аттары, негізінен, діни рәсімдерге байланысты қолданылды. Араб тілінен енген маусым («мезгіл») деген бірер сөз кей аймақтарда белгілі бір себептермен «ығысып» кеткен айдың орны¬на қолданылған. Бірақ кейбір деректерде (В.В. Радлов, Ш.Уәлиханов, т.б.) маусым ай аттары ретінде көрсетілмеген. Шындығында қазақ тіліндегі маусым - арабтың маусым «мезгіл» («сезон») деген сөзі. Сөйтіп, қазақ қоғамы өзінің сан ғасырлық тарих күшінде күнқайырудың бірнеше түрі мен стильдерін қолданған. Бірақ күнқайырудың әр түріне, әрқилы жүйесіне арқау болған ай есебінің дені күні бүгінге дейін сақталып келді. Сонымен бірге күнқайыру жүйесіндегі ай есебі қайсыбір кездерде өз «тұғырынан» ығысып, басқа тілдік атаулармен де алмастырылды. Дегенмен, бұрын-соңды қолданып келген ай аттарының біршама толық құрамын төмендегіше жинақтап көрсетуге болады [13] Ай аттарының қазақ тіліндегі құрамына карағанда, бұл топтамадан жүйе қуалап, жоба табу қиын тәрізді. Қазіргі қолданып жүрген ай есебінің құрамы мынадай (жыл басы наурыздан кейінгі ретпен):

  1. 1-ай: бес тоғыс, көкек, наурыз, отамалы, хамал, әз айы, екі ағайынды (грегориан санаты бойынша мартқа шамалас ай);
  2. 2-ай: үш тоғыс, наурыз, көкек, сапар ай, сәуір, отжақпас (апрель);
  3. 3-ай: бір тоғыс, маусым, көкек, мамыр ай, саратан, құралай, мамыр (май);
  4. 4-ай: шілде, зауза, саратан, маусым, ара айы, сарша- тамыз, мамыр (июнь);
  5. 5-ай: жиырма үш тоғыс, сарша, әсет, тамыз, шарша- тамыз (июль);
  6. 6-ай: жиырма бір тоғыс, тамыз, әсет, шілде, сүмбіле, әзіре, сарша (август);
  7. 7-ай: он тоғыз тоғыс, қыркүйек, сарша-тамыз, мизан, қазан, сентябрь;
  8. 8-ай: он жеті тоғыс, қазан, қараша, ақырап, мизам, қараша-қауыс, желді, жұт шашқан, қазан (октябрь);
  9. 9-ай: он бес тоғыс, қараша, желтоқсан, қауыс, тоқсан, қараша-қауыс, қыркүйек, мизам (ноябрь);
  10. 10-ай: он үш тоғыс, қаңтар, жедді, қараша, желтоқсан (декабрь);
  11. 11-ай: он бір тоғыс, қаңтар, желтоқсан, ақпан, дәлу, үштің айы, қыстың айы (январь);
  12. 12-ай: жеті тоғыс, ақпан, ақпан-тоқпан, бірдің айы, үш хұт, үш айы, наурыз, отамалы, наурыз қыстың айы (февраль) [14].

Күнқайыруға баягыдан негіз болып келе жатқан дәстүрлі ай есебі.: отамалы, көкек, мамыр, сарша, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан, тоқпан. В.В. Радловтың сөздігінде: 1. отамалы (май), 2. шілде (июнь), 3. шарша-тамыз (июль), 4. қараша-қауыс (август), 5. қазан (сентябрь), 6. мизан-қыркүйек (октябрь), 7. желі тоқсан (ноябрь), 8. қаңтар (декабрь), 9. ақпан (январь), 10. наурыз (февраль), 11. көкек (март), 12. мамыр (апрель) деп берілген. Бұл нұсқадағы шілде атауы саршаны ығыстырғаны, ал наурыз атауы тоқпанның орнын басқаны байқалып түр. Енді осы екі түстағы өзгерісті қайыра жаңғыртсақ, ай аттарының былай аталатынын байқаймыз: отамалы, сарша, тамыз, қараша, қазан, қыркүйек, желі тоқсан, қаңтар, ақпан, тоқпан, көкек, мамыр. Бұл – ай есебінің Жас Наурызға дейінгі рет тәртібі. Сондықтан ай есебін бұл ретпен алуға болмайды, өйткені олар өз «түғырынан» ығысып кеткен. Ай есебінің рет тәртібін саралауға септігін тигізетін деректердің бірін Ш.Уәлихановтан кездестіреміз. Ш.Уәлихановта: 1. отамалы (март). 2. саратан (апрель). 3. көкек (май). 4. шілде (июнь). 5. саршатамыз (июль). 6. қыркүйек (август). 7. қазан (сентябрь). 8. қараша (октябрь). 9. тоқсан (ноябрь). 10. қаңтар (декабрь). 11. ақпан (январь). 12. наурыз (февраль). Бұл нұсқада да, В.В. Радловтағы тәрізді, тоқпанның орнына наурыз, саршаның орнына шілде қолданылған. Ал, мамыр сөзі ай санатынан шығып қалған, оның орнына арабтың саратаны қолданылуы бертіндегі өзгеріс. Мұндай кейінгі жаңғыртудан (саратан, шілде, наурыз дегендерден) ай аттарын ажырата келіп, олардың рет тәртібін былай көрсетуге болады: 1. отамалы (март), 2. көкек (апрель), 3. мамыр (май), 4. сарша (июнь), 5. тамыз (июль), қыркүйек (август), 7. қазан (сентябрь), 8. қараша (октябрь), 9. тоқсан немесе желтоқсан (ноябрь), 10. қаңтар (декабрь), 11. ақпан (январь), 12. тоқпан (февраль) [15] .

Сидерлік ай, жұлдыздық ай — Айдың аспан сферасындағы белгілі бір нүктесіне қайтып оралуына кететін уақыт аралығы. Ай қозғалысының бір қалыпты болмауы салдарынан (яғни Кеплер заңдары бойынша) Сидерлік айдың ұзақтығы тұрақты емес және ол бірнеше сағатқа өзгеруі мүмкін. Сидерлік айдың орташа мәні 27,321661 орташа күн тәулігін құрайды, ол Айдың Жерді толық бір айналып шығу уақытына тең.

 

Пайдаланған әдебиет

  1.  Машанов А. Аспан ертегілері // Жұлдыз. 1958. №7
  2.  Ысқақов М. Халық календары. Алматы: Жазушы. 2009
  3.  Куфтин Б.А. Календарь и первобытная астрономия киргиз- казахского народа//ЭО. 1916, №№3-4. М., 1916
  4.  Абишев Х.А. Элементы астрономии и погода в устном народном творчестве казахов. Алматы: Казгосиздат, 1965
  5.  Әбішев X. Аспан сыры. Алматы: Жазушы, 1969
  6.  Әбішев X. Аспан сыры. Алматы: Жазушы, 1969
  7.  Ысқақов М. Халық календары. Алматы: Жазушы, 1980
  8.  Диваев А. Месяц по киргизскому стилю с обозначением на¬родных примет // ИОАИЭКУ. Том XIII. Вып.4. Казань. 1896
  9.  Н.Уәлидің пайымдауынша
  10.  Куфтин Б.А. Календарь и первобытная астрономия киргиз-казахкого народа // ЭО. 1916. №№3-4; Рудеяко СЛ. Очерк быта казахов бассейна Уила и Сагыза // Казахи. Антропологические очерки: Вып.З. Л.: АН СССР. 1927
  11.  Машанов А. Аспан ертегілері // Жұлдыз. 1958. №7
  12.  Ысқақов М. Халық календары. Алматы: Жазушы. 2009
  13.  Өмірзақов Т. Есепшінің есебі кісесінде 11 Наурыз: жаңгырган салт-дәстүрлер. Алматы. 1991
  14.  Уәлиев Н. Ай аттары асылымыз Күн қайыру // AT.: 1991. №5; №8; №10
  15.  Әбішев X. Аспан сыры. А.: Қазақстан, 1962

 

 


 


 



 

Календарь
«  Ноябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0