Қамшы — қайыс таспалардан өрiліп, ағаш не сүйек сапқа бекітілген, безендірілген, ат жүргiзуге, әрi қорғануға арналған зат, әрі бес қарудың бірі ғана емес, сан алуан семантикалық жүгі бар мәнді мәдени категория . Оның қару ретінде қолданылуы б.з.д. І мыңжылдықтың басынан басталады және петроглифтерде, сондай-ақ эпикалық жырларда, құлпытастарда салт аттың сарбаздың жабдығы ретінде көрініс береді. Қамшының түпнегізі онан да әріде мифологиялық танымда жатқандығын “Бұты-бұты бұты ұзын, Бұтынан да қолы ұзын, Ата киік терісі, Алтын қошқар мүйізі” деп келетін Қоңыр Иштванның Қобда қазақтарынан жазып алған көне жұмбақ нұсқасы сияқты фолькорлық, тілдік деректер қуаттайтындай. Доспамбет жыраудың (XVІ ғ.) «Қарағайлы көдік бойында, Қамшым қалды ойында: Бүлдіргесі - бұлан терісі, Өрімі - құнан білдің қайысы, Шырмауығы - алтын, сабы - жез», - деген жолдарында негізгі бөліктері айтылады.
Қамшының негізгі бөлшектері мен үлкенді-кішілі барлық бөлік, детальдары мынадай: қамшы сабы көбіне 4-7 тұтам ағаш, мүйізден жасалады: оның қолға ұсталатын терімен қапталған бөлігі – тұтамы / тұтқасы, оған тесiлiп өткiзiлген қайыс таспа – бүлдiргi. Саптың мойыны мен дүмін металмен құрсаулайды ( мұны бекітпе қамшы дейді), өрімінің не саптың ұшына сүйек не металдан тобыршық бекітеді.
Қамшы өрімінің сапқа жалғасқан бөлігі — бауырдағы/ бауырдауық, оны көмкерген жез, мыс, күміс бөлігі мойнақ, біріктірген шегесін бүркеншік десе, ал қамшы сабына бауырдақты ораған бұрама металдан болса шырмауық, таспалап бекітілсе бунақ делінеді.
Өрімнің бауырдақ жағындағы сыртқа қараған бетінде, өрім басталар тұсындағы ирек бедерлі «сызық» тәрізді көрінетін бөлігі таңдай, өрімнің ұшындағы ұшығы – түйіні делінеді. Алақанның бауырдаққа қарама-қарсы жағына жұқалап қабаттап салған кішкене бөлік қамшының тілі/тілшесін шегелікті жасыру үшін салады. Ал үстіңгі жағында жіңішкелеп, шашақ тәрізді етіп тілген, ұзындығы екі еліден бір жарым тұтамдай ұзын таспа шашақ – қамшының кекілдігі.
Қамшы өрімінің басталар тұсы мен сапқа бекітілетін бауырдақ аралағындағы бөлігі– алақан бірнеше қабат жұқа қайыстан тұрады: ортада өрімнен жалғасқан алақан, оған қабаттап салған дәнекер бөліктің үстіңгі қабатын бекітпе желкелік, астыңғы қабатын үзбе деп атайды.
Шажамай (шежемей) немесе қамшы таңдайы қамшының өрімі мен алақанының жалғасқан, жоғарыда аталған қабаттардың дәл бүктеліп тұрған бүкпелі жері. Жайшылықта ілгенде осы тұсынан бүктеп төмен қаратып ілу қажет. Қосымша әшекей ретінде қамшының әр бөлігіне шашақтар орнатылады: саптың орта тұсындағысы — сайтан айдар шашақ, өрімнің жоғарғы тұсынан шығарылғаны – мал айдар шашақ, саптың терімен оралған тұтамының астыңғы тұсына салынғаны қолдың шашағы аталады (Кун П.).
Қамшыны түрлері мен тұтынысына қарай негізінен төрт топқа бөлуге болады: жез бен мыс араластырып дайындалған қамшы түрін “сары ала қамшы”, ал әйелдер ұстаған күмістелгені — “ақ немесе әшекейлі қамшы” және шаруашылықта қолданылатын қайыс қамшылар, «көкқару» орнындағы қамшы. Ақ (күміс сапты) қамшы түрлерін елiк сирағымен саптау, алтын-күміспен бунақтау, асыл тастан көз, шатыра орнатып, өрмесіне шашақ салу сияқты жолдармен әшекейлейді.
Қамшы сабы жасалған материалына қарай мынадай түрлерге бөлінеді: жасалған шикізатының түріне қарай сүйек қ., мүйіз қ., тобылғы сап(ты) қ., ырғай сап(ты) қ., елік сирақ қ. сияқты негізгі түрлерге бөлінсе саптың әшекейленуіне байланысты түрлерін фольклорда жиі айтылады. “Қолымда бiр қамшым бар алтындаған /күмiстеген / шажамайлы / ылғи күмiс/бүлдiргелi / алты таспа/ бурамалы/ ырғайдан сап/ таспалаған/тобылғы сап деп. Тобылғыны май жағып, шоққа қыздырып, өңдейді, қайыңға, емен мен қызыл ағашты қырнап, қаптап, әшекейлеп сап жасайды.
Шаруашылық қарекетіне қолдануға ыңғайлы, иленіп, май сіңірген қайыстан жасалған қайыс қамшылардың бәйге қ., ат қ., түйе қ., арба қ., соқа қ., жортуыл қ., ұзын қ., шолақ қ., білеу қ., барбас қ., орама сапты қ., шыбыртқы т.б. түрлері бар. Тұтыну мақсатына және сабы, алақаны, өрімі арасындағы өзара пропорциясына қарай әрқалай аталады: мініс атына арналған қарапайым атжүргіш, берік, жеңіл салт қамшы, ұзындау өрімді атсоғар, шыбыртқы және т.б. Қамшының көкқару орнында да жүретін өрімі жуан дойыр қамшыны өзегіне қорғасыннан салып, сыртын таспамен өреді, түйініне тас, қорғасын бекітеді. Өзегiне иілгіш темiр қосып өрген, қолараның тiстерi сияқты алты таспадан жұмырлап өрген нұсқасы «алты таспа бұзаутiс қамшы» деп аталады.
Дәстүрлі ортада тері, қайыс илеп дайындайтын ысшылар, қамшы өретін маманданды өрімшілер айналысқан. Қамшының деталдарындағы сәл–пәл айырмашылықты ескермегенде пошымы мен дайындалу жолы бір-біріне өте жақын. Өрімге серке, торпақтың терісін, шала иленген жас тері (керғайза немесе көксоқта тері) және май сіңген қайыс қолданылады. Қамшы өрімін таспа санына қарай төрт таспа, бес таспа немесе «бестемше», 6, 8, 12, 24, 32, 48 таспа, тіптен 83 таспаға дейін барады. Өргенде:
Ассалаумағалейкүм (1-тұтам)
Әлікассалам! (2-тұтам)
Жол болсын! (3-тұтам)
Әлей болсын! (4-тұтам)
Қайда барасың? (5-тұтам)
Тобылғы сайға барамын (6-тұтам)
Оған неге барасың? (7-тұтам)
Қамшы сапқа барамын , — деп “сегіз тұтам” ұзындықты белгілейді (Н.Уәли). Дойырда жеті тұтам, бір-екі елі болады деп жазады ұлы Ш.Уәлиханов.
Қамшы өрімі таңдайлап, таспалап, қырлап өру деген үш түрлі тәсілмен жүріледі. Өрімнің сыртқы пошымына қарай жалпақ, жұмыр, қырлы, қобылай өрілген үш қырлы, төрт қырлы, жұмыр түрлері де кездеседі. Өрімнің бітім өрнегіне байланысты өткерме, жөргем , айылша, бұрама, мұрындық, ноқыра, қырғыз өрме, жыланбауыр, бұзаутіс сияқты түрлері ұшырасады. Қос таспадан айқастырыла өрілген төрт қырлы өрімнің түрі “қос қасқа” немесе “қоқан түйіс”, жұмырлап өрген үш таспаны өрімді «бұрама», «бұраң бел», төрт таспалысын «мұрындық», бес таспалысын «бестемше» деп атайды (Д.Шоқпарұлы). Ал, ерекше түрге саналатын жыланбауыр қамшының асты жайпақ, екі жаны мен үстi жұмыр өрiлген, өрімі судың толқыны тәрізді қиыс түскен, құстаңдайланып жымдасып келеді. Бас жағы жуантық, ұшы жіңішке етіп тілінген қайысты жеті қырлап бір тұтамдай қосқасқалап өрген соң өрімді жеті таспамен жұмырлап өрмесін шығарған жеңсе / дембіл қамшыны Алтай қазақтары содырлыққа қолданғанға ұқсайды.
Қамшының негізгі екі материалының бірі ағаштың тегі – Дарақтың символы екендігі әмбеге аян. Ал, қамшы өрімі архаикалық санадағы мистикалық-магиялық ұғымнан бастау алған, көп жұрттарда кең таралған тотемдік жәндік жыланмен астас. Жиренше шешен әйелi Қарашаш сұлудың дүниеден озғанына қайғырып “Қатын өлдi — қамшының сабы сынды” деуі, ағаш саптың Дарақ (мықан ағаш, бәйтерек) ағашпен байланыстылығында.
Ең әуелі қамшы киелі зат орнында қолданылуынан көне түріктегі бақсы qam-šï – бақсы құралы атауы туындаған дейді. Адамға, отбасына, малға келген жын-шайтанды қуу пәле, жала, ауруды аластау, айықтыруда бақсыға қамшы көмекке келеді. Киелі бақсылар «алты жылан ат етіп, екі жылан қамшы етіп» жауыз рухтарды соғатын болған. “Қара суды теріс ағызатын» Бағаналы Қойлыбай бақсы шақыру келгенде, өзі бара алмаған жерге қамшысын беріп жібереді дейтін аңыз кең таралған. Бақсының қамшысы киелi, ол сүйген мұрагерiне сыйға тартылады, солайша киелi бұйым ретiнде тұмарлық ретінде сақталады.
Түркі-моңғол фольклорында қамшыны әспеттеу, мадақтау, әсірелеу салтының түпнегізі мемлекеттілік үрдісінің қалыптасуы заманында басқару мен әскери-саяси істегі басты атрибут ретінде қамшының сонау сақ, түркі дәуірінен бастап тұрақтанғанын айғақтайды. Айталық, моңғол фольклорының жауһары «Жәңгір» эпосында:
«Бұқа терімен өзектеп,
Өгіз терімен өрмелеп,
Бес жүз балуан жүгініп,
Бес мың таспа жүгіртіп,
Жылан жонын бұйралап,
Жеті ай бойы сүрленген,
Жас сандалға сапталған.
Үш елі жерге мәнерлеп,
Асыл таспен көзеген,
Төрт елі жерін бедерлеп,
Ақ күміспен безеген,
Сабына басын дөптеген,
Салиқалы дойырын,
Оң қолына ұстап ап,
Ақ босаға аттады …», - деген жолдар бар.
Геродот қалдырған аңызда ұзақ жорықтан қайтқан сақ жауынгерлері өз еліне қайта кіре алмай құл-құтаннан тараған ұрпақтарының қарсылығына душар болғанда батырлар тексіз құлдарды қамшымен ғана имендіргені туралы айтылады. Орта Азияда да жаза кесігінің көбіне қамшымен атқарылуына байланысты дүрелеу / дүре қамшы (дүрра-парсыша қамшы) салу аталған. Ертеде ұсталған ұрыны 25-тен 60-қа дейін қамшымен дүрелеп жазалауға сотсыз-ақ рұқсат етілетін.
Қамшы – билік рәмізі, әрі құқықтық реттеуді жүзеге асырушы құрал. Қамшы да семсер, қылыш тәрізді хандық, патшалық регалия қатарында жүрген. Мұхамед Қайдар Дулати патшалықты басқару ережесi туралы жазбасында айтылады. Қазақ ордасында хан сайлау ғұрпында жаңа билеушіні боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге салып, хан көтерген соң, атқа мінгізіп, қолына қамшы ұстататын рәсім бар (М.Мағауин).
Қамшының құқықтық қатынастарды реттеуге байланысты қызметінің бірі қамшы қазылық деп аталады. Ол дау-дамайды “ұрыс-соғыссыз”, биге жүгіну арқылы шешуге байланысты қолданылады. Биге жүгінуге келгенде дауласып, айтысып, кінәласар алдында жерге қамшы тастап кезек алуы “қамшы тастау (тастар)” деп аталынады. Жайшылықта үйге кірген адам қамшысын қолына алып төрге қарай озып, ортаға тастайтын болған. Ал, екі бүктеп келiп жамбасының астына басып отырса, дауласуға келгендігінің белгісі.
Қамшыны қару ретінде қолдануға машықтанған қамшыгер тұлғасы орта ғасырдың соңына ала ерекше әлеуетті жіктің қатарында болған. Қамшыгерлік ат үстінде қолданылатын әскери кәнігі машықтың түріне жататын ұлттық спорттың бір түрі. Қазақтың салт заңы бойынша адамды өлтіріп, құн тартудың орнына қарсыластарын өлмейтін жерінен қамшымен ұрып бетін қайтаруға жол берілген. Бірақ, қалай, қай мүшесін ұру шарттарын игеруі қажет. Қамшы сілтегенде жазатайымда қамшының ұшы тиіп, көзін ағызса, айыпкер көз құнын төлейтін болған.
Кейінде қамшының қару ретіндегі мәні екініші қатарға ысырылған срң той, ас-жиында өткізілетін ойын сауықтар қатарында қамшыгерлік енгізілген. Саятшылық пен қорғануда мәні төмендемеген. Балуан Шолақтың дойыр қамшысы “қашқан қасқырды қуып жетіп, онымен жоннан тартқанда, қабырғаларының көбесі, омыртқалары сөгіліп кетеді екен. Қашаған жылқылардың қандайы болса да, қабырғаларын қуалай тартып өткенде етпетінен түсетін көрінеді. Аңшылық саятта, ұрыс-соғыстарда қамшыгерлікпен олжа түсірген қамшыгерге өзіне тиеселі сыйдың сыртында «қамшы сыбағасы» деген арнайы олжа үлесі берілетін болған. Алтайдың Қобда бетіндегі қазақ барымташылары ауыл арасынан «олжа алғанда» түнде қорадағы қойдың шетінен үркіте жанай шауып өткенде еркек қойлардың оңтайлы тұсына келген бірінің танауынан салып қалғанда, тік секірген кезінде алдына өңгере салып кете беретін болған дейді мәлімет берушілер.
Реті келгенде мән беретін дерек, кезінде Х.Чойбалсан айтқан екен деп оған телінетін «қолында қамшы ұстаған қазақты Қобда өзеннің сол жағынан алысқа ұзату дұрыс емес» деген сөзде үлкен саяси-мәдени астар жатқандығы бір жағынан қамшының салт атты көшпелі ер-азамат үшін қаншалақты маңызды болғандығын аңдатса керек.
Қамшының әлеуметтік мәртебе (статустық) белгілейтін қызметі сан алуан: Атқа мінген қазақ ер-әйел, үлкен-кішісі де қолына өзіне лайық қамшы ұстайды, қыздың жасауына берілетін “ер тұрманы” қатарында қамшы да орын алады. “Әйелдің құты аяқта, еркектің құты қамшыда” деп қамшыны еркек адамның бақыты мен ырыздығын қамтамасыз етуші атрибутқа балаған. Қазақтың ескі заңында кәмелетке толған ұл баланы қолына қамшы алып жүруді міндеттеген.
Мал дәулеті, үйелемені жоқ ер азаматты “Салт атты, сабау қамшылы” деп мәртебесін төмендету әлі күнге дейін санамыздан өшкен жоқ. Беделсіз бейшара ерлерді «Құйрығынан басқа қамшысы жоқ, көлеңкесінен басқа досы жоқ» деп теңесе, жетесіз, іске қырсыз, мал-дәулетсіз адамды «Ит мініп, ирек қамшылаған» деп төменшіктеді.
Осы айтылған сан салалы қамшы функциясынан келіп қамшының өзінің қоғамдық — әлеуметтік мәртебесі, персондануы яғни тұлғаналануы туады және ол көшпелелер қоғамының биік мәртебеге ие атрибуттар қатарынан орын алып, сабақтастығын үзбей бүгінге жетті. Қамшының амбивалентті қосқырлы қызметінің сипаты оның символдық-ғұрыптық және қолданбалы тұрмыстық міндет атқаруында байқалады.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы адамның тіршілік цикліне қатысты ғұрыптардағы өтпелі кезеңдерге қатысты атқарылатын салт жосындарда қамшы да маркер ретіндегі, ғұрыптың жосындарын атқарушы қызметі. ретінде сан қырлы. Әуелі адамның дүниеге келгенінен бастап қамшы бірге жүреді және көбіне ер адамның ажырамас атрибуты, киелі бұйымы есебінде. Жас нәрестені бесікке салу ғұрпында қамшы жетекші орында жүреді: бесiк үстiне жабылатын жетi нәрсе арасында (бесiк көрпе шапан, кебенек, тон, жабу, жүгенмен қоса) қамшы жүреді. Сәби ұл болса оған қоса бесiк үстiне қынға салынған пышақ, күмiс белбеу, жүген, шылбыр iлiнедi. Оның мәнісі “ат ұстайтын азамат бол, (қамшы ұстап) ер қорғайтын жаужүрек бол” деген тілек нышаны.
Ал ұл баланы “атқа мінгізу” ғұрпында бәсіре атқа ашамай ерттеп мінгізіп, аяғын тепкішекке сұғып, қолтырмаш ағашпен екі қолтығынан сүйемелдеп танған соң ақсақалдар бата беріп, баланың қолына аттың тізгіні мен қамшы (!) ұстатады. Осылайша әлеуметтік мәртебені айқындайтын инициациялық ғұрып жосынында қамшы орын алады, бұл әрі Хан сайлаудағы ғұрыптың мини проекциясы іспетті.
Қамшы ғұрып, салттағы қызметі сан алуан: айталық, қызына құдалық түсуге емеурін танытқан жігіт жағы қыздың үйінің төрiне қамшысын iлiп кетеді. Қыз жағы ишара танытса, “қыздың қарғыбауына” деп бiр ат тарту етеді. Қамшы той өткенше төрде ілулі тұрады. Жігіт жағы уағдада тұрмаса, қамшыны кері жолдайды және ол салтты “қамшыны қайтару” деп атайды. Солайша “қызының басын босатады” немесе билерге жүгініп, жігіт жағына айып төлетеді.
Жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашады. Андалықта қамшысын ауыстырып ұстайды. Қамшыны сыйға тартқан кезде кісінің қолына ұстатпайды, жерге тастаудың мәні береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмақты жер ғана көтереді дегіндігі. Қазақта қамшы ұрлау үлкен қылмысқа саналса, тувалықтарда қамшыны құттың тұрағы, ырыс сыйлаушы атрибут санайтындықтан оны әкету бақытына таласқанмен бірдей саналған.
А.И.Левшиннің жазуынша қазақ зираттарында ерлерге найзасына қосып қамшы (!), аттың жалы, ту (мата) шаншуы (әйелдерге бақан мен піспек) — өсіп өну мен әскери магияның сорабы. Қазадан соң “тұлданған” заттар арасында (ер-тұрман, киім, қару-жарақ) қамшы орын алады: көш кезінде “тұл атты” ерттеп, оған адам сұлбасына келтірілген тұлдың “бұты” мен “аяғын” ерге қондырып, үстіне шапан жабады да, қамшысын қыстырып, тымағын ердің қасына іліп жетектеп жүргізеді (Нұрсан Әлімбай).
Қамшы сәлем, естелiк, құпия «тiл» (пароль) немесе сый орнында жүрді: астарлы сөзiн беріп жіберген қамшысының шашағын байлау, өрімнің ұшын тарқату, бүлдiргесiн үзiп жолдау қатарлы ишарамен айтпақ ойын құпия түрде ұшқыр, тапқыр санамен бiлдiредi. Отағасы жоқта үйге келген бөгде адам “айналып соғатынын” білдіріп, қамшысын тастап кетеді. Ат әбзелдерін күтімдеп, ара-тұра майлап ұстағанымен “жүген майласа — ырыс, қамшы майласа — ұрыс” деп қамшы майлағанды жақсы ырымға баламаған. Бұл қамшының құдіретінен сескеніп салынған тыйымның бірі.
Қазақ санасында қамшыға байланысты туған паремиологиялық мәліметтерде қамшының алуан түрлі қызметі туралы ақпараттар таңбаланған. Айталық, қамшы сілтесе келді – егесу, кіжінісіп бір-біріне қарсы келіп тәжікелесу; “қамшы үйірді” — қорқытып, қауіп төндіріп, күш көрсетті; “қамшы болды” — түрткі болды, итермеледі, “қамшыдай қатты” — арқтады, арып жүдеді; “қамшысын алып келуге (беруге) жарамады” — шірік, былжыр, қолынан дәнеңе келмейтін кісі және т.б. (С.Кеңесбаев).
Сайып келгенде, қамшы қазақы дәстүрлі ортада адамның тіршілік циклының ең мәнділерінің (туу–азамат болу–өлу) барлығына қамшы «араласады». Ғұрыптарға қатысты атқарылатын жосын- жоралғыларда (бесікке салу–атқа міну–қалыңдық таңдау-құдандалық-үйлену–өліктің артын беру-марқұмға белгі көтеру) және адамның амандығы мен денсаулығы қамтамасыз ету (сақтандырушы, емдеу шараларында және т.б.) түрлі деңгейдегі (адам, қауымаралық, рулық деңгейдегі) қатынастарды (дау-шарды) реттеуде маркер, көшпелі ортадағы мәдени жадыны (этикет, ақпарат, коммуникациялық мәдениет және т.б.) өміршең ету «құралы», күнделікті тұрмыс, шаруашылық қарекетінде (қару, саятшылық) сияқты адам болмысының барлық қырына араласатын сан алуан семантикалық жүгі бар мәнді мәдени категорияның ролін атқарғандығын, яғни кешенді «қызметтері» бар, ерекше мәнге ие сакралды бұйым екендігін екшеп айтамыз.
Бабақұмар Хинаят
тарих ғылымдарының кандидаты