Меню сайта
Форма входа
Поиск

Жыл – Жердің Күнді бір айналып шығуына кететін уақыт. Жай жылдары 365 тәуліктен, кібісе жылдары 366 тәуліктен тұрады. Бір жылда 12 ай бар.

Ай – жылдың бөлігі, уақыт өлшемі, ұзақтығы Айдың Жерді бір айналып шығатын мезгіліне тең. Айдың тынысы мен сипаты - өзіне тән ауа райы.

Ауа райы – атмосфераның жергілікті жердегі белгілі бір уақытта байқалатын құбылмалы жағдайы. Атмосфераның бірнеше қабатындағы ауа температурасы мен ылғалдығы, бұлттылық, жауын-шашын, нөсер, жел, боран, тұман, тағы басқа метеорологиялық элементтердің жиынтығымен сипатталды. Кей бірінің 1-2 аптаға созылатын, жыл сайын бір уақытта қайталап отыратын тиянақсыз қара суық, ызғарлы жел, жауын-шашынды қолайсыз құбылытары – Амал.

Бағзы заманнан әр жыл он екі айға таратылып, үш-үштен төрт маусымға жұптастрылған. Маусым атаулары: көктем, жаз, күз, қыс немесе төрт тоқсан: жыл тоқсан, жаз тоқсан, күз тоқсан және қыс тоқсан. Жыл санау жүйесінің негізіне әр ай мен маусым атаулары айғақтап тұрғандай, ауа райының ауыспалы, құбылмалы, өзгермелі факторлары алынған. Осы ұстанымға сүйеніп, ауа райының сыр-сипатын көп жылдар бойы байқап, бақылап зерттеген халықтың болжамды тұжырымдары жеткілікті.

Өмір-тоқтаусыз қимыл, қозғалыс. Жыл жылға ұқсамайды және өзгере берді. Демек, баяндағалы отырған кейбір болжамның өз қалпынан ауытқуы мүмкін. Дегенмен негізсіз, жүйесіз түйін болмайды.

Жыл – он екі ай. Көптеген мұсылман елдерінде жылдың бірінші айы – наурыз, бірінші маусым-жазғытұрым (көктем).

 

ЖАЗҒЫТҰРЫМ

( Көктем)

«Болды, міне, дәл алты ай,

Жаттың ұйықтап, еркетай.

Ұйқың қанды, тұр, қозым,

Аш көзінді жұлдызым!» -

деп маңдайдан ақырын,

Жұмсақ жылы сәулемен

Сипап жерді Күн күлер.

 

Аяқтарын көсіліп,

Еркеленіп есінеп,

Жер-нәресте жас бала

жаңа оянып жатқанда,

Жұмсақ ыстық бетінен

тәтгі ғана сүйсем деп,

Күбірлеп жылы Жел жүрер.

Дамыл алмай жылар қар,

Ақ шымылдық ашылар.

Сылқ-сылқ күліп сыбырлап,

Бірдеңе деп былдырлап,

Көрінгеннен сүйінші

сұрайтын жас баладай

Асығып сулар жүгірер.

 

Керіліп ерке жер тұрар,

Мөлдір сумен жуынар.

Үлде менен бүлдеге,

Түрлі түсті гүлдерге,

Ши жібекке оранып,

Караңғыда көз тоймас,

Бүлдіршіндей киінер.

 

Көріп сұлу баласын,

Көз ішінде қарасын,

Қуанып, тасып жүрегі,

Қысып ыстық сүйеді.

Ұзын күнде ару жоқ,

Періштем деп айналып,

Алтын апа Күн жүрер.

 

Мұны көріп бұлттар,

Күңіреніп етер зар:

«Біздерде алтын ана жоқ,

Қысып сүйер бала жоқ,

Тұрақ та жоқ белгілі», -

деп тұнжырап күрсініп,

Әлсін-әлсін жас төгер.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ,

«Жазғытұрым».

 

Астрономия тұрғысынан көктем 93 күн (наурыздың 22 жұлдызынан маусымның 22 жұлдызына дейін). Бұл – жер шары орбитасының күн меп түннің жазғы-тұрғы теңелу нүктесінен жазғы күн тоқырау нүктесіне дейінгі мезгіл аралығы.

Күн жылынып, қар кетеді, тоң жібиді. Ағаштар жапырақ жайып, жер көктейді. Көктем атауы осыдан шыққан.

Жан-жануар, жәндіктер қысқы ұйқыдан оянады, жыл құстары оралып ұя салады. Мал төлдеп, су бөгеліп, егіншілік жұмысы басталады. Бұл шаруаның қарбалас шағы. Күн ұзарып, түн қысқара беретін, «жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілеті»» осы кез халық аузында «ҰЗЫН САРЫ».

НАУРЫЗ

Біреуім екеу болып – мал қосылды,

Қораға бұзау, лақ, қозы толды.

ЬІзғарлы суық қыстың кәрі кеміп,

Аспаннан күн күлімдеп, шырайы онды.

Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,

Сай-сала гүрілдесіп суға толар.

Бөленіп жер жібекке, мың құлпырып,

Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.

Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды,

Кешегі көрген бейнет артта қалды.

Өмірге жаңа жолдар ашатұғын

Жаңа жыл-бүгінгі күн, жаздың алды.

Бейімбет МАЙЛИН,

«Наурыз тілегі».

 

Наурыздың (парсыша «Нау» — жаңа, «Руз» — күн яғни жаңа күн) 22 жұлдызы күн мен түннің ұзақтық мерзімі теңесетін, Жаңа жылдың бірінші — Ұлыстың ұлы күні.

Халық: «Ақпан қысты аластаса, Наурыз жаназасын шығарады. Наурыз — ђзілқой ай, жылатады да, књлдіреді де», - дейді.

Көктемнің шуағы мол да, мерзімі қысқа. Бірде күн төбе қыздырса, кейде табан сыздатады. Наурыздың орта немесе соңғы шені өкпек жел соғып, қар күрт еріп, жер лайсаң тартатын шақ «Аласапыран» аталады. Жаңа жылдың алдында не алғашқы күндері жауған, жылтылдап көз шағылыстырар жұмсақ ұлпа қар — «Наурыздың ақша қары» тез ериді. Бұл қар «Құс қанаты» яғни құс келер алды қар деп те аталады.

Наурыздың 17 жұлдызынан (кібісе жылы 16 жұлдызынан) 21 жұлдызына дейінгі аралық — «Бес-қонақ».

Наурыздың соңында шаруаға жайлы жағдай туғызар 5-10 күндік жауын-шашынды амал — Бес тоғыстың бет жуары. Бұл ай-ит шуақ, кемпір шуақ, ескек желді ай. Наурызда Үркер туа таң атады.

 

НАУРЫЗДА

—     үйеңкі мен қайың бойына шырын жүгіреді;

—     ерте жалт ойнаса, кешікпей күн суытады;

—     ертеңгі күн күркірі суықтық хабары;

—     алғашқы рет күн күркірегенде жел арқадан тұрса — ай бойы салқын, шығыстан тұрса-құрғақ, түстіктен соқса-жылы болмақ;

—     бұлт тым жоғары және тез көшсе, ауа райы жақсарады;

—      алғашқы күндері жайма-шуақсыз ауа райы серпінді болса, ол ай бойы құбылады;

—    ай ортасында ауа райы қандай болса, жаз бойы да сондай, жылы жел ессе-жаз қолайлы, жел арқадан соғып, салқындаса-жаз қоңыр салқын, жаңбыр жауса-бүкіл жаз жаңбырлы.

 

 

СӘУІР

(Көкек)

Сабылып келді, міне, сәуір айы,

Сәуір айы-қазақтың тәуір айы.

Жылайды да тұрады жылаңқы бұлт,

Бара жатыр не болып ауа райы?!

 

Жылап тұр, жылаңқы бұлт сабылып тұр,

Сағынып тұр күн нұрын, жабығып тұр.

Бірде жауын, біресе қарға айналып,

Сәуір айы малшыға қағынып тұр.

Мұқағали МАҚАТАЕВ,

«Сәуір айы».

 

Айдың екі атауы бар. Екеуі де қар кетіп, күннін жылынуына сәйкесті шықса керек. Бірі-көкек, сол кезде келіп, алғаш «көкектеп» шақырған құстың дауысы естілуіне, екіншісі-сәуір, халықтың «Сәуір тумай, тәуір болмайды» деген мәтеліне байланыстырылады.

Көкек айы көктемнің күшіне енер шағы, жауын-шашынды ай. Кейде тәулік бойы үзілмей сылбыр жаңбыр жауады. Ол — «Сәуірдің ақ жаңбыры».

Көкек отамалы — желді, бірде қарлы, бірде жаңбырлы, ауа райының құбылмалы қолайсыз шағы, айдың 11 жұлдызында кіріп, 17 жұлдызында шығады. Есепшілердің айтуы бойынша, отамалы: «Қара жерғе келсем, қар әкелемін (боранды, жауын-шашынды қолайсыз ауа райы), қарға келсем, қар әкетемін» — дейді екен. Осыған орай, «Отамалы ойылған қыс» сөз тіркесі бар.

 

КӨКЕК АЙЫНДА

—     күн күркіреп, көктемнің хабарын жеткізеді;

—     екінші он күнде әуелі суық жел есіп, соңынан жылы леп береді;

—     үшінші он күнде ірі өзендерде сен жүріп, су тасиды. Тау өзендерінің тасқыны арыпдайды;

—    аспан ашық көкшіл түске енсе, күн жылынып, жанбыр жауады;

—    түн жарық болса, кешікпей жер тоңазиды;

—     қайың қандыағаштан бұрын жапырақ жайса — жаз қуаң;

—    емен шетеннен бұрын жапырақ жайса — жаз құрғақшылық;

—    өзен сулары көп тасыса — жаз ыстық.

 

МАМЫР

Май ұраны: көгерсін жер, көгерсін!

Жасыл жібек өсімдікке бөленсін.

Жұпарлы жер жансыздарга жан беріп,

Өмір сүріп қыбырласып, кенелсін!

Сайрасын құс, жайнасын дөң, күлсін Күн,

Оттай шалқып, көзді тартсын, шықсын гүл.

Бұлақ ақсын, бұлаң қақсын, тауларды

сагым бөлеп, бұп-бұлдыр бассын нұр.

Толқысын көл, жасыл құрақ жайқалсын,

Ақ үкісі бұлғаландап шайқалсын.

Жасыл бүліс үстін жауып ағаштың,

Жас бұтақтар бұраландап шайқалсын.

Бұзау, қозы, құлын, бота, лақтар,

Салсын асыр жаңа шыққан құлақтар.

Май асасын, бір жасасын ешкі, қой,

Сиыр, бие, түйе, аққан бұлақтар.

Еккен егін самал толқып ырғалсын,

Қара топырақ жап-жасыл боп сырлансын.

Қоңыр бұлттан маржан жаңбыр сорғалап,

Күркіреп күн, егілген жер дымдалсын.

Сәбит МҰҚАНОВ,

«Май ұраны».

 

Жылдың үшінші айы, көктемнің ең сұлу жасыл шағы және әуезді соңы. Жыл құстары келіп болады, ұя салып, балапандарын өргізеді. Аққудың, қаздың, үйректің топшысы бекімеген, ұша алмайтын үрпек балапандары мамыр делшеді. Осыган ыңғайлап, айға «МАМЫР» атауы берілсе керек.

Мамырдың 17-19 жұлдыздары - құралай, қара суық дауылды күндер.

 

МАМЫРДА

—     алғашқы күн ашық, жылы болса — айдың соңы салқын немесе керісінше;

—     ай бойы жылылық болса — бүкіл жаздағы ауа райы бір қалыпты;

—     ай жаңбырлы болса — маусым ылғалсыз, қыркүйекте жаңбыр сирейді;

—     қайыңнан шырын көп бөлінсе, үйеңкі мезгілінен бұрын түбіттенсе, үйеңкі мен қандыағаш қайыңнан бұрын жапырақ жайса — жаз жаңбырлы;

—     қайың үйеңкі мен қандыағаштан бұрын жапырақ жайса — жаз ыссы;

—      қайыћ мезгілінен бұрын тњбіт гиашса — жаз

қуаћ;

—      айдың соңында қайың ең соңғы жапырағын жаяды.

 

ЖАЗ

Жазды күн шілде болғанда,

Көкорай шалғын бәйшешек

ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге

көшіп ауыл қонганда;

Шұрқырап жатқан жылқының

шалғыннан жоны қылтылдап;

Ат, айғырлар, биелер

бүйірі шығып ыңқылдап;

Суда тұрып шыбындап,

Құйрығымен шылпылдап;

Арасында құлын, тай

айнала шауып бұлтылдап.

АБАЙ,

«Жаз».

 

Бұл кезең жер шары өз орбитасынан жазғы күн тоқырау нүктесінен күн мен түннің күзгі теңелу нүктесіне дейінгі аралық. Астрономия тұрғысынан жаз 93 күн (Маусымның 23 жұлдызынан қыркүйектін 23 жұлдызына дейін). «Үркер жанбасқа келсе, жаз шықпағанда несі бар», — дейді халық Күнделікті тұрмыста, көктем мен күздің жылы кездерін алты ай жаз деп те есептейді.

Жаз — табиғаты жадыраңқы, адамзаттың, жанжануарлар әлемінің тіршілігіне жайлы, шаруашылық жүргізуге ең қолайлы кез.

 

МАУСЫМ

Бет бұрсаң жасыл бұйра баққа қарай,

Көркіне қала алмайсың жалт қарамай.

Маусымда жасыл желек жамылады

Қыз қайың, жігіт емен, қарт қарағай.

Бақ жасыл.

Төңіректің бәрі жасыл.

Құйғандай жасыл бояу жаныңа сыр.

Самалы сахараның соғып өтсе,

Ойнайды жасыл шалғын салып асыр.

Сатыбалды ДӘУІМҰЛЫ

«Мезгіл боялары»

 

Жаздың бірінші айы, қосалқы атауы отамалы. Бұл жердің отаю кезеңін меңзейді. Қазақта «Маусым – табаныңнан таусыл» деген мәтел бар. Мағынасы – аталған айда қауырт шаруашылық жұмыстардың

көптігін, соған орай адамның ақ тер, көк тер болып еңбек етуін білдіру.

«Күн ілінді» дейді халық күннің ұзарғанын. Маусымның 22 жұлдызы күн ілінген, ең ұзақ күн, ең қысқа түн. Күннің ең биік қалыпта болатын жазғы күн тоқырауы. Жаз жаңбырлы болса, қыс қарлы. Айдың 20 жанасында таң ата Үркер жұлдызы көрінеді, ыстық жел соғады.

 

МАУСЫМДА

—    айдың алғашқы екі күні жауын-шашынды болса — ай бойы құрғақ;

—    алғашқы аптада ауа райы құбылмалы болса — айдың екінші жартысы құрғақ;

—    тұманда күн шықса — күндіз қапырық;

—    күн сәулесі күңгірттенсе — күшті найзағай жарқылдайды;

—    жел бір жақтан ұзақ соғып, кенет бағытын өзгертсе, үлпілдек бүрін ашып, ұлпасын шашса, күн шығарда ауа қапырық болса, таңертең күн үсті-үстіне ұзақ күркіресе, тоғай үстіне тұман қонса, ауа райы ұзақ уақыт бір қалыпты тыныш тұрып, соңынан жел күшейсе — жаңбыр жауады:

—   жаңбырдан су беті көпіршісе — жауын-шашын ұзаққа созылады;

—   өзен суы тартылса — жауынға, арнасы толса ауа райының жақсаруына көрінеді;

—   күн батарда бұлт қалындап, қара көкшілденсе – түнде найзағай ойнайды;

—   күн құмығып күркіресе-жай жаңбыр, шатырласа-нөсер құяды;

—   дала шырмауығы ертемен тәжін (гүлін) ашса, жаңбыр аралас қатты жел соқса — ауа райы жақсарады;

—     түнде тұман мен шық мол түссе — қолайлы ауа райы тұрақтанады.

 

КЕМПІРҚОСАҚ 

—     таңертең тартылса — жауып хабаршысы;

—     қызыл бояуы қалыңдаса — жел тұрып, кейін ауа райы ашылады;

—     күнбағыстан көрінсе — ауа райы жақсарады;

—    жаңбырдан соң тез тараса — ауа райы ашылады, ұзақ тұрса — жауын-шашын әкеледі;

 

ШІЛДЕ

Шілде, шілдем-шілде айым,

Шырылдап торғай күн сайын.

Шұбар ала шешектер,

Шудаланған көк шөптер.

Жапырақтар жалпайды,

Жас қозылар марқайды.

Ұшты көкек қуалай,

Сайда пісті таңқурай.

Құрт, ірімшік қайналды,

Құлындар да байланды.

Ілияс ЖАНСҮГІРОВ,

«Жазғы шілде».

 

Шілде — жаздың бел ортасы, аптап ыстықтын шыңы, өсімдіктерден жұпар иісі аңқыған шақ. Айдың осылай аталуымен қатар, маусым айының 26 жұлдызынан тамыз айының 5 жұлдызына дейінгі ауа райының өте ыстық кезінің ұзақтығына байланысты, «Қырық күн шілде» ұғымы туған және бұл күндер «Ұлы шілде» аталған. «Күн шіліңғір» делінеді шілденің аңызақ, аптап күні.

Шілденің 20 жұлдызында Таразы (нарық) жұлдызы туып, таң суи бастайды. Қазақтың «Таразыда таң суидысы» осы кез.

Қырық күн шілде халық аузында Суыр деп те аталады. «Сұмырай келсе су құриды» деғен мақалдағы сұмырай — суыр айы сөзінің мағынасын береді. Айдың тағы бір көне атауы — Асат.

 

ШІЛДЕДЕ

Алғашқы он күнде

—    таңертең шөп басы құргақ болса — түнде жаңбыр жауады;

—     күн күркірі жаңғырып естілсе-нөсерлетеді;

—    түнгі шық кегіпесе — найзағай жарқылдайды;

—     шық қалың түссе — аспан шайдай ашылады;

—     танертең тұман өзен, көл суын бауырласа — ауа райы жақсарады;

—     көлмектен тұнба иіс мөңкісе, өткінші жауыннан кейін кемпірқосақ солтүстіктен онтүстікке тартылып, қапық қызыл түске боялса — жанбыр жауады.

Екінші он күнде

—     көкек шақыруын тыймаса — жаз ұзақ;

—     ағаш жапырақтары сарғая бастаса — күз бен қыс ерте түседі;

Үшінші он күнде

—     аптап басталады;

—     жерді шық басқан «жылауық» күндер туады;

—     ауа ыстық болса — келер желтоқсан суық;

—    қымыздық бітік шықса — алдағы қыс жұмсақ;

—     арша гүлдегенде шілде бітігі, тамыз туады.

 

ТАМЫЗ

Алаудай бетті шарпып аңызағы,

Өртеніп туды биыл тамыз айы.

Аптаптан желдің де өзі деміккендей,

Ышқына ішін тартып азынайды.

 

Жарылып аспандағы алып шыны,

Кеткендей ақтарылып бар ыстығы.

Шөл қысып жалпақ жатқан кең даланы,

Таңдайға тіліп алып жабыстырды.

Сатыбалды ДӘУІМҰЛЫ,

«Жалын гұмыр».

 

Айдың бір атауы — Сарша, мағынасы — шөп қуарып, жердің сарғаюы, шілденің аяқ кезі мен тамыздың бас кезіндегі ми қайнататын аптап ыстық. Жаз ортасы ауып, ағаш жапырақтары мен өсімдік сабақтары сола бастаған шақ. Сандықтан ай қосар сөзбен «Сарша тамыз» , - деп аталды.

Айдың жиырма жаңасында Сүмбіле жұлдызы туып, су салқындай бастайды. Осыған орай «Сүмбіледе су суиды» нақылы тараған.

Лақ сүмбіле – тамыз айының бірінші жартысы.

Теке сүмбіле – тамыз айының екінші жартысы.

 

ТАМЫЗДА

- алғашқы күн ылғалды болса – ай жаңбырлы, жайма шуақ болса – құрғақшылық;

- таң алдында жұлдыздар жиі жымындаса 2-3 күннен соң жаңбыр жаумақ;

- үздіксіз күн күркіресе – нөсер құяды;

- түнгі шық кеппесе – найзағай ойнайды;

- мысық торғай (сарғалдақ) шақырса, күн қызыл құлақтанып шығып, бетін бұлт торласа, қоғажай мен беденің гүл шоғырлары бүрісіп, ауызын жапса жаңбыр жауады;

- жауыннан кейін батпақтың беті көгерсе – жаңбыр қайталады;

- күн сәулесінен тұман тез тараса – қолайлы ауа райы біразға созылады;

- ағаш жапырақтары сарғая бастаса – күз ерте түседі;

- көкжиек алыстан көрінсе – ауа райы жайма шуақ;

- алғашқы он күндіктің соңында ауа райы қандай болса, соңғы төрт жұма да сондай;

- үшінші он күнде жауын жауса – жеті бойы сулы-сылпық, күшті жел тұрса-қыркүйек жаңбырлы.

 

Тамыз айдағы ашық, жақсы ауа райының белгілері

Көкніл көкжиектен таңның алтын шапақтанып атуы, таңертеңгі шықтың молдығы, тұманның су бетін бауырлауы, күннің тұманды жарып шығуы, өзен су деңгейінің көтерілуі.

Ауа райының құбылып бұзылу нышандары

Малдың суды аз ішуі, желсіз күні тоғайдың шуылдауы, кемпірқосақтың төмен көлбей тартылуы, орман құстары шуылының тынуы.

 

КҮЗ

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан,

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай...

АБАЙ,

«Күз».

 

Бұлт маусам жер шары орбитасының күн мен түннің күзгі теңелу нүктесінен  күннің қысқы тоқырау нүктесіне дейінгі аралық. Астрономия тұрғысынан 90 күн. (Қыркүйектің 24 жұлдызынан желтоқсанның 22 жұлдызына дейін).

Күзде күн суытып, көлдер мен өзендердің суы тартылады, өсімдіктер қуарып, ағаш жапырақтары түседі. Егін пісіп орылады. Мал қоңданады. Жыл құстары тізбектеліп жылы өлкелерге кетеді. Күн қысқара береді. Жауын-шашынды жаз, қоңыр күз келер қыстың ұзақтығын білдіреді.

Халық аузында күздің бірнеше атауы бар.

Мырза (жомарт) күз – дәнді дақылдар мен жеміс-жидектер пісіп молайған шақ.

Сары (алтын) күз  ағаштардың, өсімдіктердің жапырақтары сарғайып түлеген кез.

Жылауық күз – күн салқындай бастаған, жауын-шашынды ылайсаң мезгіл.

Қоныр күз – күн бұлыңғыр тартып, қара уық түскен кез.

Қара күз – күздің нағыз суық түскен кезі.

Боқырау – қар жаып, суық түсе бастаған кез, күздің соңғы айлары.

 

ҚЫРКҮЙЕК

Туған ел, қандай ғажап қоңыр күзің,

Көмкерген сары алтынмен жердің жүзін.

Табиғат картасынан қазір көшкен,

Жаздың да жас иісті көрем ізін...

Жаз бен күз айырмаған әзірге ірге,

Толқындап алтын дария жатыр түзде.

Мейірімді өнерпаз жаз аттанарда,

Жасауын тапсырғандай қоңыр күзге...

Сәнді күз кемеліне келген шалқып,

Дегендей «Кезің бар ма менен артық!»

Байырғы дәстүрменен мырзасынып,

Қалдырмай, бар байлығын түгел тартып.

Әбу СӘРСЕНБАЕВ,

«Алтын күз».

 

Қыркүйек — күз басы, күзем айы. Саулықтар мен ешкілердің төлдеу мерзімін реттеу, оны жылы айларға келтіру мақсатында жаздың басында қошқарлар мен текелерге байланған күйек 90 күннен кейін алынатын мерзімге сәйкес келуіне байланысты айға «қыркүйек» атауы берілген.

Қыркүйектегі біраз күндік ерекше жайлы шуақ — «мизан шуагы».

Айдың соңғы, қазан айының бас кезіпде киік, ақбөкен, қарақұйрык, текелері үйірге түсер шақтағы бұл амал (он жеті тоғыс) — Киіктің матауы.

«Тамыз бәрін пісіреді, қыркүйек табаққа түсіреді» дейді халық.

 

ҚЫРКҮЙЕКТЕ

—    алғашқы күндері күн күркіресе – күз жылы; жауынсыз жылы болса, күз кеш түседі;

—     жидек өнімді болса — күз ылғалды, өнімсіз болса құрғақ;

—     ауа райы құрғақ әрі жылы болса, қыс кеш түседі;

—      ағаш жапырақтары ерте түссе, қыс та ерте түседі;

—     ағаш жапырақтары түгел түспесе — қысқы ауа райы бір қалыпты;

—     қайың мен емен жапырақтары тегіс түссе — келер қыс қаһарлы;

—     қайың жапырақтары жоғарғы бұтақтардан бастап сарғайса, кектем ерте келеді, теменнен бастаса — кеш;

—     шырша бүршіктері төмен өссе, аяз ерте тұрады, жоғары өссе — қыстың соңы суық;

—     көктерек жапырақтары тегіс жазылса — келер қыс суық, ішкі беті жоғары қарай бүріссе — қыс жылы, әрі-сәрілігі — қыстың қолайлылығы;

—     айдың ортасында күн бұлыңғыр болса - күз жауын-шашынды, ашық болса — жайма-шуақ;

—    айдың соңғы күндері мұз сүмелектері ұзын болса — келер жаз ұзақ;

Айдың соңы жазбен қоштасу. Күн салқындап, жанжануарлар, құрт-құмырсқалар қысқы қоныстарына жайғасады.

 

ҚАЗАН

Сары жапырақ - күздің күні сары алтын.

Сары жапырақ - күздің оты жанатын.

Сары жапырақ - күздің құсы, жел жұлып

Орта жолда тастап кеткен қанатын.

Сырбай МӘУЛЕНОВ,

«Рауаң».

 

Ерте кезде ай «ҚҰЗАН» аталған. Бұл кезде жыл құстары жылы жаққа ауып, жергілікті мекендерде қарға, құзғындардың қалуы ай атауына себеп болуы мүмкін.

ҚАЗАН - алғашқы үсік жүретін қара суық айы. Бұлт қоюланған жаңбырлы, су беті қабыршықтанып, бозқырау түсер күзгі сілбі шақ. Түні қараңғы. Кеш піскен жеміс-жидек, бау-бақша, көкөністер суыққа ұрынар, ондай өнімдерді «Қазан соқты, қазан ұрды» дер шақ.

Бүкіл қысқа жетер соғым союға ерге болғандытан, қазанда жұрт жылқы мен қарамалды бірлесігі сойып, жіліктеп, аяқтап бөліседі де, келер соғымға дейін талғажау етеді. Бұл — ел аузында «қазан асы».

Осы айда мезгілі жетіп сарғайған терек жапырақтарын жерге төккен желдіқазанның жапырақ желі дейді, төгілген жапырақтары — «қазан жапырақ», ал ызғарлы қатты желі «қазанның қара дауылы» атанған.

Қазан айының соңында, қарашаның бас кезінде 5-10 күндік жауын-шашынды кезде бұғы маралмен насай топыр құрады. Он бес тоғысқа сәйкес келетін бұл амал — «буғының мойын жуары».

Қазанда бүкіл ауыл шаруашылығы жұмыстары жинақталады.

 

ҚАЗАНДА

— айдың басында жел арқадан соқса - суықтық, түстіктен соқса - жылылық әкеледі, батыстан соқса - ауа ылғалданады, шығыстан соқса - жайма-шуақ; солтүстік батыстан өткір жел соғуы келер қыстың қаһарлылығын меңзейді; қар жауса, қаңтардың соңында, ақпанның басында күн жылынады;

—     алғашқы ызғарда ағаш жапырақтары сарғаймаса немесе үзіліп түспесе, күн қайта жылынып, ауа райы тұрақтанады;

—    жаңа ай Жаңбырлы күні туса - келер ай түгел жаңбырлы;

—      алғашқы қар жер құрғақта түссе, тез ериді, ылайсаң кезде түссе, жатып қалады; шие жапырақтары түспесе, қар қанша жауса да тез ериді;

—    тұман кешке түсіп, тез тараса, қатқақ болады;

—    құйрықты жұлдыз туса, өзен сулары тартылады;

—     күндіз жауған қар көп жатпайды, түнде жауса, ұзақ жатады;

—      күн көкжиектен тез көтеріліп, аспан шайдай ашылса, ауа райы өзгереді;

—    пияз қабығы қат-қабат көп болса - келер қыс қаһарлы;

—     емен мен қайың жапырақтары төгел түсгіесе - қыс қатаң, бірден түгел түссе, жүмсақ қысты күт;

—     қарағай мен шыршаның бөршігі аз болса - келер қыстың аязы сынық;

—     күн күркіреп, найзагай жарқылдаса - келер қыс қысқа әрі жұмсақ;

—    күн тұтылса - қыс қатты, келер наурыз, көкек, мамыр айлары жаңбырсыз, құрғақ;

—     айдың орта шенінде күн жылынса, жылылық үш жұмаға созылады; қар аралас жаңбыр жауса, қаңтарда екі-үш рет жаңбыр жауады; күн ашық жылы болса - келер жылғы маусым жаңбырлы, салқын.

 

 

КАРАША

Қараша желтоқсанмен сол бір-екі ай,

Қыстың басы — бірі ерте, біреуі жай.

Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп,

Ықтырмамен күзеуде отырар бай.

АБАЙ.

 

Қарашаның атасы-қыркүйек, әкесі-қазан, қосағасы-қыс.

Қараша-жылдың іңірі, қыстың босағасы.

Қараша-қара суық айы, арбамен қоштасар, шанаға топтасар кез. Күпіні шешкізіп, тон кигізеді.

Қараша — «Толған Ай тұрса Үркерге қарсы қарап, қыс түсер шақырайып, боран сабап» дейтін он үш тоғыс айы.

Қарашада аспан түнереді. Жер бауырлап дымқыл тұман түседі, зілмауыр бұлттар көшеді. Күн қыскарады, ашық шуақты кез сирейді. Қар кейде жауып, кейде еріп, түнге қарай тоң қатады. Қарашада қара жерге қар түспей соққан өткір желді салқындықты — «қара суық» дейді.

Қарашаның қары-ала шабыр жолдас қар.

Қарашаның аяқ кезінде (он үш тоғыста) таутеке тауешкімен, құлжа арқармен үйірге түседі. Бұл амал «теке бұрақ (бұрқылдақ)». Бұл айда төл марқайып, мал семіреді. Күзеу тозып, жаздай мал тұяғы таптаған өріс қараяды. Жердің оты кетіп, бел-бедері күлгін тартады. Ащы шөптер ғана шырын жинайды. «Қараша — қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» (мәтел) айы.

 

ҚАРАШАДА

—    маса ұшырасса - қыс жылы, күн күркіресе - қаһарлы;

—     ай тұтылса - келер қыс суық, ай шалқасынан туса, қар қалың түсіп, қаһарлы қыс ұзаққа созылады;

—     ағаш бутақтарын қырау басса, ертеңіне қар жауады, шөпке ызғарлы қырау қонса, жаңбыр жауады;

қар ерте түссе, көктем ерте келеді;

—     найзағай жарқылдаса, келер жаз жаңбырлы;

—      кемпірқосақ көрінсе - қыс қатты, көктем жаңбырлы болғанмен, жаз ыссы, қуаңшылық.

 

Бірінші он күнде

—     тоң қатып, салқын жел тұрса, қаңтарға дейін қар жаумайды; ағаш жапырақтары түспей, жауғап қар ұзақ жатпайды; ашық күн болса - келер қыс жылы; бұлт жиі үйірілсе, желтоқсан айының ортасында қатты аяз тұрады.

 

Екінші он күнде

—    түскен тұман тез тараса, күн жылынады; қар жауса - келер қыс қаһарлы; бұлтты және желді келсе, қаңтардың басында қар көп жауады.

 

Үшінші он күнде

—     құдықтың суы көтерілсе - аяз тұрады; қар аралас жаңбыр жауса, желтоқсан айында күн жылынғады; айдың соңғы күні, ауа райы қандай болса, қыс бойы сондай.

Нағыз қыс алғашқы қардан 40 күн соң түсед

Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Архив записей
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0