Меню сайта
Форма входа
Поиск

Адам өміріндегі ең бір қызықты да, қуанышты да ұмтылмас белең – оның үйленіп, жеке отау тігуі. Ұрпақтарыныңүлгілі отау құруы – сол жастардың ата‑аналары мен ауыл адамдарының ғана тілек‑талабы емес, қоғамдық қажеттілік. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы әр шаңырақтың босағасы берік, мерейі үстем болмай, мемлекеттің де мықты болуы мүмкін емес.

Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт‑дәстүрлері бар. Бұл әдет‑ғұрыптар ұрпағының келешегін, нәсілінің болашағын ескеруден туындаған.

Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша, қазақ жұртында отау тігудің бірден‑бір жолы – құда түсіп, қалың мал төлеп үйлену арқылы жүргізілді. «Құда түсіп, қалыңмал төлеп үйлену» деген ұғымның мағынасы өте кең. Бұдан қазақ жастары қалыңдығын өздері таңдап‑талғамай, оларға болашақ жарын тек әкесі алып берген екен деген қортынды шықпауға тиіс. Әрине, қазақтар көбіне балаларды атастыру арқылы үйлендіретін. Атастыру – екі жан достың әйелдері бір мезгілде аяғы ауырлап, олар «егер сенің әйелің қыз туып, менің әйелім ұл туса, екеуіміз құда болайық» деп бөпелер тумай‑ақ өзара келісу. Дегеніндей болса, уақыты келгенде екі жасты үйлендіретін. Егер екеуіде ұл, не қыз болса, онда олар өскен соң әкелеріндей дос болып өтуге тиіс болған. Бұл салттың көрінісі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  жырында жақсы сақталған.

Ал «Қыз Жібек», «Қамбар батыр», «Қобыланды Батыр» секілді эпостық мұраларымыздан жігітке де, қызға да жар таңдап, ұнатқан адамына қосылуына ерік берілген ежелгі дәстүр сілемін көреміз.

Сондай‑ақ екі жастың көңілдері жарасса, жігіт сүйгенін алып қашып үйленуі де ертеден келе жатқан үрдістің бірі. Мұндай жағдайда жігіт жағы айып төлеп, көп шығынға батады.

Сол сияқты жігіт өзіне ұнаған қыздың әкесіне сөз салу арқылы да үйленеді. Бұл рәсім «қыз айттыру» деп аталады.

Міне, осы аталған үйлену дәстүрлерінің бәрінде де жігіт жағы міндетті түрде қызға құда түсіп, қалыңмал төлеп үйленеді.

Жігіт үйленер алдында әуелі өзіне ұнайтын теңін іздестіреді. Бұл дәстүр – «қыз көру», «жар таңдау» деп аталады. Шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішкен, аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын ерткен, құстың қыранын баптап, мылтықтың түзуін асынған, ақ шаңқан үй тігіп, саф таза ауада жаз жайлау, қыс қыстауға көшкен дала тұрғындары осы салтанатқа сай болашақ жарының да тұрмыс‑тіршілігінің ажар‑көркі болғанын ұнатқан. Асылы көшпелілердің ұғымы бойынша, бұл дүниеде түзу мылтығы, қыран құсы, жүйрік аты мен мінез‑құлқы мінсіз қатыны бар ердің төрт құбыласы тең деп танылған.

Сұлулыққа жаны үйір халқымыз ғасырлар бойы ерге адал жар, сенімді серік болар қыз баланың сымбаты мен келбеті, мінезі мен ақылы, тәрбиесі мен өнегесі қандай болу керектігі жөнінде дәстүрлі талғамы мен өлшемін қалыптастырған. Көнеден желісі үзілмеген халық ауыз әдебиеті мен жазба нұсқаларда бойжеткен қыз; «Сұңғақ бойлы, сыңғырлаған дауысты, оймақ ауыз, күлім көзді, жайдары мінезді, алма мойын, ақша бетті, ақ аршын төсті, тал шыбықтай бұралған бұраң белді, сүмбіл шашты, керілген ақ маңдайлы, сүйріктей ақ саусақты, сүрие қасты, ұзын кірпікті, ақ білек, маржан тісті, қыр мұрынды т.б» сөз суреттерімен сомдалған ғой...

Халықтық түсінік бойынша: «Тегіне қарап қызын ал, соғуына қарап қару ас», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Шешеге қарап қыз өсер» дегендей, текті қыздың белгісін туған анасының мінезі, үлгі‑өнегесі және қызына берген тәлім‑тәрбиесі айқындайды. Әдетте, «текті жердің қызы әдепті, көргенді, инабатты, іс ке шебер, қиыншылыққа төзімді» болып келеді. Өскен ортасы мен ата‑анасының артынан жаманат сөз ергізбейді. Сол себепті бабаларымыз «Аяғын көріп, асын іш, шешесін көріп қызын ал» деп өсиет қалдырған.

Құда түсу. Қазақ отбасында қыз баланы «үй құты» деп бағалап, оған ерекше сый‑құрмет көрсетіледі. Сол себепті де тұңғышы қыз болып туылған ата‑ана «Ырыс алды – қыз» деп қатты қуанысып, оны көздің жауын алатындай қызылмен киіндіріп, қос бұрымын төгілдіріп, төр жаққа отырғызатын. Тіліміздегі «Қызылды – қызына, ұзынды – ұлына» деген сөз осы дәстүрге байланысты қалыптасқан. Балиғатқа толған қыз бала үй ішінде жүргенде басына жұқа қызыл орамал тартса, сыртта (түзде) жүргенде қарқара, қарқаралы топы не қарқаралы тақия кикді. Осындай киім кию үлгісіне сай бойжеткен қыздар «қарқаралы қыз», «қызыл орамалды қыз» атанған.

Басы бос бойжеткенді киген киімінен бірден таныған қыз көрушілер қызының ұнағанын оның әке‑шешесіне сөз емеурінімен сездіреді. Қыз шешесі; «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды», «Қызымның ұнағаны рас болса, бір белгі тастап кет», ‑ дейді. Жігіт әкесі үйдің төріне қамшысын іліп, «Құдалықтың басы осы болсын» деп, бір жорға байлайды екен. «Ұнатқан қызыңа сыйла» деп шешесі аманат қылған үкілі тақия, сырға, сақиналарын жігіт бойжеткенге ұсынады. Осындай жоралғылардан кейін ол үйдің қызы «үкілі қыз», «сақиналы қыз» атанады да, «қыздың басы бос емес, біреудің қалындығы» деп танылады. Төрдегі қамшы құда тусу тойы болғанша ілулі тұрады. Қыз әкесі бір‑бір жарым жыл жігіт үйінен жаушы күтеді. Осы шамада жігіт жағынан еш хабар болмаса, қыз үйі жігіт әкесінің қамшысын кері қайтарады. Бұл салт «қамшы қайтару» деп аталады да, «қызымның басын босаттым» деген ишараны білдіреді. Егер қыз әкесі жігіт үстінен билерге шағым жасаса, онда жігіт әкесі ат‑шапан айып төлейді.

Жаушы жіберу. Жаушы – қыз айттыруға баратын өкіл. Ол жөн‑жосақты білгіш, сөзге шешен, әзілге жүйрік адам болуы шарт. Міндеті – қыз әкесін көндіріп, бойжеткенге құда түсіп, құдалыққа келер күнді белгілеп қайту.

(Жаушы сөзі тіліміздегі ең көне сөздердің бірі. Савчы – «ұлы тәңір жіберген елшілердің бірі». Туыстық түркі тілдерінде, мәселен, тобыл тіліндегі сауцы, шағатай тілінде саучи, сабшы. Қазіргі тілінде «сөз саптау» тіркесінде сақталып қалғанбұл сөз «хабар», «сөз», «мақала» мағынасын білдіретін көне сөз түбірінен туындаған).

Жаушы ауылдан аттанарда шалбарының бір балағын етігінің қонышының сыртына шығарып, екінші балағын қонышқа сұғындырып қояды. Бұл – сапары сәтті болу үшін істелетін ырым. Сондай‑ақ «жолым ақ болсын» деген ниетпен әрі арнайы құдклыққа келе жатқаннын білдіру үшін ол астына қызыл ат (ақ түсті ат) мініп келеді. Жаушы бойжеткеннің үйіне кірген бойда қызға «Қарағым, көрпе сал» деп бұйырады. Бұл әдет оның осы үйге құда түсіп келгенін білдіреді. Егер қызының басы бос және жаушыны ұнатса, қыз әкесі бір жақын туысын, не ержеткен ұлын шақыртып, «Қане, бір мал әкеліп сой», ‑ деп бұйырады. Отағасының бұл ісі – «Құда түсуге келген кісіні қарсы аламын» деген мақұлы. Сыбағалы табақ тартылып, дастархан жиналған соң, келген қонақ тарапынан; «Сізде лашын бар, бізде сұңқар бар. Сол лашынды сұңқарыма ілдірейін деп едім» дегендей тұспал сөздер айтыла бастайды.

Қыздың ата‑анасы қарсы болмаса, жаушының өтінішін қабыл алып, екі жақ құда болысады. «Құдалық берік болсын» деген ырыммен қыз үйі жаушыға «шеге шапан» аталатын жағалы шапан кигізеді. Қыздың әке‑шешесі жаушыны риза қылып, «Құда‑құдағи келіп бір малдың етін жеп кетсін, сәлем айт» деп аттандырып салады. Бұл – жігіт енді құдалыққа келе беруіне деген ишарат білдіреді.

Құда түсу тойы. Жаушы келген соң, жігіттің етбауыр жанашыр туған‑туыстары жиналып, әңгіме‑дүкен құрып, құдалыққа барудың қамына кіріседі. Құда болып баратын адамдардың саны мен сапасы анықталады. Көргені көп, салт‑дәстүр, жөн‑жобаны жақсы білетін сөзге шешен, өнерлі адам бас құда болып тағайындалады. Қыз ауылының алыс‑жақындығына қарай 3-4‑тен 20-30‑ға дейін адам жиын құрып, құдалыққа аттанады. Бұл сапар – «құдаласу», ал оған арнап жасалған той – «құда түсу тойы» делінеді. «Құданы құдайдай күт» дегенге сай, қыз ауылы ақ шаңқан үйлер тігіп, оларды сән‑салтанатпен қарсы алады.

Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалынады. Оның бауыздау қанына қол батырып, бата бұзбауға серттеседі. О баста бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм тату арқылы жүзеге асырылған бұл ырым «қанға қан қосылады, енді туыс болдық» деген ишаратты білдірген. Тіліміздегі «ақ бата», «қызыл қан» деген сөз оралымында осы салттың жаңғырығы сақталған. Сондай‑ақ құда арасында реніш, кикілжің туса, не уәде бұзылса, «Сендерге не болды? Ақ бата, қызыл қан шығарған құда емессіңдерме?» ‑ деп басу айту да көнеден келе жатқан сөйлеу үлгісі. Дәулетіне қарай күйеу әкесі бата аяққа бата арнап, бір жылқы не түйе, болмаса түліктерді бір‑бір тоғызға толтырып береді. Мал бауыздалғанда бата берген құда «бауыздау құда» деп аталады.

Құдаласу үстіндегі ең жауапты сәттің бірі – құйрық‑бауыр асату дәстүрі. Құйрық пен бауыр туралған қос табақ екі жақтың сөзін сөйлер құдалар алдына тартылады. Қыз әкесі құйрық пен бауырды жапырақтап турап, алдымен құдаларына асатып, содан соң өздері асайды. Бұл екі жақ енді шынымен бауыр, туыс болады деген сөз. Құйрық‑бауыр жесіскен соң, дәстүр бойынша ешқашан уәдені бұзуға болмайды. Құдасы сертінен жазатайым тая қалған жағдайда билер «құйрық‑бауыр жесісіп пе едіңдер?» деп міндетті түрде сұрайды да, уәде бұзған жағына айып төлетеді. Сондай‑ақ қазакеңнің туысқан, ілік‑шатыс екенін білдіргісі келген тұста «Құйрық‑бауыр жесіскен құда едік қой» деп, еске алысып жататыны да сол замандармен жасасып келе жатқан байырғы құлаққағысөз.

Ақ бата беріп, қызыл қан шығарып, құйрық‑бауыр жесіскеннен кейін құдалар торқалы той, топырақты өлімде бастары ажырамай, бірге тойлап, бірге көтеретін ең жақын жекжаттар болып саналады. Осы жиында құдалар өзара ақылдаса отырып, қыздың ұзатылу мерзімін, қалыңмал мен жасасу мөлшерін келісіп, белгілейді.

Құдалық әбден қызған сәтте «Қуаныштарын құтты болсын!» деп кіріп келген бір топ әйел шашуды сылтау етіп, құдаларға үлкенді‑кішілі құрттарды жаудырады. Шашу үстінде басы жарылып, көзі іссе де ешкім ренжімеуге тиіс. Әйелдер шашудан соң «құда тартуға» белсене кіріседі. Қонақтарға жеке‑жеке талап қойып, біріне ән салдырса, екіншісіне күй тартқызып, үшіншісіне жұмбақ шештіріп, жаңылтпаш  айттырады. Талапты орындай алмағандар тиісті жазаларын алады. Бірінің басына құрым қалпақ кигізіп, бетіне күйе, ұн, балшық жағады. Енді бірінің үстіне суық су құйып, өгізге теріс мінгізеді. Жетісуда құданы төрт тағандап тұрғызып қойып, үстіне мінген алты әйелді есіктен төрге, төрден есікке дейін апаруын талап ететін ойыны «алты қатын жортақай» деп аталады. Немесе Солтүстік Қазақстанда құдаларын өгізге теріс мінгізумен қатар, арбаға жегуде болған. Бұл кеште қаншама қиын, қисынсыз талап қойылса да, құдалар мойын ұсынып, артын әзіл‑күлкіге бұрып, тапқырлық көрсете білулері керек. Құда тарту салтының өзегінде ойын‑сауық, таң‑тамашаға құмарлықпен қатар, қарсы жақтың мінез‑құлықтарын санау, жіті танысып, етене жақындасу үлгісі жатыр.

Құда түсу тойы аяқталған соң, киіттің үлкенін жігіттің әкесіне кигізіп, өзгелеріне жолының үлкендігіне қарай ат мінгізіп, түйе жетектетіп, риза қылып шығарып салады.

Есік‑төр көрсету тойы. «Сыйға сый, сыраға бал» демекші, ендігі кезекте жігіт жағы құдаларын «есік‑төр көріп кетіңдер» деп қарсы тойға шақырады. Есік‑төр көрсету тойының мақсаты – қалыңдық жағынан келген құдаларды күйеудің ағайын‑туғандары, ел‑жұрты, бақ‑дәулетімен таныстыру.Әдетте, қыз жағынан келетін құдалар саны құрығанда 1-2 адам артықболып келеді. Бұл тойда да негізінен қыз үйінде жасалған кәделер қайталанғанмен, жігіт жағы кешірімді болып көнбестік көрсетуі шарт. Той аяқталысымен жігіт әкесі қалыңмалдың алғашқы бөлігін бөліп береді. «Өлі‑тірілердің сауап‑саулығы үшін» деп күйеу әкесі «өлі‑тірісіне» бір мал қосады. Халық түсінігінде егер «өлі‑тірісі» берілмесе, келін ауру болып қалады‑мыс деген сенім бар.

Тілімізде құда‑жекжат, құжандалыққа қатысты қалыптасқан туыстық атау, термин сөздер молынан ұшырасады. Осы тұста құдалардың түрлеріне байланысты ғана кейбір атауларды қысқаша түсіндіре кетелік.

Құда – күйеу мен қалыңдықтың аталары мен әкелері, аға‑інілері мен туған‑туыстары.

Құдағи – қарама‑қарсы жақтың шешелері, апалары.

Бел құда – туылмаған (белдегі) балаға ниет қылысқан құдалар. Құданың бұл түрі ел ішінде «қызылдай құда», «қарын құда», «құрсақ құда» деп те аталады.

Бесік құда – ұлы мен қызын бесіктегі кезінде атастырған құдалар. Кейбір өлкелерде «бесік кертпе құда», «бесік кертті құда» делінеді.

Қарсы құда – бір‑бірімен қыз алысып, қыз беріскен, қат‑қабат құдалар.

Жанама құда – бас құданың жанына еріп келген жора‑жолдастары т.б.

Жігіт әкесі қалыңмалды түгел немесе жартылай төлеп болған соң, ұлын қалыңдығымен кездестірудің қамын ойластырын, бұл ниетін құдасына білдіреді. Құдасынан хабар алған соң ұлының жанына 5-6 жора‑жолдасын қосып, «ілуге» деп бір бөлек сыйлық дайындап, «есік ашар» үшін бірнеше мал айдатып, жыртыс пен түрлі кәделерге арналған мата мен орамал, сақина мен сырға, жамбы мен күміс теңгелер, басқа да ұсақ‑түйек сый‑сыяпаттарды жеке қоржынға артып беріп, оларды қайын жұртына аттандырады.

Ұрын той. Күйеу баланың ресми қалыңдығымен кездесуге баруын «ұрын бару», осыған орай ұйымдастырылған той‑думан «ұрын той» деп аталады. Тойдың мақсаты – бірін‑бірі сағынған екі жасты оңаша кездестіру, еркін сырласып, махаббат жайлы сыр шертуге мүмкіндік туғызады.

Олардың келе жатқан хабарын ести сала, кексе әйелдер күйеу балаға арнайы үй тігуге кіріседі. Күйеу бала алдынан қарсылай шыққан қыздың жас жеңгелеріне 20-30 аршын мата – «ентікпесін» береді, үй тіккен әйелдерге «шатыр байғазысын», балдызын көргені үшін «балдыз көрімдігін» сыйлайды. Қыз әкесі күйеудің жолдастарын өз үйіне қонақ қылады. Қыз әкесінің босағасын аттасымен күйеу жолдас тіпті босағаға «ілу» іліп, түрлі сыйлықтарын ретінше таратып береді. Ауыл үлкендеріне көрінбей, қыз‑келіншектердің ортасында отырған күйеу балаға қайын атасының дастарқанынан төс салынған дәстүрлі табақ таратылған кезде, ол иіліп тағзым етіп, турап таратады да, «төс салар» кәдесін береді.

Бұл кеште ауыл жастары күйеудің келу құрметіне «қынаменде» деп аталатын ойын‑сауық ұйымдастырады. Түн ортасына дейін ән айтылып, түрлі ойындар ойналады.

Ертесінде күн ұзаққа ән шырқалып, күй тартылып, күрес, алтын қабақ, ат жарыстары өткізіліп, «қыз қашар» тойы тойланады. Күйеу бала «қыз қашарға» бір жорға не қымбат жағалы киім байлайды. Қыз қашар тойының рәсімі бойынша кешқұрым киіз үйдің керегесі көшеді. Түн ортасы ауа айтысушы жігіттер екіге бөлініп, бірі қалыңдықты тартып әкетпек болып, екіншілері бойжеткендерді бермеуге тырысып, тартыс ойын ұйымдастырады. Қалыңдықты күшпен ала алмайтындығына көздері жеткен жігіт жағы заттай не ақшалай төлемін төлейді де қызды қызды кілемге отырғызып, әкесінің үйіне енгізеді.

Тартыс кезінде бойжеткеннің бір жеңгесі күйеуді жасырын қайын атасының үйіне шақырып келеді де, осы қызмет үшін «күйеу қашырарын» алады. Оған қосымша күйеу бала қалыңдығымен кездескенше төмендегідей ырымдарды орындап, кәделерін үлестіреді; атасының желісінің жанынан өте бере «желі тартар», үйге жақындай бергенде, жүресінен отыра қалып, ит болып ырылдаған жеңгесіне «ит ырылдатар», үйді айнала бере күйеу алдына бақан тастаған тағы бір жеңгесіне «бақан салар» ‑ жорға не түйе береді. От орнына жеткенше күйеу жігіт аруақтарға, отағасы мен қыз шешесіне арнап үш рет иіліп тәжім етеді. Сол сәтте ауылдың үлкен апасы оған отқа бір қасық май құйғызады. Лап ете түскен от қызуына алақандарын тосып, «Киіз үйдің иесі, жанған оттың иесі, Ұмай Ана риза болсын!», «Оттай опалы бол!» деп, алдымен маңдайына, одан соң төстеріне тигізу ырымын істейді. Ізеттілікке риза болған қыз шешесі алладан амандық сұрап, күйеу балаға алғыс‑тілектерін білдіріп, бір кесе ақ ұсынады.

Осы сәтте қалыңдықтың төсегінің алдына өтірік өлген болып жатып алған бір кемпірді «кемпір өлді» кәдесін беріп, тірілтіп алады.

Сонымен бірге бойжеткеннің жеңгелері шымылдық ашқанына «шымылдық ашар», төсек салғанда «төсек салар, қалыңдығының қолын ұстатқанына «қол ұстатар», құшақтағанына «қыз құшақтатар», шаш сипатқанына «шаш сипар», көрпе жапқанына «көрпе қимылдатар» кәделерін алады да, күйеу бала мен қалыңдық екеуін оңаша қалдырады.

Күйеу балаларымен жақынырақ танысу үшін қыз туыстарының бірі ұрын тойдың үшінші күні барлығын шақырып, қонақ қылады. Ел арасындаосы шақырған үй «болыс үй», ал оның берген қонақкәдесі «болыс той» делінеді. Әдетте болыс тойға қалыңдық пен күйеу салтанатты күймемен, ал бозбалалар көңілдері қалаған бір‑бір бойжеткенді алдарына мінгестіріп, думандатып келеді. Болыс үйде түрлі ұлттық ойындар ойналып, жастар қауымы өнер жарыстырып, сауық‑сайран құрысып, таң ата тарқасады. Осылайша бірін‑бірі сағынып қауышқан екі жастың кездесер уақытының мол болуына және оңашада бас қосқан жастардың емін‑еркін ойнап‑күлуіне жағдай туғызу үшін болыс той өткізілетініне куә боламыз.

Ұрын той аяқталған соң қыз үйі күйеу баланы жол‑жоралғысымен аттандырып салады. Қайын атасы күйеу баласына жүйрік, жора‑жолдастарына бір‑бір ат мінгізеді. Жігіт жағының бос қалған қоржынын түрлі кәделерге арналған сый‑сыяпаттармен лық толтырады. Бұл сыйлықтар «қап түбі» деп аталған. «Жеңгелерім мен қайын сіңлілеріме» деп қалыңдығы сақина, білезік, жүзік, сығалар түйілген орамал береді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қыздың жеңгелері мен тойшы жастар қоршаған күйеу ауылдан жаяулап шығады.

Ұрын той өткеннен кейін күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесіп тұруына ешкім кедергі келтірмейді. Бірақ екі жас оңаша қаншама ойнап‑күлгенмен, ақ некелі түнге дейін абыройын сақтап, адалдықтың ала жібін аттап өтпейді.

Бұдан соң жігіттің әкесі қалыңмал берудің қамына, ал қыз жағы қалыңдықтың жасауын дайындауға кіріседі.

Қалыңмал. Қалыңмал төлеу кейбір зерттеушілердің түсіндіріп жүргеніндей, қызды сатып алу үшін берілетін құн емес, керісінше, қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс‑берістеріне жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем. Дәстүрлі қалыңмал мынадай бөлімдерден тұрады:

Бас жақсы – түзу мылтық, бөрік сауыт, қашса құтылатын, қуса жететін бір сәйгүлік, малдығы артық бір түйе. Немесе олардың әрқайсысының орнына 5 ірі қарадан – 20 жылқы беріледі.

Қара мал – қалыңмалдың ең өзекті бөлімі. Ірі қара саны бір жиырмадан бес жиырмаға дейін (21-25 жылқы) барады.

Ілу – қызын тәрбиелегені үшін ұрын барғанда берілетін кәде. Егер ілуге көп қаражат жұмсалса, тиісінше қара мал саны азайтылады.

Той малы – қыз ұзату тойына сойысқа апарылатын мал, жыртыс және қалыңдық жасауының шығыны. Той малы 20-70 бас жылқыға дейін жетеді.

Сүт ақы – қалыңдықтың анасына берілетін  1-7 түйе.

Жігіт түйе – қыз әкесінің ата күшіне төленетін ақы. Бұған 2 түйе және міндетті түрде күйедің жақсы сырт киімі мен ер‑тұрманы беріледі.

Сондай‑ақ қалыңмалдың он шақты қарадан аспай, кедейлер ортасында жүретін « дөңгелек қалың», 10-15 ұсақ мал орнына бір тәуір жылқы беру ғұрпы – «балама қалың», әйелі өліп, орнына балдызын алғанда төленетін 27 ірі қара – «олқы қалың» секілді түрлері де болған.

Қалыңмалды бөлу үстінде жылқышылар «құрық бауға» бір мал, қойшылар «қосақ бауға» бір қой, бата оқыған көпшілік «келін тілі» деп бір мал бөліп алады. Халық арасында егер « келін тілін» бермесе, «түсер келін кекеш болып қалады» деген сенім бар.

Қорыта айтқанда, аты аталып, түсі түстелген қалыңмал түгелдей қыз үйіне бармайды, «қап түбі» қыз жасауы және басқа алыс‑беріспен кері қайтады.

Жасау. Жасау – жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне шамалас, кейде онанда асып түсетін, ұзатылған қызға міндетті түрде берілетін мал‑мүлік.

Тарихи деректерде ұзатар қызына жасатқан ақ отауы сәндігі жағынан хан‑сұлтандардың ордасынан асып түсетін және отауы ерекше салтанатты болсын деп маңдайшасын борлатып, керегелерін оюлату үшін бар малын жұмсап, кедейленіп қалғандардың да болғаны туралы мәліметтер кездеседі.

Жасау жаңа отау құрған екі жас үшін ең қажетті мынадай мал‑мүліктерден тұрады: ақ отау, төсек‑орын, киім‑кимешек, құрал‑жабдық, қару‑жарақ, жүйрік ат, сойыс мал және әр түрлі ірілі‑ұсақты сыйлық бұйымдар. Егер қазақ жұртының жасауына кіретін кейбір дүние‑мүліктерін таратып айтар болсақ, отауға – екі жүзік, екі туырлық, бір түндік; қару‑жараққа – ер‑тұрман, садақ (түзу мылтық), берік сауыт, қалқан, берен қылыш, ыдыс‑аяққа ‑ қазан­‑ошақ, астау, шара, шөміш, ожау, күбі, келі, кебеже, асадал, қасық, құмған, саба, торсық, үрген қарын т.б., көрпе‑төсекке – ағаш төсек, құс төсек, көрпе‑жастық, бірнеше ет көрпе, төсеніш көрпе т.б., төсенішке – бірнеше текемет, сырмақ, еткиіз, 4-5 алаша, 2-3 кілем, т.б., киім‑кешекке – арқайсысы тоғыз‑тоғыздан тон, ішек, көйлек‑көншек, шапан т.б., құрал‑жабдықтарға балта, шот, балға, төс, шапқы, түрпі, ара, ине, талыс, үскі, сапсалғы, біз, сыдырғы, мәкі т.б. жататындығын көреміз.

«Қалынсыз қыз болсада, кәдесіз той болмайд» демекші, қалыңдықтың туған‑туысқандары қызын ешқашан жасаусыз үйінен шығармаған. Себебі, қызына жасау беру – ата‑ананың мойнындағы бірінші борышы болып есептеледі.

Қыз ұзату тойы. Құдалар бәтуласқансоң‑ақ қыздың барлық туған‑туысқандары жиналып, ұзату тойының қамына қызу кіріседі. Той басталарға екі‑үш күн қалғанда бес‑алты жолдасымен сүт ақысы, той малы, жыртысы мен түрлі кәделерге арналған мал‑мүліктерін алып, артынып‑тартынып күйеу келеді. Бір топ қыз­‑келіншек олардың алдынан шығып, ауыл сыртынан қарсы алады. Жездесінің атын жетектеп келіп, кермеге байлағаны үшін балдызы маталай «ат байлар» сыйлығын алады. Күйеу бала жолдастарымен оңаша отауға түсіріледі.

Рәсім бойынша, күйеу келген соң, қыз әкесі үйінің артынан қалыңдық пен жігітке арналған ақ отау тігіледі. Ақ отауды тігу үстінде мынадай дәстүрлі ырымдар орындалады. Отау тігер алдында «Тәңір қолдасын!» деп бір мал сояды. Бұл рәсім – «құдай жолы» делінеді. Отау тігуге сол ауылдың үбірлі‑шүбірлі кейуаналары қатысып, керегесін кергені үшін күйеу баладан «кереге керер» кәдесін алады. Әдетте шаңырақты (жігіт әкелген) жасы бкл ортадан асқан, елге сыйлы сол ауылдың кәрі күйеуіне ырымдап көтерткізеді, ол «шаңырақ көтереріне» бір ат мінеді. Сонымен бірге күйеу жігіт отаудың уығын шаншығанда «уық шаншар», туырлығын жапқанда «туырлық жабар», түндігін жапқанда «түндік жабар», бау‑шуын тартқанда «бау‑шшу байлар» кәделерін үлестіреді. Ақ отау әбден тігіліп болған соң, әйелдер құдалардан «отау байғазысын» алады. Тігілген ақ отауға ең алдымен қалыңдықты кіргізеді. Ол үйдің сол жақ босағасына барып, оң аяғымен жерді бір теуіп, далаға қайта шығады. «Бұл отаудың иесі біз боламыз» деген ишаратты білдіреді, осы әдетті күйеу бала да қайталайды.  Үй тігісімен аналар «құдай жолына» сойған малдың етін міндетті түрде жаңа отудың ішінде жеулері шарт. Сүйегіне тіс тимей мүжілген қойдың омыртқасын әйелдер күйеуге ұсынады. Жігіт оны жібек орамалға орап, ақ отаудың шаңырағынан сыртқа лақтыруы керек, ал мойын ұсынған әйел «мойын ұсынарым» деп, жібек орамалды өзі алады. Бұл «ақ отаудың босағасы берік болып, түтін түзу шықсын» деген ырымды білдіреді.

«Тойдың беті – дастарқан» демекші, оның мейлінше берекелі әрі дайындаған тағамдардың дәмді болуы үшін той жасаушылар бар өнерлерін салып, тырысып‑ақ бағады. Әдетте той шығынын қыздың туған‑туысқандары мен ел‑жұрты жабыла көтерісетін болғандықтан шартарапқа хабар салынады. Тойдың барынша қызықты өтуі үшін той иесі төңірекке аты мәлім өнер адамдарын – ақындар мен әншілерді, сал‑серілер мен жыршыларды, билер мен шешендерді, батырлар мен балуандарды, атпыраштар мен құсбегілерді, есепшілер мен құмалақшыларды түгел шақырады. Олармен жүзбе –жүз көрісіп, өнерін қызықтау ел үшін бір тамаша ғанибет болса, той иесі үшін үлкен абырой. «Байлық – қолдың кірі», «Бай – бір жұттық» деп есептеушілер той біткен соң берілер баға, айтылар сын, даңқ‑дақпыртқа қатты көңіл қойған.

Келетін қонақтардың жолы, жасы, дәрежесіне қарай арнайы қонақ үйлер тігіліп, ас сақтайтын шошолар дайындалады. Кімнің қай үйге түсетініне әбден қанық күтушілер бекітіліп, әр үйге лық толы емізіктелген саба қойылады. Сегіз қырлы бір сырлы той басқаратын тойаба мен сыбағалы табақ жасайтын асба сайланады; айтыс пен бәйге, күрес пен көкпар ұымдастырушылар белгіленеді. Тойдың ойдағыдай өтуі осыларға байланысты болғандықтан реніш туып, арты дау‑дамайға айналмас үшін той берушілер бұл жағын мұқият ескереді.

Қыз ұзату тойы басталардан екі‑үш күн бұрын жан‑жаққа шақырушылар жіберіледі, ал алыс жақтағы ағайындар екі‑үш ай бұрын хабардар болады. Жетісу елінде үстіне әдемі киім іліп, басына қалыңдықтың сәукелесін киіп, қоңыраулы күміс ер‑тоқымды жорға мініп, қыз жеңесі шақырған.

Ауылдың өнерлі жастары ымырт түсісімен‑ақ киіз үйдің іргесін түріп тастап, қыздар іште, жігіттер сыртта тұрып, қызу айтысты бастап жібереді. Жеңілген жақ уақ‑түйектен бір тоғыз төлеп, түн ортасы ауа тарқасады.

«Той десе, қу бас та домалайды» демекші, ертесіне ат жалын тартып мінген жастан еңкейен кәріге дейін тойлы ауылға жиналады. Қымыз ішіліп, сыбағалы табақтар тартылған соң, кезек балуандар күресіне беріледі. Күрес арты көкпарға ұласып, кешке таман түрлі өнердің тингі ағытылады. Жастар таң атқанша ойын‑сауық құрады. «Балтам тап», «Хан», «Көрші», «Мыршым» секілді ойындар ойналады.

Келесі күнгі ең қызық тамаша – ат бәйгесі. Бәйгеге қосылған аттар шаң бергенше тойға жиналған жұрт арқан тартысып, қыз қуысып, жамбы атысып, балаларды күрестіріп, жаяу жарыстырып мәре‑сәре болады, жеңімпаздар жүлделерін алысады. Қазақтың қай тойында болмасын жүлденің төресіне аты жүйріктер ие ғой!.. Бірінші бәйгеге түйе бастаған тоғыз, екіншіге ат бастаған тоғыз, кейінгілерге жай тоғыз... беріледі.

Кешқұрым ақ отау алдына «Жар‑жар» айтатын қыз‑жігіттер жиналады. Бір жігіт бастап, қажет жерінде жігіттер тобы қостап, жауап сөзді құрбылары қостаған қалыңдықтың өзі қатады. Осылайша жат жерге кетіп бара жатқан бойжеткен құлын‑тайдай тебісіп өскен құрбыларымен қимай қоштасса, жігіттер жағы «үлгілі, әдепті боп, қайын ене, қайын атанды сыйла, туған аулыңа сөз келтірме», ‑ деп наздарын айтады. Қалыңдықпен күйеуді қаумалаған жастар «жар‑жардан» соң ауыл сыртына шығып, алтыбақан теуіп, «ақсүйек», «айгөлек» ойнап, думандатып, түн ортасы ауа тарқасады.

Соңғы күні ұзатылар қыз үй‑үйді аралап жүріп, ел‑жұртымен қоштасады. Бұған қыз туыстары дайындалып, әрқайсысы өз дастарқанынан дәм тартқызады. Әр үйдің от‑орнымен қоштасып, көп болса, көпсінбей, аз болса қомсынбай берген сыйлықтарын көзіндей көріп жүру үшін алатын бұл салт ел ішінде «танысу деп аталады. Мәселен, Батыс Қазақстанда танысатын қалыңдықты кілемге отырғызып көтеріп аралату дәстүрі болған.

Ұзату тойы өткен соң жақын‑жуықтарын қыз үйіне шақырып, дәстүр бойынша қыздың жасауын көрсетеді. Жасауға ризашылық білдірген құдаларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізеді. Болашақ отаудың көшер көлігі, сауып ішер сиыры мен биесі де қыз жасауының құрамына кіреді. Сойыс малы бір‑бір жарым жылға мөлшерлеп береді. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша ұзатылған қыз әке малынан әр түлік бойынша «мал құты» деп есептелетін бір‑бір мал, сондай‑ақ әке мүлкінен түзу мылтық, берен сауыт қалауына болады. Дәстүр бойынша, қызы не сұраса да әкесі бетін қайтармайды. Бас құданың рұқсатымен қыз жасауы буылып, түйіледі. Әр теңнін арасына әйелдерге арналған кіші‑гірім «тең шешер» сыйлықтары салынады.

Қыз аттанарда қимас ата‑анасы, туған‑туыстары, қасиетті ел‑жұрты, атамекен, құрбы‑құрдастармен қоштасып, «сыңсу» айтады.

Аттанар алдында қызға күштеп сәукелесін кигізеді. Қалыңдық пен күйеуге күміс ер тұрманды, үкіленіп қызыл шұғамен жабуланған жорғалар, қыз шешесіне жайлы көлік дайындалады. Ертеде арба үстіне ақ қайыңнан өрілген ақ отауда орнатқан.

Аттанған қызды жаяу ұзатып салған қыз‑келіншектер қоштасар сәтте у‑шу болып, жылап айырылысады. Қалыңдық көшіне қыз шешесі, екі жеңгесі және қосшы жігіт ереді. Жолшыбай жолыққан ауылдар ұзату көшінің алдынан шығып, шашу шашып, қонақ қылып аттандырып салады. Күйеу ауылына жақындаған сәтте серіктерінің бірі сүйінші сұрауға тұра шабады.

Келін түсіру тойы. Ауыл әйелдері жасаулы көштің алдынан шашу шашып қарсы алады. Кімде‑кім көш бастар түйенің бұйдасын қабылдап алып, ауылға жетектеп енсе, «мұрындық апа» атанып, тиісті сыйлығын алады. Ауыл адамдары дереу жүкті түсіріп, ақ отауды тігуге кіріседі. Әдетте ақ отау күйеу әксі үйінің оң жағына тігіледі. Мұнда да отаудың шаңырағын көтеруге балалы‑шағалы, төңірекке жақсы атағы жайылған салиқалы ана таңдлады. Отау тігіліп болысымен түрлі жиһаздар шығарылып, жайнатып жиналады. Осы кезде бір жеңгесімен ауыл шетіне атынан түсіп, хабар күтіп тұрған келіннің алдынан ауылдың қыз‑келіншектері шымылдық алып шығады. Бет‑жүзі үлкендерге көрсетілмей, шымылдықпен бүркемеленген келінді алдымен қайын атасының үйіне кіргізеді. Ұлы шаңырақтың босағасынан оң аяғымен аттасымен тізесін бүгіп, үш рет сәлем берген келініне атасы «Көп жаса, қарағым!» деп батасын береді. Содан соң жас келінді ошақ жанындағы жұмсақ тулақ‑баспаққа отырғызады. Бұл «жаңа түскен келіннің мінезі де иеленген тулақтай жұмсақ, биязы болсын» деген ырым. Ошақтағы отқа май құйған жас келі: «От Ана, Май Ана, шапағатыңды тигізе көр, жарылқа!» ‑ дейді. Ал қалыңдықты қоршаған әйелдер қолдарын отқа қыздырып, «Оттай опалы бол!» ‑ деп оның маңдайына тигізеді.

Осы рәсімдер аяқталған соң жас келінді ақ отауға әкеледі. Күйеу шешсі шашу шашып, оң аяғымен табалдырық аттаған жас келінді сол жаққа тігілген шымылдық ішіне отырғызады. Қарсы алушы қыз‑келіншектерге қыз шешесі күміс білезік, сақина, жүзік, сырға, алқа, түрлі маржан тастар үлестіріледі.

Қонақтарға табақ тартылып, ақсақалдар бата оқыған сар табақтан ақ отауға сыбаға (үлпершек) жібергенде, жас келін оны сәлем етіп қабылдайды. Ауыл адамдарымен жаңа түскен келінді таныстыру үшін «беташар» басталады. Беташар айтатын жігіт әркімді танытырып тұрып, «Бір сәлем» дегенде, келін тәжім етіп, ақын желектің төменгі ұшын шыбықпен көтеріп қалып, оны жұртқа көрсетеді. Бет ашышуға келінді сүйеп тұрған қыз жеңгесі мен жігіт жеңгесіне жібек көйлек, биқасап шапан кигізеді. Беташардан соң ауыл жастары түнімен ойын‑сауық жасап, думанды кеш құрады. Ертеңіне «келін түсіру тойы» жасалады. Тойбастардың бірлен айтылып, той ашылу тұсы болмаса, келін түсіру тойы негізінен қыз ұзату тойымен бірдей өткізіледі.

Үйлен тойының ең бір жауапты кезі – қыз бен жігіттің некесін қию. Күміс жүзік, сақина және садақ жебесі салынған сырлы тостағанға су құйылып, молданың алдынғы жайылған ақ шүберекке қояды. Неках (неке) дұғасын оқыған молда «Бәленше қызы түгеншені әйелдікке алуға риза ма екен күйеу жігіт?» деп тостағанды алдына отырған жігітке ұсынады.

Куә, куә, куәдірміз,

Куәлікке жүрәдірміз

Таңда, хақ алдында

Ақ куәлігін бередүрміз, ‑

деп ант берген үш жігіт күйеуге барып, «Бәленшенің қызы түгеншені әйелдікке алуға ризасыз ба?» деп тостағанды ұсынады. Күйеу жігіт тостағандағы судан бір рет ұрттап, ризашылығын білдіреді, қайтып береді. Осы ретпен қыздың ризашылығы да сұралып, неке суы ішіледі. Ең соныңда тостағандағы судан әкесі, бас құда, куәлікк жүрген үш жігіт бір‑бір ұрттап молдаға қайтарады. Некенің берік болуы … Продолжение »

Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Архив записей
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0