Меню сайта
Форма входа
Поиск

«Қазақ әдебиеті» газетінің №6 санында қазақы дүниетанымға көз жүгіртіп жүрген азаматқа ой салар «Ақпанның ақ түтегі» ме...» деген материал шыққан екен. Иә, қазақы танымнан ада қалған, өз­де­рін «журналистпін» дейтін талайлар «Үркерді» – «Бикеш» деп атағаны сияқты, қазақтың Сары аязын «Крещенские морозы» деп, ілдебайлап жүр. Зәулім-зәулім ағаштардың арасынан аспан әле­мі­нің алақандай тұсын ғана сыға­лап көріп, ғұмыр сүрген орыс Ал­тын Ордаға бас игеннен кейін ға­на Ұлы Даланы көріп, Алтын Орда жұртының жұлдызды аспан, жыл-он екі ай туралы ұғымына таңқалып, енді өзінше тырбанған. Түсініктерінің тарлықтарынан жылдың әр мезгіліне өздерінше Иван купала, Ильин день, Рождество деп ат таққан. Әлемді әлемнің құбылыстарына байланысты таны­ған Қазақ елі табиғаттың әр құ­былысы – аязы, бораны, жауын-ша­шыны, аптап ыстығына табиғат­тың өзіне тән атау берген. (Бір материалға мұның бәрі сыймас, оқырманнан тілек болып, газеттегілер қажет деп санаса Қа­зақ­тың жыл – он екі айы, Жұл­дызды аспан атаулары, он екі айда болар амалдар туралы жеке-жеке материал беруге болады. Осыны сонау 22 – 23 жасымызда санамызға сіңірген саяси лагерьде 33 жыл бойы отырған Құнанбай Бей­сенұлына мәңгі қарыздармын).

Автор Орынбай Ошанов бүгінгі ай атауларының дұрыс еместігін атап көрсеткен екен. Бұған тәнті­міз. Бұл туралы өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазғаны­мызды «академиядағы мүйізі қарағайдай шалдар тулайды» деп газеттер баспай қойғаны бар. 1957 жылғы алғашқы «Қаз ССР тарихында» жарық көрген күнтізбенің осы күнгі нұсқасы ғылыми тал­қылау­дан өтпегенін жазды О.­О­ш­а­­­нов. Қазаққа қазақтың сөзін айтқызбай қойған заман еді, енді неге түземеске деген сөз көкейге тіреледі. 

Ұлы Дала жұртының аспан әлемі туралы түсінігін жазған әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнның, Н.А.Куфтиннің, Ш.Уәлиханов, В.В.Радловтың, М.Исқақовтың еңбектерін де зерделедік. 1954 жы­лы жарық көрген «Орысша-қа­зақ­ша сөздікте» профессор Н.Сау­­ран­баев декабрь айын «ақпан», январь айын «қаңтар» деп атаған. Бұл халық ұғымына дәл келеді. Ұлы жазушы М.Әуезов те декабрь айын «ақпан» деп атап жазған. М.Исқақов та ақпан «жыл­дың ең соңғы айы» дегенін оқыдық.

Автор «ақпан ай аты емес – амал» деп, сәл қателікке кеткен екен. Енді, амал жоқ, сол айдағы амалға тоқталайық. Қазақ халқы жыл – он екі айда болатын амал­дар­дың көпшілігін Үркер шоқ- жұл­дызымен байланыстыр­ған. Үркер толғағы, Үркер шырқауы, Үр­кер аууы, Үркердің жамбасқа тү­суі, Үркердің батуы деген күн­дер­дің бәрі құбылысқа толы. Үр­кердің сол жамбасқа келуі ақ­пан­ның (декабрь) 4-5 күндері болатын алғашқы аяз Қырбастың қызы­лына дәл келсе, Үркердің дәл төбеге қарай біртіндеп шыр­қай көтерілуі – Қыс шілдесі деп аталатын Сары Аязға дәл. Үркер­дің тас төбеге шығуы Қаңтар (ян­варь) айының 10-ы мен 25-інің ара­сы. Бұл күнді орыстар ғылыми еш дә­ле­лі болмаса да Исаның ту­ға­ны «Рождество» деп атап жүр. Қазақ­тың нағыз Сары Аязы – осы.
«Ақпан ақырып келеді» дегені Қырбастың қызылы болса, «Ақ­пан­ның ақ түтегі» деген осы ақ­пан (декабрь) айының он жетісі мен жиырма үшінің арасында бір апта бойы көз аштырмай соғатын «Те­ке бұрқыл» атты даланың атақты бораны. Осы боранды күндері Ар­қар­лар жұптасып, Сәуір айы­ның аяғына қарай төлдеп бітеді. Қазақ есепшілері «Теке бұрқылдың» қай күнінде боран­ның аса қатты болатынын да «Ақыраптың алты» күніндегі есеп­пен дәл шығарып отырған. Есейдің есепшісінің ақпанның пәленінші күні ат құла­ғы көрін­бесе ақ түтек болады деге­ніне сенбегендердің малы жолда қы­рыл­­ғанын жұрт күні бүгінге дейін айтады.

«Екі ағайынды», «Ақпан-тоқ­пан», «Қазыбек наурызы» деген ай атаулары Ұлы Даланы мекен еткен халықтың даланың әр тұсында болатын жағдайларына байланысты қойған жергілікті атаулары. Жыл – он екі айдың әр мезгілінде күн­діз-түні мал бағып, жұлдызды аспан мен табиғаттың бірде дүлей, бірде тамылжыған құбылысын қалт етпей баққан қазақ ай атауларын сол табиғатпен тілдестіре атап, оған жеке адамдардың есімін кірістіре қоймаған.

Автор «Қытайдың жуы» деген­ді де амал есебінде кіргізіпті. Та­би­ғаты бізден алыс жатқан Қытай жерінің ауа-райының құбылысы Алтай мен Еділдің арасында жат­қан қазақ даласына тіпті де кел­мей­ді. Осы қытайға еліктемей, қай «жу­дан» болса да алыс жүр­геніміз дұрыс болар. Қырғыз­дың «мүйіз аяз», «киіз аяз» деген атауы ұқсас болғанымен, дені бөлек. Қазақ Үркер оң жамбасқа түсіп (бұл осы күнгі наурыздың 8-9 арасы) тол­қыма өткеннен кейінгі шақта «Түс­ке дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деп атайды. Қырғыздың «кем­пір аяз» дегені қазақ атауларында кездеспейді. 

Осы мақалада тағы бір кеткен қателік «тоғысу» туралы. Автор тоғысу Ай мен Қамбар жұлдызы­ның қиылысып өтуінен деген екен. Негізі тоғыс есебі Үркер мен Айдың бір күні көктің бір тұсына дәл орналасу есебінен жүргізілген. Бір тоғыс Мамыр айының 17-сі кү­ні­не шамалас. Онан әрі «үш тоғыс», «бес тоғыс», «жеті тоғыс», «тоғыз то­ғыс» болып әрмен қарай кете береді. 

Мақалада «Үт амалы жиырмасында кіріп 25-інде шығады» деген бар екен. Бірақ қалам иесі бұл Үттің не екеніне бажайлап тоқта­мап­ты. Бірақ онан арғы бір тұста «Үт-саудагер» – дегенді келтіріпті. Дұрысында Үт – айдың аты. Оны кей­біреулер парсынын «худ» деген сөзінен шыққан десіп жүр. Бұл да қазақы танымнан адасып қал­ға­ны­мыздың бір көрінісі. Үт – қаң­тар­дан кейінгі ай. Айдың атауы да қазақы дүниетанымда жатыр. Осы айда терезеден түскен сәуледе, үй- іші қаншама таза болса да, қолға ұстатпайтын, тек көзге ғана көрі­не­тін өте ұсақ ақ ұшқын қалықтап жүреді. Ақты сүт дейтін халық осы ақ ұшқынды «үт» деп атаған. Қол­дағы кей малдың төлдей бастайтын тұсы да осы ай. Еуропа халқы «балық­тар» деп атайтын, Көнек жұлдызынан кейінгі шашыранды жұлдызды да қазақ «Үт» деп атаған. Европаға еліктеп зодиактағы сол жұлдыз шоғын да «балықтар» деп жүрміз, дұрысы – «Үт».

О.Ошанов жазғандай «өлкесі бөлек, ділімізге, дінімізге жат Ресей­дің» орысының қалың ор­ман­ның арасынан аспанның ала­қан­дай тұсын ғана сығалап көріп, адасып жүріп, ауа-райының әр құбылысына әулие-сымақ­тары­ның атын қойғаны бізге жат. Шоқындыру мақсатында бір аязды «крещенские» десе, біз оған неге еліктеуге тиіспіз. Қазақ – мұ­сылман, шоқыну элементін сы­на­лап кіргізуге жол беруге болмайды. Табиғаттың тылсым күшінің атауын қазақ сол табиғатпен тілдестіре атаған. Қазіргі қаңтар­дың орта тұсында болатын аяздың атауы – «Сары Аяз».

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы. 

 

Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
Архив записей
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0