Меню сайта
Форма входа
Поиск

Ұлы шаңырақ

Ұлы шаңырақ

Қазақ ұлтының киіз үй мәдениетінің тарихы біршама арыдан бастау алады. Тігуге, жығуға және көшіруге қолайлы мұндай киіз үй қазақтың кейінгі 2000 жылдан асатын тарихының «Тасқа айналған ескерткіші» дерлік. Тарихи жазбаларға сүйенсек, қазақ ұлтының арғы тектерінің бірі – үйсіндер, міне осы киіз үйде отырған. Б.з.б 105 жылы Үйсін күнбиіне ұзатылған Хан династиясының Шижүн ханшасы «Аққу әні» деген өлеңінде:

«… Дөңгелек үй, туырлық там орнына, Ет жеп, айран ішеді ас-суына…» – деп жазады. Киіз үй қазақтың дәстүрлі үй үлгісі баламасымен-ақ жұртшылықтың өндіріс және тіршілін болмысын аян етіп, қазақ ұлты өмірінің мәйегін шоғырландырған, күшті нышандық және терең мәдениеттік мән алады.

Киіз үйді жабдықтарының кемелділігіне және жағдайдың қажетіне қарай, қазақтар керегенің басын қосып, туырлық жауып «итарқа» тігеді; уықтардың басын қосып жерге шаншып, қаламын шаңырақтағы ұясына сұғып, есік салмай «Абылайша» тігеді; кереге мен уықтан шаңырақсыз «жаппа тігеді» және екі үйді қосақтап, «қосақ үй» тігеді; жоғарғы бөлегін жатын үйге, төменгі бөлегін ас үйге арнап «қабат үй» де тігеді.

Үй тігу

Үй тігу

Киіз үйдің сүйегі кереге, уық, шаңырақ, есіктерден құралып, бау-басқұрлармен, яғни басқұр, құр, таңғыш, шалма (иық бау), белдеулер арқылы біріктіріліп таңылады. Оның сыртынан шым ши немесе ақ ши тұтылып, киіз әбзелдерімен – туырлық, үзік, түндік, киіз есік сықылдылармен жабылады. Сондай-ақ киіз үйдің қаңқасы желбақан, салма қазық, уық қазықтарымен орнықтырылады. Киіз үй жоғарғы және төменгі бөлектерге бөлінеді. Төменгі бөлегі шеңбер доңгелек пішінді келеді, ал жоғарғы бөлегі күмбезше келеді. Шеңберше бөлегін құрайтын керегелер сұрыпталып, бедерленген тал-теректен, бір-біріне қайшылай сәйкестіріліп, таспа мен түйіледі. Қырық басты, елу басты керегелер бір-біріне сағанағы арқылы кірістіріліп көктеледі. Кереге басының саны шаңырақ көзінің санына қарай белгіленеді. Ал, керегенің санына қарай, киіз үйлер 3-4 қанаттан 30 қанатқа дейін барады. Торкөз немесе желкөз болып торланатын бұл керегелер жиып-жазуға өте қолайлы. Керегелердің кеңдігі 3,2-3,5 м, биіктігі 1,5-1,7 м болады.

Ақ отау

Ақ отау

Киіз үйдің сүйегін шебер үйшілер арнаулы жасайды, материалы түгел жергілікті жерлерден алынады. Ағаш қаңқасы үйеңгі мен талдан жасалады, ал шым шилер нар шилерден таңдап алып тоқылады. Киіз үйдің ағаш есігі мен есіктің маңдайша, табалдырық, таяныш, жарма беттері самырсыннан шабылады. Тұтас киіз үйдің қаңқасы бір тал шегесіз, бір тал сынасыз тұрғызылады. Міне, бұл еңбекшіл қазақ халқының үй құрылысы өнері жағындағы еңбекшілдігін, ақыл-парасатын аңғартады.

Киіз үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін, керегенің сыртынан шым ши ұсталады. Шым ши ұзын-қысқалығы, жуан-жіңішкелігі бірдей шиден тоқылады. Үйдің екі босағасына ұсталатын шиді тоқуға баса мән беріледі, ши түрлі түсті боялған жүнмен оралып, салыстырмалы, сәйкесті, өрнектеліп тоқылады. Үйдің ішінде отырып қарағанда, өте тамаша көрініс береді. Шым ши сыртынан үзік пен туырлық жабылады, үзік пен туырлықтың баулары мықтап байланады. Киіз үйдің шаңырағының үстінен түндік жабады. түндік төртбұрышты келеді, бұрыш-бұрышында белдеуден байлайтын ұзын баулар болады. Әдетте, түндік жартылай ашық тұрады, түнде жабылады, жауын-шашын кездерінде тіреушпен көтеріп қояды.

Үй іші

Үй іші

Киіз үй іс жүзінде, көшіп-қонуға қолайлы келеді. Малшылар көктем, жаз, күз мезгілдерінде тынымсыз жұрт жаңалап, шөбі шүйгін, суы тұнық жерге қоныс аударып отырады. Киіз үйдің ерекшелігі оның тігіп-жығуға, артып жүруге қолайлылығы. Киіз үйді жығып, түйеге немесе өгізге артып, жаңа қонысқа жеткенде түсіріп, бірер сағаттың ішінде шаңырақты қайта көтеріп, орнығып отыра бересіз. Егер үйдің тігілген орны жайсыз болса, бірнеше жігіт көтеріп, таңдаған жерге қондыра салуға болады. Киіз үй көшіруге ыңғайлы ғана емес, ең маңыздысы берік, әрі жанға жайлы келеді. Киіз үйдің дөңгеленіп тігілетін себебі, бұл оның дауылдан, жауын-шашыннан қорғану, жер сілкінісінен сақтану мүмкіндігін асырады. Осы себептен де байтақ далада игеріп отырған шаруалар тосыннан тұрған сұрапыл дауыл, қарлы боранның соққысына төтеп беріп келген еді.

Көрші ауылдың көшуі

Көрші ауылдың көшуі

Киіз үйдің ауасы қашан да алмасы птұрады, тынысы кең әрі жарық болады. Киіз үй тігіп отыру жерді тоздырмайды, өсімдік жамылғыларын бүлдірмейді, осызаман адамдарының қоршаған ортаны қорғау тілегіне лайық келеді.

Жұртшылықтың киіз үйді «Ақ орда» деп атауы оның үлкендігіне ғана емес, қайта оның ақтығына, пәктігіне қаратылса керек. Киіз үйлер әсемдіктен сырт, тағы анағұрлым терең рухани мән алып жатады. Ол қазақ ұлтының объектив дүниеге деген танымының айналымдық, бірлік, кеңдік, ұйтқылық, теңдік, сыйластық жақтарында қайталанған танымдық білімге толы екенін аңғартады.

Үй іші

Үй іші

Қазақтар жөнінен бір киіз үй – бір мекен-жай. Қазақтар үшін, киіз үй бар мазмұнды қамтыған шағын «әлем». Ол жатын үй, қонақ күтетін жай ғана емес, оның үстіне өндіріспен шұғылданатын орын. Көктемгі мал төлдеген кезде киіз үй жас төлдерді күтетін «күтімхана» есепті; ал жаз күндері киіз үйден айран ұйытылып, саба пісіліп, құрт-май алынады да, ол сүт өнімдерінің өндіріс «цехына» айналады. Әсіресе, қыс мезгілінде, сыртқары жерде жел азынап, аяз қысып, ақ қар жамылып, көк мұз құрсанып жатса, үй іші көктем шуағына бөленгендей күй кешіп, қақаған аяз, қарлы бораннан сақтанатын «қорғанға» айналады. Киіз үй, әрі балалар сабақ оқитын, ойын-сауық құратын орын. Ал неке тойларында шырқалған асқақ ән әуені, ақын- өлеңшілердің айтысы, думанды ойын-күлкі киіз үйлердің шаңырағынан шалқып, сахараны шарлап кете барады.

Қайнар: “Көрші” журналы

 

Календарь
«  Сентябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930
Друзья сайта
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 4
    Гостей: 4
    Пользователей: 0